Айтылды – ОрындалдыБілім

Тегін тамақ, тең мүмкіндік

Мемлекет басшысы білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде балаларды сапалы әрі қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар облыста да жүйелі түрде жалғасып, оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл өңірде 72 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды.

Суретті түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Баланың білім алуы үшін оның мектептегі қауіпсіздігі мен жайлы жағдайы ғана емес, дұрыс тамақтануы да маңызды. Сондықтан, мектептегі тамақтану жүйесін жетілдіру – әлеуметтік қолдаудың ғана емес, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен оқу үлгеріміне әсер ететін маңызды бағыттың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елімізде бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге басымдық беріліп, әлеуметтік осал санаттағы балаларға да мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

– 2026-2027 оқу жылында облыста 72 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Оның ішінде 67 мыңнан астамы – бастауыш сынып оқушылары, ал, 5 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттарға жататын жоғары сынып оқушылары. Бұл көрсеткіш мектеп жасындағы балаларды әлеуметтік қолдаудың маңызды тетіктің бірі қалыптасқанын көрсетеді. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының барлығын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ата-аналарға түсетін әлеуметтік және қаржылық салмақты азайтып, балалардың мектепте толыққанды тамақтануына мүмкіндік береді, – деді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Құндыз Мұхамеджан.

Тегін тамақтандыру жүйесі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды да қамтиды. Бұл ретте жоғары сынып оқушыларының тиісті санатқа жататыны ақпараттық жүйелер арқылы расталады. Балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат көлемінің ұлғаюы да осы бағытқа көрсетіліп отырған басымдықтың бір көрінісі.

2026 жылы Қарағанды облысында оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 8,3 млрд теңге бөлінді. Ал, 2025 жылы 7,6 млрд теңге бағытталған болатын. Осылайша, бір жыл ішінде тегін тамақтандыруға бөлінген қаржы 700 млн теңгеге артты.

Бюджет қаражатының өсуі балаларды тегін тамақпен қамту ауқымын сақтауға ғана емес, мектептердегі тамақтану жағдайын жақсартуға да мүмкіндік береді. Мектеп оқушылары үшін тегін тамақтың қолжетімді болуы ғана емес, оны ұйымдастыруға қажетті жағдайдың жасалуы да маңызды.

Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы 413 білім беру ұйымының барлығында тамақтану ұйымдастырылған. Яғни, өңірдегі білім беру ұйымдарының ешқайсысы бұл жүйеден тыс қалған жоқ. Мектептерде балаларды сапалы әрі қауіпсіз ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Тамақтану орындарының санитариялық талаптарға сәйкестігіне, ас дайындау технологиясының сақталуына және балаларға қызмет көрсету сапасына назар аударылады. Мектептегі тамақтану тек қарын тойдырумен шектелмейді. Баланың өсіп-жетілуіне қажетті тағамдық құндылықтардың қамтамасыз етілуі де маңызды.

Осыған байланысты оқушылардың тамақтануы денсаулық сақтау басқармасымен бекітілген перспективалық мәзірге сәйкес ұйымдастырылады. Мәзір әзірленген кезде балалардың жас ерекшеліктері, тағамның энергетикалық және тағамдық құндылығы, тәуліктік физиологиялық қажеттіліктері ескеріледі.

Күнделікті ас мәзірі бекітілген перспективалық мәзір негізінде қалыптастырылады. Тағамның құрамы мен мөлшері белгіленген санитариялық және тамақтану талаптарына сай болуы тиіс.

Ата-аналар үшін мектеп асханасындағы тағамның сапасы мен қауіпсіздігі маңызды мәселе. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында тамақтану сапасын бақылау жөніндегі комиссиялар мен бракераждық комиссиялар жұмыс істейді. Олар ас мәзірінің сақталуын, тағамның сапасы мен мөлшерін, пайдаланылатын өнімдердің сапасын, тағам дайындау технологиясын және санитариялық талаптардың орындалуын бақылайды.

Бақылау жүйесіне ата-аналар өкілдерінің де қатысуына мүмкіндік берілген. Мектеп асханаларының жұмысына қоғамдық бақылауды күшейтіп, ата-аналардың ұсыныстары мен ескертулерін ескеруге жол ашады.

Егер ата-аналар тарапынан мектептегі тамақтану сапасына қатысты шағым немесе ұсыныс түссе, шағым белгіленген тәртіппен қаралады. Қажет болған жағдайда тиісті тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылданады.

– Балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету ас мәзіріне ғана байланысты емес. Ол үшін асханалардың материалдық-техникалық базасы да талапқа сай болуы қажет. Осы бағытта аймақта білім беру нысандарының инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы 217 нысанда жөндеу жұмыстары атқарылды. Оның ішінде 18 мектепте күрделі жөндеу, 124 білім беру ұйымында жөндеу жүргізілген. Жөндеу кезінде асханалардың санитариялық және техникалық жағдайын жақсартуға, инженерлік жүйелерді ретке келтіруге және оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Сонымен бірге, мектеп асханаларын заманауи технологиялық жабдықтармен кезең-кезеңімен жарақтандыру жұмыстары жалғасуда, – деді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Құндыз Мұхамеджан.

Мектеп оқушысының қай жерде білім алатынына қарамастан, оның сапалы тамақтануға құқығы бірдей. Ауыл және қала мектептеріндегі оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптар да ортақ.

Өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында балаларды қауіпсіз, сапалы әрі теңгерімді ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жағдай жасалған. Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары да осы міндетпен сабақтас жүргізіледі.

Асханалардың санитариялық талаптарға сәйкестігі, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі және оқушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелеріне назар аударылуда.

Тегін тамақ алатын балалардың тізімін қалыптастыруда да ашықтық пен атаулылыққа мән беріледі. Бастауыш сыныптардың барлық оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылса, жоғары сыныптарда бұл қолдау әлеуметтік осал санаттарға жататын балаларға көрсетіледі.

Оқушылардың тиісті санаттарға жататыны ақпараттық жүйелер арқылы расталып, білім беру ұйымдарында олардың есебі жүргізіледі. Әлеуметтік мәртебе өзгерген жағдайда мәліметтер жаңартылады.

Тегін тамақ алатын білім алушылар туралы ақпарат тіркеу және есепке алу функциялары бар ақпараттық жүйе арқылы жүргізіліп, тиісті мәліметтер «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесіне беріледі.

Мұндай цифрлық тетік тегін тамақпен қамтылатын балаларды толық есепке алуға, әлеуметтік мәртебесін дер кезінде жаңартуға және мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж балаға бағытталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының білім беру саласындағы тапсырмаларының түпкі мақсаты – әр баланың сапалы білім алуына ғана емес, оның қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау.

Қарағанды облысындағы мектептерде тегін тамақтандыру жүйесінің бүгінгі көрсеткіштері осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. 72 мыңнан астам оқушының тегін ыстық тамақпен қамтылуы, оған бөлінген қаржының бір жылда 700 млн теңгеге ұлғаюы, өңірдегі 413 білім беру ұйымының барлығында тамақтанудың ұйымдастырылуы – тапсырманың өңірде нақты іске асып жатқанын аңғартады.

Ендігі міндет – тек қамту көрсеткішін сақтап қалу емес, мектептегі тамақтың сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау, асханалардың материалдық базасын жаңарту және балалардың жас ерекшелігіне сай құнарлы тағаммен қамтамасыз ету.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button