Тұрмыс түзелгенде, сана да түлейді
«Барлық қабылданып жатқан шаралар халықтың әл-ауқатын арттыруға тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдау кезінде басты талапты осылай кесіп айтқан еді. Кездесуде мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, мұқтаж жандарға қолдау білдіру және саланы цифрландыру мәселелері жан-жақты сөз болды. Ел ордасында межеленген бұл міндеттер облысымызда да серпінді жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қолдаудың шарапаты әрбір тұрғынның тұрмысына жетсін деген мақсатпен өңірде бірнеше кешенді жоба қолға алынды.

Арба бұзылса,амал бар
Мүгедектігі бар жанның өмірінде кресло-арба мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының орны бөлек. Сыртқа шығу, емханаға бару, білім алу мен жұмыс істеу – бәрі осы құралдың сапасына тікелей байланысты. Арба істен шықса, оның қалыпты тіршілігі де тоқырайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 1 шілдеден бастап, Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында техникалық оңалту құралдарын сервистік сүйемелдеудің пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба бір жылға есептелген. Қарағандыдағы айырбастау қорына бастапқыда 46 техникалық құрал енгізілді.
Жаңа модель бойынша құрал істен шыққан жағдайда азамат Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығының өңірлік филиалына жүгіне алады. Мамандар құралдың жай-күйін тексеріп, жөндеу немесе ауыстыру жөнінде шешім шығарады. Жөндеу аяқталғанша айырбастау қорынан уақытша құрал беріледі. Барлық қозғалыс цифрлық жүйеге тіркеледі.
Біз бұл жобаның жұмыс тәртібін бұған дейін «Құрал бұзылғанымен, қолдау үзілмейді» атты мақаламызда тарқатқан едік. Енді алғашқы нәтиже де көріне бастады. Жоба іске қосылған бір жарым айдың ішінде айырбастау қорынан алты кресло-арба берілді. Төрт техникалық құрал жөнделді.
Жөндеу мерзімі де алдын ала белгіленген. Ұсақ ақау бес жұмыс күні ішінде жөнделуі керек. Орташа жөндеуге он күн беріледі. Күрделі жұмыс жиырма күнге дейін созылуы мүмкін.
– Көбіне тежегіш жүйесін реттеу, дөңгелек пен мойынтірек (подшипникті) ауыстыру қажет болады. Корпус зақымданса немесе дәнекерлеу керек болса, ол күрделі жөндеуге жатады, – деді шебер Олег Карташов.
Үш жағдайда құрал белгіленген мерзімді күтпей ауыстырылды.
– Сервистік модель азаматтардың бұрыннан бар құқықтарына ешқандай өзгеріс енгізбейді. Жобаның мақсаты – құрал істен шыққан кезде адамды қиындықпен жалғыз қалдырмай, оның оңалту үдерісін үзбеу. Жобаға қатысу ерікті, ал, техникалық оңалту құралын әлеуметтік қызметтер порталы арқылы таңдау құқығы толық сақталады, – деді Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығының бас директоры Сырым Наси.
Жаңа тетіктің балалар үшін де маңызы зор. Бала өскен сайын бұрын берілген арба оның бойы мен дене бітіміне сай келмей қалуы мүмкін. Бұрын мұндай жағдайда құралдың пайдалану мерзімі аяқталғанша күтуге тура келетін. Енді сараптама қорытындысы негізінде оны ертерек ауыстыруға жол ашылды.
– Егер жөндеу құны құрал бағасының 50 пайызынан асып кетсе немесе оны қалпына келтіру тиімсіз деп танылса, азаматқа жаңа құрал алу мүмкіндігі қарастырылады. Мұндай жағдайда белгіленген пайдалану мерзімінің аяқталуын күтудің қажеті жоқ. Жергілікті атқарушы орган азаматты әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралды таңдауға бағыттайды, – деді орталықтың облыстық филиалының директоры Меруерт Нұрмағанбетова.
Қанатқақты жобаның алғашқы қадамы жасалды. Ендігі міндет – қызметті облыс орталығымен шектемей, шалғай ауылдағы азаматқа да жеткізу. Себебі, құралдың бұзылуы мекенжай таңдамайды.

Квота қағазда қалмайды
Әлеуметтік қолдаудың келесі арналы бағыты – мүгедектігі бар адамдарды еңбекке тарту. Жұмыс адамға табыс қана емес, өзіне деген сенім мен қоғамға қажет екенін сезіну мүмкіндігін береді. Алайда, жұмыс істеуге қабілеті бар азаматтардың көбісі еңбек нарығынан өз орнын таба алмай отыр.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетова ұсынған дерекке сүйенсек, облыста мүгедектігі бар 54 531 адам тұрады. Оның 5 495-і – бала. Еңбекке қабілетті жастағы азаматтар саны – 26 945. Соның 10,7 мыңнан астамы жұмыс істейді. Жұмыспен қамту деңгейі – 39,8%.
