ЖаңалықтарРуханият

Ұстаздықтың биік белесінде

Профессор Жандос Смағұлов – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы өзіндік орны айқын, ұлттық руханияттың дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз. Саналы ғұмырын ғылым мен білім саласына, оның ішінде қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелерін зерттеуге арнаған ғалым биыл мерейлі жетпіс жасқа толып отыр. Қасиетті Ақтоғай топырағында, Арқаның асқары Ақсораңның баурайында дүниеге келген ғалымның өмір жолы мен ғылыми ізденісі – кейінгі буынға үлгі боларлық тағылымды жол.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қабырғасында ұзақ жылдар бойы табан аудармай еңбек еткен Жандос Қожахметұлы ұстаздық пен ғылымды қатар алып жүрген тұлға ретінде үлкен құрметке ие. Еңбек жолын ауыл мектебінен бастап, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры секілді жауапты қызметтерді атқарған ол кейін жоғары оқу орнында шәкірт тәрбиелеу ісіне бар күш-жігерін жұмсады. Ұстаздық қызметінде көптеген жас мамандардың қалыптасуына ықпал етіп, олардың ғылым мен білім жолындағы бағыт-бағдарын айқындауға елеулі еңбек сіңірді.

Қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, ұлттық сын тарихын терең зерттеген академик Тұрсынбек Кәкішұлы мектебінен тәлім алған Жандос Қожахметұлы ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихын жүйелі түрде зерделеп, әдеби мұра, сын тарихы және әдеби үдеріс мәселелерін терең зерттеуге өмірінің қомақты бөлігін арнады. Ғалымның ғылыми еңбектері қазақ әдебиеттануындағы маңызды бағыттардың қалыптасуына ықпал етіп, ұлттық сын тарихын зерттеудегі іргелі еңбектер қатарынан орын алды.

1986 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аспирантурасына қабылданып, академик Тұрсынбек Кәкішұлы жетекшілігімен «Қазақтың әдеби мұрасын игеру проблемалары» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Ұлттық әдебиеттану ғылымындағы аса өзекті мәселеге арналған бұл еңбегін ғалым 1993 жылы сәтті қорғап, ғылыми ортада жоғары бағаланған зерттеулердің біріне айналдырды. Аталған диссертациялық жұмыста қазақ әдеби мұрасын игеру бағытындағы ғылыми ой-пікірлер жүйеленіп, өткен ғасырдағы әдеби-зерттеушілік ізденістер ғылыми тұрғыдан сараланды. Зерттеуде қазақ әдебиетінің тарихын жасау, дәуірлеу мәселелері, әдеби-теориялық ой-пікірдің қалыптасуы және әдеби мұраны ғылыми игеру бағытындағы алғашқы ізденістер жан-жақты қарастырылды.

Сонымен қатар, ғалым сол кезеңде әдебиеттану ғылымында жаңаша бағалана бастаған Алаш қайраткерлерінің әдеби және ғылыми мұраларына терең назар аударып, олардың зерттеушілік тұжырымдарын ғылыми айналымға енгізуге елеулі үлес қосты. Әсіресе, Алаш зиялыларының ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасуындағы тарихи рөлін әділ бағалап, олардың ғылыми мұрасын жаңаша пайымдауға жол ашты. Ғалымның ғылыми пайымдары мен тұжырымдары кейінгі зерттеулерге бағыт-бағдар беріп, ұлттық әдебиеттанудағы тың көзқарастардың орнығуына ықпал етті.

Мысалы: «Ә.Бөкейханов қазақ әдебиеттану ғылымында классикалық мұраны игеруге алғашқы болып қалам тартқан, «Абайтану» деп аталатын үлкен жолдың соқпағын салған тұңғыш зерттеуші санау керек», – деген пікірді алғаш айтқан зерттеушілердің бірі екенін айтуымыз керек.

Кейіннен бұл бағыттағы ізденістерін тереңдете жалғастырып, «Қазақ әдебиеттану ғылымының туу және қалыптасу жолдары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Іргелі зерттеу еңбегінде ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихы, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің бастау арналары, қазақ әдебиеттануының туу және даму кезеңдері кең ауқымда ғылыми тұрғыдан зерделенді.

Ғалым ұлттық әдеби мұраны зерттеудегі бұрынғы тұжырымдарға жаңаша көзқарас қалыптастырып, тоталитарлық жүйенің әдебиет пен ғылымға тигізген ықпалын тарихи шындық тұрғысынан саралады. Сонымен бірге кеңестік кезеңдегі әдеби-зерттеушілік еңбектердің жетістіктері мен уақыт талабына сай қайта қарауды қажет ететін тұстарын ғылыми әділдікпен бағалап, әдебиеттану ғылымындағы объективті көзқарастың орнығуына өз үлесін қосты.

