АймақБас тақырып

Қарағандыда тау-кен және шахта құрылғыларын жөндейтін зауыт ашылды

Қарағандыда «Central Asia Mining Services» компаниясының тау-кен шахта жабдықтарын жөндеу және қалпына келтіру орталығы ашылды. Мұнда компания тау-кен шахта жабдықтарын жөндеумен, сервистік қызмет көрсетумен және оларды толық қалпына келтірумен айналысады. Ашылу салтанатына Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакаримов қатысып, жылы лебізін білдірді. Және іс-шара барысында компания Қарағанды жоғары политехникалық колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Суреттерді түсірген автор

Айта кетейік, бұл жоба тек Қарағанды өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның тау-кен өндіру саласы үшін аса маңызды. Қазіргі таңда тау-кен металлургия кешені ел ЖІӨ-нің 8 пайызын құрайды. Осы ретте Әлібек Молдакаримов өз сөзінде жаңа өндірістік алаңның ашылуын Қарағанды облысы үшін маңызды оқиға әрі өңірдегі тау-кен өнеркәсібінің сервистік инфрақұрылымын нығайтуға жасалған елеулі қадам екенін баса атап өтті.

– Біз үшін зауыттың заманауи өндірістік құзыреттерді дамытумен қатар, жергілікті колледждермен бірлесіп мамандарды оқытуға және даярлауға баса назар аударуы маңызды.
Мұндай жобалардың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті мамандардың кәсіби сервистік біліктілігін арттыруға және өңірде заманауи өнеркәсіптік экожүйені қалыптастыруға ықпал етеді. Біз Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, жергілікті мамандар мен кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын инвестициялар мен жобаларды одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді ол.

Аумағы 6 мың шаршы метрден асатын зауыт заманауи диагностикалық стендтермен жабдықталған. Мұнда тау-кен саласында қолданылатын техниканың барлық түріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Компания Caterpillar, Epiroc, Sandvik және Volvo сынды әлемдік жетекші өндірушілердің техникасына қызмет көрсетіп қана қоймай, осы брендтердің түпнұсқа қосалқы бөлшектерін жеткізеді.

– Бүгінде командамызда «Epiroc» және «Sandvik» сияқты халықаралық компаниялардан шыққан 50 техник маман еңбек етуде. Сонымен қатар, біздің қызметкерлер түйіндерді жөндеу және қалпына келтіру бойынша «Dana», «Kessler» сынды халықаралық сертификаттарға ие. Біздің басты мақсатымыз – тау-кен шахта жабдықтарына екінші өмір сыйлап, оны отандық мамандардың қолымен қайта түлету. Компаниямыз өткен жылдың қараша айында құрылды. Бірақ, мамандарымыздың тау-кен саласында жүргеніне 10 жылдан асты. Біздің негізгі тапсырыс берушілеріміз – Қазақстанның барлық тау-кен өндіру кәсіпорындары, соның ішінде флагмандық кәсіпорындар: «Казцинк», «ERG», «Kaz Minerals», «Kazakhmys» компаниясы. Біз Қарағанды облысын кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Бұл қала барлық тау-кен кәсіпорындарына бірдей қашықтықта орналасқан. Сондықтан, логистикалық тұрғыдан осы алаңды осы жерде ашу туралы шешім қабылданды, – деді «Central Asia Mining Services Company» компаниясының бас директоры Шолпан Медельбекова.

Ашылу салтанаты аясында компания Қарағанды жоғары политехникалық колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қос тарап колледж студенттеріне сапалы білім беру, соның ішінде CAMS зауытында өндірістік тәжірибеден өткізу туралы келісті.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button