Бұл республикалық көрсеткіштен 9,8 пайыздық тармаққа жоғары. Облыс осы бағытта алдыңғы қатарда. Дегенмен, еңбекке қабілетті 16 мыңнан астам азаматтың жұмыс істемейтіні мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Әрине, олардың бәрін бірдей жұмыс іздеп жүр деуге болмайды. Бірінің денсаулығы мүмкіндік бермеуі мүмкін. Екіншісі оқу оқып немесе отбасы жағдайына байланысты үйде отыруы ықтимал.
Сондықтан, мансап орталықтары жұмыс істемейтін азаматтардың қазіргі жағдайын зерделеген. Талдау нәтижесінде 2 131 адаммен нақты жұмыс жүргізу қажеттігі анықталған. Оның 910-ы жұмысты өздігінен іздеуді жоспарлаған. 697 адам жақын арада мансап орталығына баруға ниетті. Ал, 524 азамат орталық арқылы жұмысқа орналасуға дайын екенін жеткізген.
Биыл жұмыспен қамту шараларына мүгедектігі бар 1 400-ге жуық адам тартылған. Оның 887-сі жұмысқа орналасты. Бос жұмыс орындарына 211 адам жіберілді. Субсидияланатын жұмыс орындарына 377 азамат орналасты.
Жұмыс орындарын квоталау тәртібіне де өзгеріс енгізілді. Облыстағы квоталық орын саны 291-ден 562-ге дейін өсті. Міндет 53 жұмыс берушіге жүктелген. Бірінші жартыжылдық қорытындысында 230 адам жұмысқа орналасып, жоспар 41 пайызға орындалған.
Квотаның екі есе өсуі – ілгерілеу. Бірақ, белгіленген 562 орынның 332-сі әлі толмаған. Бір жағында жұмыс істеуге ниетті азаматтар тұр. Екінші жағында бос қалған квоталық орындар бар. Екеуінің арасын жалғайтын тетік толық қуатына көшпеген.
Ендігәрі квотаның орындалуы автоматты түрде бақыланады. Жұмыс берушілерге жеке кабинеті арқылы хабарлама жіберіледі. Жұмыспен қамтудың ұзақтығы да назарға алынады. Квотаны орындамаған кәсіпорындар жөніндегі мәлімет еңбек инспекциясына автоматты түрде беріледі.
Десе де, тексеру мен ескерту мәселенің бір жағы ғана. Кей жұмыс беруші арнайы жағдай жасауға дайын емес. Кей кәсіпорында лайықты бос орын жоқ. Ал, кей азаматқа жұмыс орнын ғана емес, жұмыс барысын меңгеруге көмектесетін маман қажет.
Осы қажеттіліктен JOB COACH жобасы қолға алынды. Шілде айынан бастап, қаладағы Тең мүмкіндіктер орталығында арнайы даярланған мамандар жұмыс істейді. Мұнда сурдоаудармашы мен психолог бар. Көру қабілеті және тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдарға арналған компьютерлік орындар жабдықталған.
Алғашқы кезеңде орталыққа 50 адам жүгінді. Екі азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Облыста арнайы жабдықталған жұмыс орындарының санын 13-тен 20-ға жеткізу жоспарланған. Жыл басынан бері 11 орын құрылды. Оның тоғызы есту қабілеті, екеуі көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған. Ал, тірек-қимыл жүйесі және менталдық ерекшелігі бар азаматтарға жоспарланған орындар толық ашылған жоқ.
Арнайы және формалық киім тігетін «Дедал» кәсіпорнында да осы бағытта тәжірибе бар. Мұнда мүгедектігі бар екі адам тұрақты жұмыс істейді. Тағы жеті азамат арнайы жұмыс орны арқылы еңбекке араласқан.
– Мемлекеттік қолдау мұқтаж азаматқа жұмыс табуға мүмкіндік беріп қана қоймай, бизнесті де әлеуметтік жауапкершілікке ынталандырады. Біздің кәсіпорында мүгедектігі бар екі адам тұрақты жұмыс істейді, тағы жеті азамат арнайы жұмыс орны арқылы еңбекке араласты. Олар өз міндетін жақсы атқарып, ұжымның толыққанды мүшесіне айналды, – деді кәсіпорын басшысы Равиль Шаипкин.
Жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа тарту үшін 71 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оған 784 жұмыс беруші 5 153 бос орын ұсынған. Жәрмеңкелерге 4 341 адам қатысып, 71 азамат жұмысқа орналасқан.
Аймақтың республикалық көрсеткіштен алда болуы көңіл қуантады. Бірақ, көш басында тұру барлық мәселе шешілді деген сөз емес. Ендігі меже – квота санын көбейту ғана емес, әр орынды нақты адаммен ұштастыру. Жұмыс қағазда емес, адамның еңбек кітапшасында және зейнетақы аударымында көрінуі керек.
Екінші мүмкіндік еңбекпен басталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері жанынан өндіріс ашуға шақырған еді. Мұндай өндіріс сотталған адамға жазасын өтеу кезінде кәсіп меңгеріп, табыс табуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, оны бостандықтағы өмірге күні бұрын дайындайды.
Осы тапсырма аясында облыстық прокуратура, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Кәсіпкерлер палатасы және Qarmet бірлескен пилоттық жобаны қолға алды. Алғашқы кезеңде кәсіпорынның өндірістік нысандарына 29 сотталған тартылған. Қазір олардың саны 62 адамға жетті.