Ғалымның көпжылдық ғылыми ізденістерінің нәтижесінде қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған іргелі еңбектер дүниеге келді. Атап айтқанда, «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы», «Ұлттық әдебиеттану әлемі», «Бата сөздердің тағылымдық табиғаты», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы» атты ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған зерттеу еңбектері жарық көрді. Бұл еңбектер ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихын, теориялық негіздерін және рухани-мәдени сабақтастығын терең зерделеген құнды мұра ретінде танылды.

«Әдеби мұраны игеру проблемалары», «Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолдары», «А.Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттану терминдерінің негізін салушы» атты еңбектері студенттер мен жас зерттеушілер үшін құнды оқу құралдарының айналды. Сонымен қатар, Жандос Смағұлов Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы дайындаған «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (2008) атты ұжымдық іргелі еңбектің авторларының бірі ретінде ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихын жүйелеуге қомақты үлес қосты.

Ғалымның тарихи-танымдық және рухани сабақтастық сипатындағы «Тағылымға тағзым» және «Тарихтан тағылым» атты екі томдық зерттеу еңбектерінде қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымындағы көрнекті тұлғалардың шығармашылық мұрасы, ғылыми ұстанымдары мен әдеби-эстетикалық көзқарастары терең талданады. Бұл еңбектерде әдеби ортадағы тұлғалар болмысы мен ұлттық руханияттағы орны ғылыми әрі тағылымдық тұрғыдан сараланған.

Жандос Смағұлов еңбектері тұтас қазақ әдебиеттану ғылымының маңызды жетістіктерінің бірі ретінде бағаланады. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Айгүл Ісмақова: «Жандос Смағұлов Қарағандыда отырып-ақ, бір ғылыми институт атқаратын жұмысты жалғыз өзі атқарды» деген пікір білдіруі де ғалым еңбегінің ауқымы мен ғылыми қуатын танытады.

Ғалым зерттеулерінің басты құндылығы – ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы күрделі кезеңдерге тек ғылыми тұрғыдан ғана емес, тарихи шындық биігінен баға беруінде. Ол әдеби-зерттеушілік ой-пікірдің жетістіктері мен тоталитарлық жүйе ықпалынан туған қайшылықтарды объективті түрде саралап, ғылыми әділдік қағидасын берік ұстанды.

Жандос Қожахметұлының география ғылымдарының кандидаты, профессор Мұратхан Қожахметовпен бірлесіп жазған, 2021 жылы Қарағанды қаласында жарық көрген «Абыз дала, аңыз дала – Ақтоғай» атты тарихнамалық зерттеу еңбегі де ғылыми қауым назарын аударған тағылымды туындылардың бірі болды. Бұл еңбекте авторлар Тоқырауын өңірін мекендеген елдің өткені мен бүгінін тарихи сабақтастық тұрғысынан зерделеп, Ақтоғай жерінің шежірелі тарихын, рулық-тайпалық құрылымын, географиялық ерекшеліктерін, өңірден шыққан тарихи тұлғалардың өмір жолын кең көлемде қарастырған.

Еңбектің басты ерекшелігі – мұрағаттық деректер мен тарихи құжаттарды халық жадында сақталған аңыз-әңгімелермен, шежірелік деректермен сабақтастыра отырып пайымдауында.

Ұстаз өнегесін өмірлік бағдар еткен шәкірті Жандос Смағұловтың 2021 жылы Қарағанды қаласында жарық көрген Тұрсынбек Кәкішұлына арналған ғұмырнамалық зерттеуі де сыншы-ғалым тұлғасын терең танытуға қызмет еткен тағылымды еңбектердің бірі болды. Бұл зерттеуде ұстаздың ғылымдағы қайраткерлік болмысы, ұлттық әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегі мен азаматтық тұлғасы жан-жақты сараланып, кейінгі буынға өнеге боларлық рухани мұра ретінде бағаланады.

Ғалым қазақ әдебиеттануы мен сын тарихы саласында көптеген жас зерттеушілердің қалыптасуына жол ашып, олардың ғылымдағы алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар берді. Сонымен қатар, Қарағанды өңіріндегі жоғары оқу орындарында қызмет атқарып жүрген бірқатар ғалымдар мен оқытушылардың ғылыми ізденістеріне ағалық қолдау көрсетіп, өзіндік өмірлік жолдарын табуға қамқорлығын аямады.

Ғалым жетекшілігімен және ғылыми ықпалымен тәрбиеленген шәкірттер қатарында С.Жұмағұлов, А.Бабашов, С.Такиров, Қ.Қалыбекова, А.Жұмағұлов, К.Төлеубаева, Ж.Жұмагелдин, Б.Рахимбаева, А.Абдикадирова, Қ.Бажкеев секілді ұстаздар мен зерттеушілер бар. Олар әдебиеттану ғылымының тарихы, сынның ғылыми-әдіснамалық негіздері, сәкентану, сәбиттану, әдеби ағым мәселелері секілді өзекті бағыттар бойынша ғылыми жұмыстар жүргізіп, ұлттық ғылымның дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Саржан ТАКИРОВ,
академик Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды ұлттық
зерттеу университетінің
қауымдастырылған
профессоры, филология
ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button