Азиада-2026: Қазақстанның туы көтерілді
Жапонияның Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарына қатысатын мемлекеттердің тулары салтанатты түрде көтерілді.

Қазақстан делегациясын ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев бастап барды.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан делегациясы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің өкілдерімен естелік сыйлықтар алмасты. Сондай-ақ делегация мүшелері Қазақстанның Азиадаға қатысуын есте қалдыру мақсатында Garden Pier аумағына ағаш отырғызды.

ХХ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтеді. Аичи мен Нагояда өтетін жарыстар 4 қазанға дейін жалғасады.

Биылғы Азия ойындарында Қазақстан намысын 559 спортшы қорғайды. Елдің Мемлекеттік туын ашылу салтанатында дзюдошы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама спортшысы Сарвиноз Миркадирова ұстап шығады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



