Жәрмеңкеде өнім таңдағанда тағам қауіпсіздігін ұмытпаңыз
Күзгі жәрмеңкелер – жаңа жиналған көкөністер мен жемістерді, сондай-ақ жергілікті өндірушілердің өнімдерін сатып алуға қолайлы мүмкіндік. Алайда азық-түлік сатып алғанда оның сыртқы түріне ғана емес, сатылу және сақтау жағдайларына да назар аударған маңызды. Себебі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы ішек инфекцияларының таралуына себеп болуы мүмкін.

Өнімді сатып алғанда неге мән берген жөн?
Ең алдымен, сенімді сатушылар мен сауда орындарын таңдаңыз. Өнімдердің белгіленген талаптарға сай сақталуына және дайындалуына жағдай жасалған сауда орындарына басымдық берген дұрыс.
Сауда орнының тазалығына назар аударыңыз. Сөрелер мен сауда үстелдері таза болуы, ал дайын өнімдер ашық қалмай, тиісті қаптамада сақталуы қажет.
Сүт, ет және балық өнімдерін шығу тегі белгісіз немесе тексерілмеген өндірушілерден сатып алмаңыз. Мұндай өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне көз жеткізу қиын.
Сатып алынған азық-түлікті үйге жеткізу кезінде де қауіпсіздік талаптарын сақтаған жөн. Әсіресе тез бұзылатын өнімдерді тасымалдау үшін жылу оқшаулағыш контейнерлерді пайдалануға болады. Үйге келген соң өнімдерді ұзақ уақыт бөлме температурасында қалдырмай, мүмкіндігінше тез арада тоңазытқышқа орналастыру қажет.
Үй жағдайында қандай талаптарды сақтау керек?
Көкөністер мен жемістерді тұтынар алдында ағынды судың астында мұқият жуыңыз. Мүмкіндік болса, қайнаған сумен шайып алуға болады.
Дайын тағамдарды ұзақ уақыт бөлме температурасында қалдырмаған жөн. Оларды ыстық күйінде ұсыну немесе тиісті температуралық жағдайда сақтау қажет.
Балаларға, қарт адамдарға және созылмалы аурулары бар адамдарға шикі немесе жеткілікті деңгейде термиялық өңдеуден өтпеген тағамдарды тұтынудан бас тартқан дұрыс. Бұл санаттағы адамдарда тағам арқылы берілетін инфекциялардың асқыну қаупі жоғары болуы мүмкін.
Ауру белгілері байқалса
Ішек инфекциялары кезінде жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін. Осындай белгілер байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу дәрігерге жүгіну қажет.
Адам толық сауығып кеткенге дейін басқа адамдарға тамақ дайындамағаны дұрыс. Ал егер аурудың белгілі бір тағам өнімін тұтынумен байланысты болуы мүмкін деген күдік болса, бұл туралы аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына хабарлау қажет.
Юрий ЗАЛЫГИН
Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы



