Қарағандыда жылу беру жеті күнде аяқталды
Қарағандыда жылу беру маусымы штаттық режимде басталды. Қаладағы барлық аудандар мен тұрғын үйлерге жылу берілді. Бұл туралы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов мәлімдеді.

Қала басшысының айтуынша, биыл Қарағандының жылу жүйесіне толық қосылуы жеті күнде аяқталған. Бұған дейін қаланы жылу жүйесіне толық қосуға 15 күнге дейін уақыт кеткен.
Сонымен қатар кейбір үйлер мен пәтерлерде әлі де салқындық сезілетіні туралы тұрғындардан өтініштер түсіп жатқанын атап өтті.
«Себептері әртүрлі болуы мүмкін. Кей жерде жылу жүйесіндегі ауаны шығару қажет, енді бір жерде үйдің ішкі жүйесінде немесе жертөледе мәселе болуы ықтимал. Сондай-ақ жекелеген пәтерлердегі ақау немесе жөндеу жұмыстары әсер етуі мүмкін. Кей жағдайда үйді жылу жүйесіне қосуға қызмет көрсетуші ұйым әлі өтінім бермеген болуы мүмкін», – деп жазды Мейрам Кожухов.
Қала әкімі әрбір тұрғынның өтініші жеке қаралатынын жеткізді. Егер үйде жылу болмаса, тұрғындардан көшені, үй нөмірін, кіреберіс пен пәтер нөмірін нақты көрсету сұралады. Егер мәселе тек белгілі бір жылу құбырында немесе үйдің бір бөлігінде болса, оны да жазу қажет.
Әрбір өтініш КСК немесе ОСИ өкілдерімен және «Теплотранзиттің» реттеу қызметімен бірлесіп тексеріледі.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



