Халық Конституциясы

Заң үстемдігі – әділетті қоғамның тірегі

Заңға құрмет – мемлекеттің беріктігін, қоғамның кемелдігін айқындайтын басты өлшем. Әділет салтанат құрған жерде азаматтың құқығы қорғалып, елдің ертеңіне деген сенім нығаяды. Жаңа Конституция осы құндылықтарды одан әрі орнықтыруға құқықтық негіз қалады. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты Ата Заңда бекітілген ұстанымдарды күнделікті өмірде жүзеге асырумен сабақтасып жатыр.

Сурет Ақордадан

Жаңа Конституцияның қабылдануы елдің құқықтық дамуындағы маңызды кезең болды. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң алдындағы теңдік, мемлекеттік институттардың жауапкершілігі – қоғам өмірінде айрықша мәнге ие қағидаттар. Дегенмен заңның шынайы құдіреті оның қағаз бетінде жазылуымен емес, іс жүзінде орындалуымен өлшенеді. Сондықтан, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды облысында да нақты көрініс табуда. Мәселен, өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Қарағандыда ұйымдастырылған құқықтық жәрмеңкелерде азаматтар полиция қызметкерлерінен кеңес алса, жастарға арналған кездесулерде есірткі қылмысының алдын алу, киберқауіпсіздік және құқықтық жауапкершілік мәселелері қозғалды.
Әсіресе өскелең ұрпақтың құқықтық танымын кеңейтудің маңызы зор. Қарағандыда өткен «Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі» форумында жас буынның заңға құрметі, саналы таңдауы мен азаматтық жауапкершілігі кеңінен талқыланды. Мұндай шаралардың тағылымы терең. Өйткені заңды білетін ұрпақ өз құқығын қорғаумен қатар, өзгенің құқығына да құрметпен қарауды үйренеді.
Құқықтық мәдениет ең алдымен күнделікті қарым-қатынастан, қоғамдық тәртіпке деген жауапкершіліктен бастау алады. Қарағандыдай ірі өндірістік өңір үшін бұл ұстанымның маңызы тіпті айрықша. Еңбек қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау – құқық үстемдігінің нақты көріністері. Әр тұрғын өз құқығын біліп қана қоймай, қоғам алдындағы міндетін де терең сезінгенде ғана заң мен тәртіп өмір салтына айналады.
Түптеп келгенде, жаңа Конституция мен «Заң мен тәртіп» қағидатын тоғыстыратын ортақ мұрат – адам қадірін биіктету, әділеттілік пен қоғамдық жауапкершілікті орнықтыру. Құқықтық мемлекет құру тек заң қабылдаумен шектелмейді. Ол әр азаматтың адалдығынан, әр мекеменің ашықтығынан, әр шешімнің әділдігінен басталады.
Заң үстемдігі орныққан қоғамда сенім бекиді. Ал сенім бар жерде тұрақтылық пен өркендеудің іргетасы қаланады. Ендеше, Ата Заңның асыл мұратын күнделікті өмірдің бұлжымас қағидасына айналдыру – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Салтанат ІЛИЯШ
«Ortalyq Qazaqstan»

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button