Жаңалықтар

Бейбіт атом: қауіпсіздік және даму перспективалары

Қазақстан атом өнеркәсібін дамытуда ядролық қауіпсіздік пен бейбіт атомды пайдалану тәжірибесіне сүйенеді. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин айтты.

Сурет Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінен

2026 жылғы сәуірде Президент Жарлығымен 2050 жылға дейінгі Атом саласын дамыту стратегиясы бекітілді. Құжатта атом энергетикасын, ядролық ғылым мен технологияларды, радиациялық қауіпсіздікті, радиоактивті қалдықтарды басқаруды және кадр даярлауды дамыту көзделген.

Ғұмар Серғазиннің айтуынша, атом саласындағы басты басымдық – ядролық және радиациялық қауіпсіздік. Бұл бағытта міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілеу, лицензиялау және мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесі жұмыс істейді.

Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін Курчатовта Ұлттық ядролық орталық құрылып, аумақты радиациялық зерттеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұрынғы полигон аумағының 54,5%-ы қауіпсіз деп танылса, 45,5%-ы радиациялық қауіпті аймаққа жатады.

Курчатов бүгінде Қазақстанның атом ғылымындағы негізгі орталықтардың бірі саналады. Қалада ядролық физика, реакторлық технологиялар, радиациялық қауіпсіздік және радиоэкология бағыттарында зерттеулер жүргізіледі.

Атом энергетикасы бағытында Балқаш АЭС жобасы бойынша да жұмыстар жалғасуда. Жоба аясында жалпы қуаты шамамен 2400 МВт болатын III+ буынның екі энергоблогын салу жоспарланған. Қазіргі кезеңде ядролық инфрақұрылымды дамытуға, кадр даярлауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.

Қазақстан атом саласында МАГАТЭ және шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты жалғастыруда. Негізгі бағыттар – ядролық қауіпсіздік, ғылыми зерттеулер, технологиялар және мамандар даярлау.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button