Жаңалықтар

Менің алғашқы әліппем – «Орталық Қазақстан»!

Адам жадында балалық шақтан қалған ерекше сәттер болады. Уақыт өткен сайын олардың кейбірі көмескіленгенімен, кейбірі керісінше қадірі артып, өмірбаянның кішкентай ғана, бірақ мағыналы белгісіне айналады.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мен үшін сондай бір ыстық естелік «Орталық Қазақстан» газетімен байланысты. Менің алғаш әріптерін қосып, тұтас оқыған сөзім «Орталық Қазақстан» деген газет атауы еді.

Сондықтан, бұл басылым мен үшін жай ғана газет емес. Бейнелеп айтсам, «Орталық Қазақстан» – менің алғашқы әліппем, сөз әлеміне жол ашқан тілashарым. Менің әдеби сөзге сапарым «Орталық Қазақстаннан» басталыпты.

Ал, бір адамның осындай шағын естелігінің ар жағында тұтас ұрпақтардың тарихы жатыр.

Тоқсан бес жыл бойы қаншама отбасының төрінде осы газет жатты. Қаншама адам оның бетінен ел жаңалығын оқыды. Біреу туған өлкесінің тынысын таныды, біреу жақсы жаңалыққа қуанды, енді біреу қоғамның мәселесіне ойланды. Қаншама жас журналист осы басылымда қаламын ұштады, қаншама қаламгердің сөзі оқырманымен осы газет арқылы табысты.

Сондықтан, 95 жыл – күнтізбедегі жай ғана мерзім емес, бұл – бірнеше ұрпақтың жады.

Осы тұрғыдан алғанда, «Орталық Қазақстан» – еліміздің қоғамдық ойы мен рухани өмірінің талай кезеңін бойына жинаған шежірелі басылым.

Баспасөздің ең үлкен капиталы – оқырманның сенімі.

«Орталық Қазақстанның» 95 жылдық ғұмыры да осындай сеніммен өлшенсе керек. Ұрпақтар ауысты, дәуірлер өзгерді, қоғамдық құндылықтар жаңарды. Ал, газет сол өзгерістердің ортасында өз оқырманымен бірге жасап келеді.

Қадірлі «Орталық Қазақстан» газетінің ардагерлері мен бүгінгі ұжымы!

Тоқсан бес жылдық мерейтойың құтты болсын!

Ғасырға бастар қадамың құтты болсын!

Әлихан БӘЙМЕНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
Астана мемлекеттік қызмет хабы
Басқарушы комитетінің төрағасы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button