Бас тақырыпЖаңалықтар

Тамыры терең тағылым

Әлімхан Ермеков көшесіндегі 10 қабатты «Баспа үйін» көрген сайын атамның ізі қалған қарашаңырақ деген ойдан жаным да, жүрегім де толқи жөнелетін. Қарағандымен қатар жасасып келе жатқандай болатын осы бір байырғы тарихи ғимарат мені магнитше тартатын еді. «Тамырыңның қайдан тамыр тартып тұрғанына үңіл!» дегендей бір дауыс. Қанша оқталсам да, жолым түспей қойған-ды.Бір күні сабақты ине сәтімен дегендей, арнайы келіп, ат басын бұрдым. Жүрегім толқып, табалдырығын жүрексіне, әрі асқан бір ыждаһатпен аттадым. «Атам Қайыркен Сұлтановтың қолтаңбасы қалған «Орталық Қазақстан» деген ойдың өзі-ақ жүйке-жұлынымды жағалап, көңілімнің көгершінін көкке өрлетті. Мына редакция, осынау газет маған қасиет қонған киедей көрінді. Түп тамырыма үңілдірген құштарлық детектетіп, қарашаңырақпен қауыштырды.Редакцияны аралап жүріп, редакторлар портреттерін тамашаладым. Редакцияның аурасы, энергетикасы тым-тым бөлек екенін сезіндім. Марқұм атамның журналистикаға арнаған бар ғұмырының 20 жылы «Орталық Қазақстанда» өткені – тарих.

Сурет отбасы мұрағатынан

1945 жылы, бар-жоғы 16 жастағы бозбала Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі қазақ журналистикасы бөліміне оқуға түскенінен өзін қазақ журналистикасына тұтастай арнады. Атам айтып отырар еді. Сол университетте қазақ журналистикасының алыбы Қалижан Бекхожиннен, қазақтың ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезовтен дәріс алғанын. Атамның ҚазМУ журналистикасының алғашқы түлектері екені де зор мақтаныш емес пе?

Атамның алғашқы еңбек жолы Көкшетау облыстық «Кокчетавская правда» газетінде басталып, сол өңірде біраз еңбек сіңірді. Оның дәлелі 1954 жылғы 25 желтоқсанда Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің Бас комитеті оны кіші күміс медальмен, содан соң екі жылдан кейін, 1956 жылғы 30 қарашада Мәскеудегі осы көрменің үлкен күміс медалімен марапатталуы.

Ал, 1957 жылғы 11 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Тың жерлерді игергені үшін» медалі табысталыпты. Мұның бәрінде журналистің ерен еңбегі бар.

Баспасөздегі тәжірибесі оны партиялық-ұйымдастырушылық жұмысқа да алып келді. Кейін Целиноградқа қоныс аударып, «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры» басылымдарында жауапты қызмет атқарды. Кеңес құрылысы, қоғамдық жұмыстар бөлімдерін басқарған екен. 1966 жылғы 20 шілдеде Қазақстан Журналистер одағының III Целиноград облыстық конференциясына делегат болып сайлануы да оның журналистік ортадағы беделін аңғартса керек.

Осы жылдарда қазақтың көрнекті қаламгерлері мен ғалымдарына жақындай түскен. Атам қазақтың біртуар арда азаматтарымен пікірлес, дос-жаран, сыйлас болғаны мен үшін зор мәртебе. Мәселен, Сәбит Мұқановтың тың өлкесіне сапарларына қатысып, кездесулерінен очерктер жазғанын мақтан тұта аламын.

Академик Әлкей Марғұлан жетекшілік еткен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының далалық жұмыстарына барып, көне Беғазы-Дәндібай мәдениетіне қатысты зерттеулердің куәсі болғаны да мен үшін үлкен дәреже. Қазақ театрының тарланы Серке Қожамқұловпен де шығармашылық байланысы атамның көкжиегінің кең, өресінің биіктігін аңғартады.

Бүгін сарғайған құжаттар мен ескі фотосуреттерге үңілгенде, атамның журналистикадағы сара һәм дара жолын аңғарамын. Ол тек күнделікті жаңалықты жазумен ғана шектелмеген. Ол – дәуірдің куәгері, куәсіне айналған. Кейде тарихшыдан бұрын жетіп, ғалымнан бұрын көріп, кейінгі ұрпаққа сол сәттің бояуын жоғалтпай, сол міндеттің салмағын жақсы сезінген қаламгер болғанын байқаймын.

1969 жылы атамның шығармашылық өміріндегі жаңа кезең басталыпты. Бұл кезең облыстың бас басылымы – «Орталық Қазақстан» газетімен тығыз байланысты. Мұнда аттай 20 жыл ғұмырын арнады.

Атамның қаламынан туған түрлі жанрдағы материалдары бүгінде сарғайған газет беттерінде. Атам өте ықтиятты, ұқыпты еді. Ұзақ жылғы журналистік жолында жазғандарын тиянақты жинап жүрді. Ол том-том кітапқа жүк рухани дүние бүгінде. Онда қарапайым ауыл адамы да, еңбек торысы да, ғалым да, академик те, кенші де бар. Тұтас өмір, бір дәуірдің толық тынысы бар.

Тағдырдың сан алуан тармағын атам қаламына арқау еткен екен. Бұл енді өз мамандығына адалдықтың айнымас дәлелі екені даусыз. Дәл осындай өз ісіне жан-тәнімен берілген адамдар ғана бүгінгі күннің берік негізін қалап кеткені анық.

Аяулы әжеміз Шәмшіқамар Байғабұлова да газетке бөтендігі жоқ. Ол «Орталық Қазақстан» газетінің корректура бюросында ұзақ жыл еңбек етті. Газеттің қатесіз шығуына жауапты болды. Сондықтан да, біздің шаңырақ үшін «Орталық Қазақстан» өміріміздің ажырамас бөлігіне осылай айналып кеткен-ді.

Атам небәрі 61 жасында өмірден өтті. Соңында 7 баласы қалды. Бүгінде олар ақарлы-шақарлы отбасы. Атамның бұл күні 11 немересі, 15 шөбересі атын өшірмей келеді.

Қаламы қарымды, таланты мен талабы зор атамның Арқа журналистикасына берері мол еді, әттең… Дегенмен, соңында өшпес мұра, сарқылмас қазына қалдырғаны шүбәсіз.

Арқа журналистикасында, «Орталық Қазақстан» газетінің тарихында атамның да есімі өзінің тұстас, қатарластарымен қатар аталып, жас ұрпақтың жадында үнемі жаңғырып тұрарына сенгім келеді. Өйткені, кешесіз бүгін жоқ. Ал, бүгіннің іргетасын бекем еткеннің арасында атам бар.

«Ortalyq Qazaqstan» газетіне ризашылықпен немерелері, шөберелері атынан
Ғалым СҰЛТАНОВ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button