Нарық парқы не дейді?
80-ге жуық кәсіпорын қатысқан «Карьера START» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Болашақ мамандар жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, еңбек нарығындағы сұраныс пен кәсіби мүмкіндіктерді бағамдады.

Диплом алғаннан кейін жұмыс іздеу – әрбір жас маманның алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Ал, еңбек жолын әлі бастамаған студент үшін болашақ жұмыс берушімен ертерек танысып, мамандығына қатысты талаптарды білу де аса маңызды. Осы мақсатта Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде дәстүрлі «Карьера START» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Шараға түрлі салада қызмет атқаратын 80-ге жуық ұйым мен кәсіпорынның өкілдері қатысты. Жәрмеңке бакалавриаттың 3-5-курс студенттеріне, магистратура мен докторантура түлектеріне әлеуетті жұмыс берушілермен жүздесіп, бос жұмыс орындары туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Жәрмеңкенің ашылу салтанатында университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков, облыстың еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиев және кәсіпорын өкілдері сөз сөйледі. Олар білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтудың маңызын атап өтіп, инженерлік және ақпараттық технологиялар мамандарына сұраныстың жоғары екенін жеткізді. Жұмыс берушілер ұсынған мүмкіндіктер экономиканың бірнеше бағытын қамтыды. Атап айтқанда, тау-кен өндірісі, металлургия, машина жасау, энергетика, құрылыс, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар, қаржы, білім мен ғылым салаларының өкілдері қатысты.

Студенттерге бос жұмыс орындарын «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, KAZ Minerals Management, Eurasian Resources Group (ERG), «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Qaztehna» ЖШС, «Qarmet Machinery» ЖШС, SLB, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «BI-GROUP KRG» ЖШС секілді ірі компаниялар ұсынды.

Кәсіпорын өкілдерімен тікелей тілдесу жастарға жұмыс берушілердің талаптарын білуге, мансаптық өсу мүмкіндіктерін зерделеуге және еңбек нарығындағы бағыт-бағдарды айқындауға жол ашты. Қатысушылар алдын ала әңгімелесуден өтіп, жұмысқа орналасу мен өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Жәрмеңкеге тау-кен, сәулет-құрылыс, металлургия және машина жасау, инновациялық технологиялар, энергетика, автоматика және телекоммуникациялар, көлік, логистика және инженерлік экономика факультеттерінің білім алушылары қатысты.

«Карьера START» жәрмеңкесі университет пен кәсіпорындар арасындағы әріптестікті нығайтуға, түлектердің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуге және өңір мен ел экономикасына қажетті мамандар даярлауға бағытталған. Бұл – жастардың білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби ортаға нық қадам басуына жол ашатын маңызды алаң.

Алдағы уақытта мұндай бастамалар білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Білікті маман даярлау тек теориялық білім берумен шектелмейді, оның кәсіби ортаға бейімделуі мен тәжірибе жинақтауына да жағдай жасау қажет. Осы тұрғыдан алғанда, «Карьера START» секілді жәрмеңкелер жастардың өз мүмкіндігін танытуына, кәсіпорындардың келешек кадрлармен ерте байланыс орнатуына жол ашады.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Орталық Қазақстан»



