Халық Конституциясы

Құқық қорғалған жерде қоғам қуатты

Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануы елдің саяси-құқықтық дамуындағы маңызды кезеңге айналды. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтуға бағытталған конституциялық өзгерістер қоғам өмірінің көптеген саласын қамтиды. Жаңа Ата Заң бұрынғы Конституцияның іргелі қағидаларын сақтай отырып, азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге, әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Бұл өзгерістер заң үстемдігін орнықтыруға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және әділетті қоғам қалыптастыруға берік құқықтық негіз қалайды.

Сурет Ақордадан

Кез келген мемлекеттің даму бағыты оның Конституциясында айқындалады. Ата Заң елдің саяси және құқықтық құрылымын белгілеп қана қоймай, мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаларын бекітеді. Сондықтан, конституциялық өзгерістердің маңызы ең алдымен адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуынан, мемлекеттік институттардың тиімділігінен және қоғамның әл-ауқатын арттыруға жасалған мүмкіндіктерден көрінеді.

1995 жылғы Конституция Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына, саяси тұрақтылықтың орнығуына және ұлттық құқықтық жүйенің дамуына берік негіз қалады. Онда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде танылды. Жаңа Конституция осы іргелі қағиданың сабақтастығын сақтай отырып, оны қазіргі қоғамдық қатынастар мен заман талабына сәйкес жаңа мазмұнмен толықтырады.

Егер бұрынғы Ата Заң тәуелсіз мемлекеттің институционалдық негіздерін қалыптастыруда айрықша рөл атқарса, жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге және қоғам мен билік арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.

Мұндағы басты ерекшелік – мемлекеттік институттардың қызметін адам мүддесімен тығыз байланыстыру. Яғни, мемлекеттің дамуы экономикалық көрсеткіштермен немесе басқару жүйесінің тиімділігімен ғана емес, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қаншалықты сенімді қорғалатынымен де бағаланады.

Бұл ұстаным мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі – заңның баршаға бірдей қолданылуы. Бұл қағида азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз етумен қатар, мемлекеттік институттардың қызметіне деген қоғамдық сенімді нығайтады.

Жаңа Конституция осы ұстанымды одан әрі дамытуға бағытталған. Заң үстемдігі орныққан қоғамда азаматтың мәселесі оның әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе жеке байланыстарына қарай емес, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес шешіледі. Мемлекеттік қызметтің негізгі өлшемі де осы – әрбір адамның заңды құқығы мен мүддесін құрметтеу.

Қоғамның цифрлық дамуы адам өмірінің барлық саласына өзгеріс әкелді. Бүгінде азаматтар мемлекеттік қызметтерді электронды форматта пайдаланады, қаржылық операцияларды мобильді қосымшалар арқылы жүргізеді, медициналық және білім беру қызметтеріне интернет арқылы қол жеткізеді. Бұл мүмкіндіктер уақытты үнемдеп, қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, жеке ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін де алдыңғы қатарға шығарды.

Жаңа Конституцияда дербес деректерді қорғауға айрықша мән берілуі – осы заман талабынан туындаған маңызды құқықтық қадам.

Азаматтың жеке сәйкестендіру деректері, қаржылық ақпараты, медициналық мәліметтері және өзге де жеке ақпараттары оның құқықтық қорғалуына жататын құндылықтар болып саналады.

Мұндай мәліметтердің заңсыз пайдаланылуына жол бермеу – жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты.

Конституциялық кепілдіктердің күшеюі дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге, ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін арттыруға және мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдардың жауапкершілігін нақтылауға құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың цифрлық қызметтерге деген сенімін арттыруға, электронды мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға және ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

Цифрлық технологиялар қоғам дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналған қазіргі кезеңде адамның жеке өмірі мен ақпараттық қауіпсіздігін қорғау мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып қала береді.

Осылайша, жаңа Конституция мемлекеттің құқықтық негіздерін заман талабына сай жетілдіріп, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру, азаматтардың жеке өмірі мен дербес деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – конституциялық жаңғырудың өзара сабақтас бағыттары. Бұл өзгерістердің басты құндылығы – әрбір азаматтың өз құқығының сенімді қорғалатынына деген сенімін нығайтуында. Өйткені қуатты мемлекеттің тірегі – заңға құрметпен қарайтын қоғам, ал әділетті қоғамның негізі – құқығы қорғалған азамат.

Салтанат ІЛИЯШ
«Ortalyq Qazaqstan»

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button