Жаңалықтар

Қазақстан мен БЯЗИ ынтымақтастығы жаңа кезеңге өтуде

Қазақстанның Біріккен ядролық зерттеулер институтымен (БЯЗИ) ғылыми-технологиялық ынтымақтастығы жаңа кезеңге өтуде. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы агенттігінің Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Максим Здоровец айтты.

Сурет жеке мұрағаттан

Оның сөзінше, халықаралық ғылыми жобалар Қазақстанға нақты нәтиже әкелуі тиіс. БЯЗИ-мен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде елімізде ДЦ-60 ауыр иондар циклотроны мен ВВР-К зерттеу реакторы базасындағы нейтрондық радиография және томография қондырғысы сияқты маңызды ғылыми инфрақұрылым қалыптасты.

Қазақстан атом энергетикасын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқандықтан, ғылыми және инженерлік базаны күшейту маңызды. Бұл бағытта реакторлық физика, радиациялық материалтану, радиохимия, ядролық медицина және изотоп өндірісі бойынша мамандар қажет.

Перспективалы жобалардың бірі – ВВР-К реакторы базасында жоғары қарқынды ультрасуық нейтрондар көзін құру. Жоба бойынша БЯЗИ мен Ядролық физика институты меморандумға қол қойған.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыты – жас ғалымдар мен студенттерді даярлау. Мамандар халықаралық зерттеулерге қатысып, тәжірибе жинақтап, кейін алған білімін Қазақстанда қолдануы қажет.

Здоровецтің пікірінше, халықаралық жобалардың нәтижесі жаңа технология, ғылыми қондырғы, мамандар тобы немесе өндіріс пен медицинада қолданылатын әзірлеме түрінде ел ішінде көрініс табуы керек. Бұл Қазақстанның атом саласындағы ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button