Қарағанды облысының креативті әлеуеті Астанада таныстырылады
17-18 қазанда Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында Қарағанды облысының шығармашылық әлеуетін таныстыруға арналған «CREATIVE AIMAQ» креативті жәрмеңкесі өтеді.

Іс-шараға 55-тен астам креатор, дизайнер, суретші, қолөнер шебері және шығармашылық индустрия өкілі қатысады.
Жәрмеңкеде өнер, дизайн, ұлттық қолөнер және цифрлық технологиялар саласындағы жұмыстар ұсынылады. Келушілер авторлық картиналармен, зергерлік бұйымдармен, ұлттық киімдер мен әшекейлермен, дизайнерлік топтамалармен, кілемдермен, керамикамен және қолдан жасалған бұйымдармен таныса алады. Сонымен қатар IT, жасанды интеллект және ұшқышсыз технологиялар саласындағы әзірлемелер, инклюзивті шығармашылық жобалар мен ұлттық музыкалық аспаптар таныстырылады.
Екі күндік бағдарлама аясында сән көрсетілімдері, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары, шығармашылық жобалардың таныстырылымдары және Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі ұжымдарының концерттері өтеді. Сондай-ақ суретші Қ. Куюковтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының таныстырылымы ұйымдастырылады.
Жәрмеңке қонақтары авторлық бұйымдарды сатып алып, шеберлермен жүздесіп, олардың жұмысымен жақынырақ таныса алады. Ал шеберлік сабақтары сәндік-қолданбалы өнердің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік береді.
«CREATIVE AIMAQ» жәрмеңкесі ұлттық дәстүрлер мен заманауи дизайнды, көркемдік идеялар мен технологиялық жаңалықтарды ұштастыра отырып, Қарағанды облысының шығармашылық индустриядағы мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруды көздейді.
Өтетін орны: Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2, Qazaq Creative Hub.
Уақыты: 17-18 қазан, сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



