Бас тақырыпЖаңалықтар

«Мінезді газеттің» мінсіз миссиясы

Мерзімді басылымдарға (газет-журналдар) деген қоғам мен оқырман сенімі сетіней бастағанын жасыра алмаймыз. Ақпараттың таралу жылдамдығы адам ойының жылдамдығынан асып түсті. Әлеуметтік желілер ақпараттық шекараны жойып, маржан сөз арзан ойға жол берді. Шынтуайтында мерзімді баспасөздің ақпарат тарату шапшаңдығы жағынан жаңа медиамен бәсекелесе алмайтын кемшілігі мойындалды.
Дегенмен, ойлы оқырманның сұранысы мен талғамы дәстүрлі құндылықтардан бас тарта қойған жоқ. Бүгінгі цифрлық технология дәуірінде бәрі өзгеріп жатыр. Талап та, талғам да өзгерді. Ал, сөздің құны ешқашан өзгермейді. Сонымен қатар, дәстүрлі баспасөздің күні өте қоймағанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бүгінгі таңда газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр» деген ой-тұжырымынан аңғаруға болады.

Коллажды жасаған Арайлым КОКТАЕВА

95 жыл бойы сөзге, сөз бостандығына, аға буын қалыптастырған дәстүрге деген адалдығынан айнымаған «Ortalyq Qazaqstan» газеті де өзінің ғасырға жуық тарихында өткенінен ұялып, ертеңінен түңілетін күйге түскен жоқ. Бүгін де Президент айтқандай, қайта өрлеу дәуіріне аршынды қадам басып барады.

95 жыл!

Адам ғұмырымен бағамдағанға – мәреге жақындаған тағдыр иесінің тағылымды жолы. Ал, газет үшін – елдің тағдырымен, қоғамның тынысымен, ұлттың ой-санасымен біте қайнасып, бірге тыныстаған ғаламат ғақлия. Тұтас бір дәуірдің үні, шежіресі.

…1931 жылдың 4 қазаны. Осыдан дәл 95 жыл бұрын Қарағанды көмір бассейнінің үнпарағы болып, теміржол бойындағы вагонда жазылып, вагонда қатталған «Орталықтың» алғашқы сандарында жер қойнауынан өндірілген көмірдің салмағы, өндірістік көрсеткіштер мен кеншілердің ауыр еңбегі бедерленген-ді. Содан бері жүгі жеңілдеген кезі болмапты.

Газеттің тағдыры – қазыналы Қарағандының тағдырымен тамырлас. Бір кезде шахта шыңырауынан үн қатса, тағы бір сәтте егін алқабындағы диқандардың, өрістегі малшының сөзін сөйледі. ҚарЛАГ-тың тар қапасына да қамалып, жендеттің нысанасына іліккен кездері болған. Газеттің өзі емес, әрине. Алғашқы редакторларының бірі атылып, енді бірі айдалып жатқанда, қарапайым оқырман «Ortalyq Qazaqstan» газетінің беттеріндегі ащы ақиқат, өткір мінезді жазбай танып отырған.

Газеттің атауы үш рет өзгерді. Алғашқы саны «Қарағанды пролетариаты» болып жарық көрген байырғы басылым 1938 жылы «Советтік Қарағанды», 1963 жылдан бастап бүгінгі «Орталық Қазақстан» атауымен оқырманға жол тартты. Алайда, атауы өзгергенмен, газеттің ақиқатшыл болмысы, елмен бірге болу миссиясы өзгерген жоқ.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

«Орталықтың» тарихы – терең, дәстүрі – бай. Бұл дәстүр сөз зергерлері Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, ұлттық публицистиканың жарық жұлдызы Саттар Ерубаевтардың қаламымен қалыптасып, бертіндегі Бейсенғали Тәйкіманов, Сейфолла Оспанов, Рамазан Сағымбеков, Тілеухан Жүсіпов, Рымқұл Сүлейменов, Нұрмахан Оразбеков, Зарқын Тайшыбай, Мағауия Сембай сынды қалам қайраткерлерінің баптауымен бізге жетті. Рух жоқшысы Ақселеу Сейдімбектің күй болып күмбірлеген қолтаңбасымен ұлттық рухты көкке көтерген басылымда көсемсөздің көксемсері Нұрмахан Оразбеков «Иә, бұл – төңкеріс!» деп Кеңес Одағы басшыларының олақ әрекетін әшкерелесе, Алаш жырының ақтаңкері Серік Ақсұңқарұлы алдаспандай жарқылдады. Академик Ебіней Бөкетов пен жазушы Жайық Бектұровтың қанатты қаламдары найзадай көкке шаншылып, найзағай намыстың сөзін сөйледі.

Түпнұсқасы КГБ-ның жертөлесінде сақталған Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанын алғаш жариялаған «Орталық» баспасөз баһадүрі Нұрмахан Оразбековтің басшылығы тұсында газет маңдайшасындағы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген коммунистік ұранды тәрк етіп, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген ұлттық ұранды Одақ басылымдары арасында бірінші болып жарқ еткізген. Бұл Кеңес Одағы тарамаған, Компартия биліктен кетпеген 1990 жыл болатын.

Міне, осындай батылдығы үшін біздің газетті қазақтың ХХ ғасырдағы зиялылары «Мінезді газет» атап кеткен. Аға буын айтуға үлгермеген ақиқат, басылымның ежелден қалыптасқан өткір мінезі «Орталықтың» бүгінгі жастарының қаламының ұшында жүр.

Газетке қойылатын ең зор талап – осы. Сөзді мың құбылтып қолдануға, тотыдай түрлендіруге болатын шығар. Бұл – қаламгер шеберлігіне сүйенетін тәсіл. Ал, шындықты, жауапкершілікті, сенімді түрлендіру мүмкін емес.

Аймақ ақпаратының авангардына айналған «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің құрамындағы бүгінгі «Орталықтың» ұстанымы – шындыққа көлеңке, жауапкершілікке кіреуке, сенімге селкеу түсірмеу.

Ғасырлық белеске «Енді не айтуымыз керек?» деген сауалмен беттеп барамыз. Өйткені, заман өзгерді. Оқырман өзгерді. Ақпаратты қабылдау тәсілі өзгерді. Бірақ, «Мінезді газеттің» мінсіз миссиясы жалғаса береді.

Мерейтой құтты болсын, ардагер ағалар, әріптестер, ойлы оқырман!

Ерсін МҰСАБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button