Жобаға тәртібі түзелген, мінездемесі оң азаматтар іріктеледі. Олар еңбек және өндірістік қауіпсіздік талаптары бойынша оқудан өтеді. Кәсіпорын аумағында еңбек етіп, қайта даярлау курсынан өтеді. Жұмыс беруші жатақхана, үш мезгіл тамақ және арнайы киіммен қамтамасыз етеді. Қауіпсіздікті департамент қызметкерлері бақылайды.
Qarmet жобаға қатысқан азаматтарды жазасын өтеп шыққаннан кейін жұмысқа қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл – маңызды уәде. Өйткені, сотталған адамды мекеме ішінде жұмыспен қамту – істің басы ғана. Жобаның шынайы нәтижесі қақпадан шыққаннан кейін көрінеді.
Қатысушылардың бірі Асылжан Ерзатов бұл мүмкіндіктің болашаққа сенім бергенін айтады.
– Қазір кәсіпорын аумағындағы қосалқы жұмыстарға араласып, өндірістегі тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын меңгеріп жүрмін. Еңбек адамды жауапкершілікке үйретеді екен. Ендігі ойым – осы тәжірибемен шектелмей, кәсіптік білім алып, жазамды өтеп шыққан соң адал еңбекпен күн көру. Мен үшін бұл жоба – бостандықтағы өмірге қазірден қамдануға берілген мүмкіндік, – деді жазасын өтеуші Асылжан Ерзатов.
Бұл бағыт тек мекеме ішіндегі еңбекпен шектелмейді. 1 мамырдан бастап, облыста жазасын өтеп шыққан және пробация есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендірудің пилоттық жобасы жүзеге асып жатыр. Арнайы бөлім құрылды. Оның жұмысына ҚАЖ, пробация, мансап және отбасын қолдау орталықтары жұмылдырылған.
Азаматпен жұмыс қақпа ашылған күні емес, одан бұрын басталады. Мансап орталығының мамандары түзеу мекемелеріне барып, бос орындар мен кәсіптік оқу мүмкіндіктерін таныстырады. Жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастырады. Биыл сегіз көшпелі кездесу, үш «Қақпа алдындағы кездесу» және 71 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген.
Өңірдегі бес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде 180 сотталған жаңа оқу жылында алты жұмысшы мамандығын меңгере бастады. Олардың қатарында автослесарь, электргазбен дәнекерлеуші, құрылыс әрлеу жұмыстарының шебері және тігінші бар. Мамандықтар еңбек нарығындағы сұранысқа қарай таңдалған.
Босап шыққан азаматтарға 990, пробация есебіндегі адамдарға 1 506 квоталық жұмыс орны белгіленген. Екінші тоқсан қорытындысында осы орындар арқылы тиісінше 326 және 1 171 адам еңбекпен қамтылғаны көрсетілген. Ал, мансап орталықтарына жүгінген 329 адамның 178-і жұмысқа орналасқан.
Жыл басынан бері мансап орталықтарына осы санаттағы 329 адам жүгінді. Оның 127-сі жазасын өтеп шыққан. 202-сі пробация есебінде тұр. Бүгінде 178 адам жұмысқа орналастырылған.
Ақпанда үш айға жоспарланған Qarmet пилотының қатысушылары 29-дан 62 адамға дейін көбейді. Республикалық телеарна өңір кәсіпорындарында 90-ға жуық адамның еңбекке тартылғанын хабарлады. Болашақта олардың санын 300-500 адамға жеткізу жоспары бар.
Сотталған адамды еңбекке тарту оған артықшылық беру деген сөз емес. Бұл – қайталама қылмыстың алдын алу амалы. Адал табыс тапқан, кәсіп меңгерген және қоғамнан өз орнын көрген адамның қайтадан теріс жолға түсу қаупі азаяды. Оның еңбекақысынан алимент, талап-арыз немесе өзге де берешегі өтелсе, жоба қоғам алдындағы жауапкершілікті де күшейтеді.
Екінші мүмкіндікке ие болған адамнан да жауап талап етіледі. Ол тәртіп сақтап, кәсібін игеріп, сенімді ақтауға тиіс. Мемлекет пен бизнестің міндеті – сол мүмкіндікке апаратын жолды ашу.
Игі істің жалғасы
Мемлекет басшысы жүктеген міндет аймақта нақты істерге ұласып келеді. Кеше ғана көтерілген мәселенің бүгін шешу жолы қалыптасып, жаңа тетіктері сынала бастады. Әрине, бір жобаны бастап, бірнеше адамды қамтумен бар мәселе шешіле қоймайды. «Көш жүре түзеледі» дейді халқымыз. Қанатқақты бастамалардың кем-кетігі жұмыс үстінде анықталып, тиімді тетігі уақыт өте қалыптасады. Маңыздысы – алғашқы қадам жасалды, істің жүйесі құрылды. Ендігі міндет – осы жұмысты баянды етіп, оның игілігін қаладағы ғана емес, шалғайдағы ағайынға да жеткізу.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



