Қарағандыда ауыл балалары арасында «Auyl sport – 2026» облыстық турнирі басталды
Қарағандыда ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдер арасында «Auyl sport – 2026» өңірлік турнирінің облыстық кезеңі басталды. Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бәсеке биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы додаға облыстың жеті ауданы да толық құраммен қатысып, спорттың жеті түрінен өзара мықтыны анықтамақ. Чемпионаттың ашылуына облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Ауыл жастарына жігер беріп, жас спортшыларға рухани демеу көрсету мақсатында жарысқа бірқатар спорт қайраткері арнайы келген. Басқарма басшысы өз сөзінде дүбірлі додаға арнайы ат басын бұрып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп жүрген спорт саңлақтарына алғыс білдірді. Сондай-ақ, олардың жастарға бағыт-бағдар беріп, спортқа деген қызығушылығын арттырудағы еңбегін атап өтті.

– Сіздерді бүгінде спорттағы ағаларыңыз қолдап келіп отыр. Олимпиада жүлдегерлері және әлем чемпиондары осы іс-шарамыздың құрметті қонақтары. Осындай жандардың жас спортшыларды қолдап келгені қуантады. Өздеріңіз де осы ауылдан шығып, олимпиада тұғырынан, әлем чемпионатынан көрініп жатырсыздар. Сол ағаларымыздың жолын жастарымызға берсін. Осындай жобаны ұйымдастырып жатқан халық қалаулысы қорына, барша атсалысқан азаматтарға да алғысым шексіз. Осы жерден де келешекте Олимпиада, Әлем чемпиондары шығатынына сенім мол! – деді Нұркен Қанатұлы.

Айта кетейік, аталған іс-шара ауылдық жерлердегі спорт қозғалысын дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және спортқа бейімі бар дарынды жасөспірімдерді анықтап, іріктеуге бағытталған. Жарыс спорттың жеті түрі бойынша ұйымдастырылады. Командалық сайыстарда қатысушылар футбол, волейбол және баскетболдан бақ сынаса, жекелей бәсекелерде үстел теннисі, шахмат, каратэ WKF, бокс және еркін күрестен өзара мықтыны анықтайды. Жарысқа спорт түрінің ерекшелігіне қарай 10-15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысады.

– Аудандар, ауылдар арасында спортты қолдап, осындай жарыстарды өткізгені әрине, өте жақсы. Себебі, ертеңгі кәсіби спортқа келетін спортшылардың бәрі сол жерден шығады. Онымен қоса, ауылдық өңірлерден шығатын жас балалардың көбісі үлкен спортқа ауысып, әрі қарай чемпион болады. Барлық чемпиондар жалпы негізі ауылдан шығады ғой, сөздің шынын керек. Өзіміз де ауылда туып-өстік. Спортпен шұғылдануды ауылдан бастап, одан әрі қарай облыстық деңгейде, республика деңгейіне шықтық. Ауыл жастарының арасынан осындай таланттарды іздеп, олардың спорттағы әлеуетін ашуға мүмкіндік беру – осындай жарыстардың басты маңыздылығының бірі. Мұндай бәсекелерден талай чемпионның түлеп шығатынына өз басым кәміл сенемін, – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Азия чемпионы, Әлем чемпионатының жүлдегері Абылайхан Жүсіпов.

Биылғы бәсекеге Қарқаралы ауданының баскетболдан ұлдар командасы тыңғылықты дайындықпен келген. Өткен жылы Бұқар жырау ауданында ұйымдастырылған «Auyl sport – 2025» облыстық турнирінде қарқаралылық жас спортшылар волейбол мен баскетболдан топ жарып, екі бірдей алтын жүлдені қанжығасына байлаған еді. Жеңіс жолын республикалық деңгейде жалғастырып, өңір намысын абыроймен қорғаған тәжірибелі команда биыл да дүбірлі додаға зор мақсатпен келіп отыр. Қарқаралының жас баскетболшылары былтырғы жетістігін қайталап, жеңіс тұғырынан көрінуді көздейді.
– Бұған дейін ауданда үлкен іріктеу турнирі өтті. Ұлдардан жеті және қыздардан бес команда жасақтап, өзара мықтыларды анықтадық. Биыл дайындығымыз керемет. Іріктеу турнирінде Абай ауданының командасын 54:50 есебімен жеңдік. Ауыл спортына соңғы екі жылда айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Аудандық спорттың қарқынды дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау септігін тигізуде. Әсіресе, ауыл спортын қаржыландыру мәселесі жақсарғаннан кейін, балалардың спортқа деген қызығушылығы арта түсті. Бұйырса, бұл жолы да барлық күш-жігерімізді саламыз. Былтыр республикада тәжірибе аз болғандықтан, жүлделі орындарға іліге алмадық. Дегенмен, бұл жолы қателіктерімізді саралап, дайындықты күшейттік. Егер сәттілік серік болса, биыл жүлделі орындардан көрінеміз деген үміттеміз, – деді Қарқаралы ауданы №2 мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бағлан Ахметов.
Жарыстың жеке және командалық есептегі жеңімпаздары мен жүлдегерлері I, II және III дәрежелі дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және «Халық» жеке қайырымдылық қорының бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
Облыстық кезеңнің жеңімпаздарына 3–7 қараша аралығында Астанада өтетін «Auyl sport – 2026» республикалық финалға жолдама беріледі.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



