Бас тақырыпЖаңалықтар

Ауылға маман келсе – құт

Ауылдың әлеуетін арттыру ең алдымен сол елдімекендегі адами капиталды күшейтуден басталады. Мемлекет басшысы ауылдық аумақтарды дамыту, елдімекендердегі әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және ауылға білікті мамандар тарту мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы нақты тетіктің бірі – «Дипломмен– ауылға!» бағдарламасы.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Нақты маманға – нақты қолдау

Бағдарлама ауылдық жерге жұмыс істеуге барған жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіп қана қоймай, өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Қарағанды облысында да бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметі бойынша, облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 328 маманға жалпы сомасы 141,9 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген. Олардың басым бөлігі – ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік саланың мамандары. Атап айтқанда, 187 білім беру, 61 денсаулық сақтау, 13 мәдениет, 8 спорт, 29 агроөнеркәсіптік кешен қызметкері қолдау алған. 2 әлеуметтік қамсыздандыру маманы мен 28 мемлекеттік қызметшіге де көтерме жәрдемақы төленген.

Бағдарлама ауылға тек жас кадрды апарумен шектелмей, оның алғашқы қадамын материалдық тұрғыдан қолдауға бағытталғанын көрсетеді. Жыл соңына дейін аудан әкімдіктерінің бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес тағы 49 маманға жалпы сомасы 21,2 млн теңге болатын көтерме жәрдемақы беру жоспарланған.

Мемлекеттік қолдаудың ауылға келген маман үшін қаншалықты маңызды екенін Нұра ауданында еңбек етіп жүрген жас маман Дана Ниязбекованың тәжірибесінен де көруге болады. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы тұрғын үй мәселесін шешіп, бүгінде ауыл мектебінде өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.

– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң туған жеріме оралып, өз мамандығым бойынша еңбек етуді таңдадым. Шынымды айтсам, мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетілетінін алғашында толық түсінбеген едім. Бағдарлама арқылы көтерме жәрдемақы алып, тұрғын үй мәселесін де шешуге мүмкіндік туды. Бүгінде ауыл мектебінде еңбек етіп жүргеніме қуаныштымын. Ауылға келген жас маманға ең керегі – жұмыс пен баспана. Осындай қолдау барда туған жерге қызмет етуге деген ынта да арта түседі. Мен үшін ауылға келу – жай ғана жұмысқа орналасу емес, өзім өскен ортаға біліміммен үлес қосу, – деді Дана Ниязбекова.

Облыста 26 маманға тұрғын үй сатып алуға жалпы сомасы 226,745 млн теңге бюджеттік кредит берілген. Оның ішінде 13-і – білім беру, 10-ы – денсаулық сақтау, біреуі – мәдениет, біреуі – агроөнеркәсіптік кешен және біреуі – мемлекеттік қызмет саласының маманы. Жыл соңына дейін тағы 82 маманға бюджеттік кредит беру жоспарлануда. Осы мақсатқа 778,817 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты қарастырылған. Яғни, ауылға барған маманға бір реттік материалдық көмек көрсетумен қатар, оның сол жерде ұзақ мерзім жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға басымдық беріледі.

Аймақта бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі білім беру мен денсаулық сақтау салаларына тиесілі. Бұл – ауылдардағы кадр қажеттілігінің нақты көрінісі. Бүгінде ауылдық елдімекендерде пән мұғалімдеріне, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін логопед, дефектолог, ассистенттерге, балабақша тәрбиешілеріне сұраныс жоғары. Денсаулық сақтау саласында педиатр, акушер-гинеколог, анестезиолог, психиатр, нарколог, хирург, жалпы практика дәрігері, кардиологтар және орта буын медицина қызметкерлері тапшы.

Демек, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының маңызы ауыл мектебіне келген мұғалім, медициналық пунктке барған дәрігер, балабақшаға орналасқан тәрбиеші және ауыл экономикасына үлес қосатын маманда.

Аудандардағы ахуал қандай?

Көтерме жәрдемақы алатын мамандар саны бойынша биыл Шет ауданы алдыңғы қатарда. Мұнда 95 маманға қолдау көрсету жоспарланған. Оның 51-і – білім беру, 21-і – денсаулық сақтау саласының өкілдері. Абай және Қарқаралы аудандарының әрқайсысында 55 маманнан, Осакаров ауданында 52, Бұқар жырау ауданында 50, Нұра ауданында 40, Ақтоғай ауданында 30 маманға көтерме жәрдемақы қарастырылған.

Тұрғын үйге бюджеттік кредит беру бойынша да Шет және Бұқар жырау аудандарындағы көрсеткіш жоғары – әрқайсысында 23 маманнан. Осакаров ауданында – 21, Нұрада – 15, Қарқаралыда – 11, Абайда – 9, Ақтоғайда 6 маманға кредит беру жоспарланған. Көрсеткіштер ауылдардың әлеуметтік нысандарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі әр ауданда өзектілігін жоғалтпағанын аңғартады.

– Соңғы жылдардағы көрсеткіштер бағдарламаның тұрақты сұранысқа ие екенін көрсетеді. 2024 жылы облыста 360 маман көтерме жәрдемақы алса, 2025 жылы олардың саны 416-ға жеткен. 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 328 маман осындай қолдауға ие болды. Бюджеттік кредит бойынша 2024 жылы 172 маманға, 2025 жылы 121 маманға және 2026 жылдың 1 қыркүйегіне 26 маманға тұрғын үй алуға немесе салуға мүмкіндік берілген. Бұл жерде биылғы көрсеткіш жыл соңына дейінгі жоспармен бірге қарастырылуы керек. 2026 жылы көтерме жәрдемақы бойынша жалпы 377 маманды қамту, ал, бюджеттік кредит бойынша 108 маманға қолдау көрсету жоспарланған, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.

Мамандар жауапкершілікті сезінеді

Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін тек ауылға қанша маман барғанымен емес, олардың қаншасы сол жерде тұрақтап қалғанымен бағалау қажет. 2024 жылы бағдарламаға келген 407 маманның 374-і өз міндеттемелерін орындап, жұмысын жалғастырған. 33 маман шартын бұзған. 2025 жылы ауылға барған 443 маманның 420-сы міндеттемелерін орындап жүр. 23 маманның шарты бұзылған.

Сонымен бірге, бағдарламаның алдында шешімін қажет ететін мәселелер де бар. Мамандардың жеке себептерге байланысты міндеттемесін мерзімінен бұрын тоқтатуы, жас кадрлардың кредиттік жүктемесінің жоғары болуы және кейбірінің кредиттік тарихының қолайсыздығы тұрғын үй бағытындағы қолдауға қол жеткізуге кедергі келтіруі мүмкін. Бағдарламаның талаптары мен тетіктерін ауылдағы нақты жағдайға қарай жетілдіру маңызды.

Ауылдың болашағы – ондағы мектептің, медициналық ұйымның, мәдениет ошағының және экономиканың тұрақты жұмыс істеуіне байланысты. Олардың тұрақты жұмысының негізінде білікті маман тұр. Осы тұрғыдан алғанда, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы Мемлекет басшысының ауылды дамытуға, өңірлер арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге және адами капиталды күшейтуге бағытталған саясатының жергілікті деңгейдегі нақты тетіктерінің бірі болып отыр.

Облыстың тәжірибесі көрсеткендей, жас маманды ауылға шақырумен қатар, оған көтерме жәрдемақы беру, тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік жасау және еңбек етуіне жағдай қалыптастыру – ауылдағы кадр тапшылығын азайтудың маңызды шарттарына айналған.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button