Қарағанды облысында «Құрметті азамат» атағын беру тәртібі өзгерді
Қарағанды облысында «Құрметті азамат» атағын беру тәртібі өзгерді. Енді атақ жыл сайын емес, екі жылда бір рет беріліп, бір кезеңде 10 адамға дейін марапаттала алады.

Жаңа қағидаларды облыстық мәслихат депутаттары кезекті XXXVII сессиясында бекітті.
«Құрметті азамат» атағы өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан, қоғамдық және кәсіби қызметте ерекшеленген азаматтарға беріледі. Кандидатураны ұжымдық түрде ұсыну қажет. Өзін-өзі ұсынуға жол берілмейді. Әкімдер кандидат ұсына алады, бірақ бұл мүмкіндік төтенше жағдайлар мен апаттардың салдарын жоюға көрсеткен көмегі үшін ғана қарастырылған.
Атақ Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ Қарағанды облысында кемінде 10 жыл еңбек еткен шетел азаматтарына берілуі мүмкін.
Марапат кәсіби және азаматтық борышын орындаудағы ерлігі, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі жетістіктері, қайырымдылыққа қосқан үлесі, сондай-ақ спорт, мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға қосқан еңбегі үшін беріледі. Этносаралық келісім мен қоғамдық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан азаматтар да атаққа ұсыныла алады.
Қағидаларда атақты қайтыс болғаннан кейін беру тәртібі де қарастырылған. Бұл жағдайда марапат ел мүддесін қорғау немесе адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін берілуі мүмкін.
Сонымен қатар облыс, қала немесе ауданның мерейтойлық даталарына орай тағы бес адамға дейін «Құрметті азамат» атағын беру мүмкіндігі қарастырылған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



