Қазақтың қой төбетіне насихат керек
Ата-бабамыз жеті қазынаның біріне балаған қазақы тазыға ұлттық деңгейде мән беріле бастағанына үшінші жыл. Бабадан қалған мұраны ардақтап, төл тұқымның тамырын үзбей, асыл тұқымды иттерді сақтау бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта құрылған Облыстық құмай тазы және төбет иттер федерациясы аз уақыт ішінде ұйым өз жұмысын жүйелеп, бірқатар бастаманы жүзеге асырды. Бүгінде федерация есебінде 200 құмай тазы мен 50 қазақы төбет ресми түрде тіркелген. Соңғы үш жылда асыл тұқымды тазы мен қазақы төбеттің санын арттырып, ұлттық аңшылық дәстүрді қайта жаңғыртуға федерация жетекшісі Нұрдәулет Мырзаханов та елеулі үлес қосып келеді.

Қазақтың қой төбетіне насихат керек
Қазіргі таңда таза қанды тазыларды ресми түрде құжаттандыруға мүмкіндік бар. Бұл бағытта Қазақстан Кинологтар одағы мен «Қансонар» аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қоғамдық бірлестіктері қауымдастығы тұрақты көрмелер ұйымдастырады. Көрме барысында арнайы даярлықтан өткен, жоғары білікті сарапшылар қатысушыларды белгіленген талаптар бойынша мұқият тексереді. Таза қанды тазының халықаралық және ұлттық деңгейде бекітілген өзіндік стандарттары бар. Мамандар иттің дене бітімінен бастап, бой өлшеміне, сыртқы тұрқы мен тұқымдық ерекшеліктеріне дейін саралап, белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтайды. Тексеру нәтижесінде тұқым стандартына толық сәйкес келген тазының таза қандылығы ресми құжатпен расталмақ.
Алайда, төбет тұқымын дамыту бағытында мұндай жүйелі жұмыстар әлі де жеткіліксіз. Тіпті, федерация жетекшісі төбет пен алабайды бір-бірінен ажырата алмайтындардың қарасы қалың екенін де жасырмады.
– Алабай мен төбет – екі бөлек тұқым. Өкінішке қарай, көпшілік алабайды төбет деп қабылдайды. Негізінде, алабайдың түп-тамыры түркімен халқымен байланысты. Түркімендердің ұлттық құндылықтарының бірі – осы алабай. Ал, біздікі – қазақы қойтөбет. Әрине, бүгінде алабай ұстайтын азаматтар да бар. Бірақ, оны төбет деп атау дұрыс емес. Алабай төбет тұқымына жатпайды. Бұл екі тұқымның өзіндік ерекшелігі бар. Федерацияға тіркелген тазы мен төбеттер – үнемі көз алдымызда жүрген, түрлі жарыстарға тұрақты қатысып жүрген иттер. Мәселен, әр ауданнан 70-ке жуық тазы іріктеу турнирлеріне қатысады. Егер осы қатарға жарыстарға қатыспай, ауыл-аймақта өз иелерінің қасында жүрген тазыларды да қоссақ, олардың саны бұдан әлдеқайда көп болады. Сондықтан, біз жыл сайын облыстық және республикалық турнирлерге қатысып жүрген, ресми түрде тіркелген тазыларды негізге алып отырмыз, – деді Нұрдәулет Мейіржанұлы.
Федерация жетекшісі тазыны тек ауылдық жерде тұратын адамдар ғана ұстайды деген түсінікпен келіспейтінін айтты. Қалада тұрып, тазы асырап, баптап жүрген жандардың, әсіресе, жастардың да қатары жыл санап артып келе жатқанын баса айтты.
– Жалпы, жастардың қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені, тазы мен төбетті сақтау – келешек буынның да еншісіндегі жауапты міндет. Осы мақсат жолында бар күш-жігерімізді сарп етуге әзірміз. Алдағы уақытта шырға тарту сайысының маусымын қорытындылап, табиғи аңшылық маусымын ашамыз. Жаңа маусым аясында аудандық және облыстық деңгейде бірқатар турнир өткізу көзделген, – деді Нұрдәулет Мырзаханов.
Қарқаралының тумасы Есентай Сайранұлы бүгінде қазақтың дәстүрлі аңшылық өнерін серік етіп жүрген азаматтардың бірі. Оның қолында бес жастан асқан «Көкжал» атты қаншық пен «Аю» есімді арлан төбеті бар. Бұдан бөлек, сегіз тазы асырап отыр. Екі төбеті де федерацияға ресми тіркелген.

Есентайдың аңшылыққа деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасыпты. Әкесі Сайран Қанафин де тазы ұстап, аңға шығып, саят құрған. Өзі де әке жолын жалғап, ит жүгіртіп, саятшылық дәстүрді үзбей келеді. Дегенмен, оның көңілі тазыдан гөрі төбетке жақын. Кішкентайынан төбет өсіріп, тұқымын жалғастырып келеді.
– Өңірде төбет иттерге арналған арнайы көрмелер әзірге жоқ. Өзім де мұндай көрмелерге қатысып көрген емеспін. Ал, екі тазымды облыстық турнирлерге қатыстырдым. Өкінішке қарай, ол жолы бағымыз жанбады. Өзім жеке кәсіпкермін. Тазыларды жарысқа дайындау үшін оларды үнемі жүгіртіп, бабында ұстау керек. Ал, күнделікті жұмыс пен тірліктен ондай дайындыққа көп уақыт табыла бермейді. Қазір иттерім ауыл маңында еркін жүр. Кейде аңшылыққа алып шығамын, ара-тұра жайлауға апарып тастаймын. Жайлауда өздері аң қуып, дала кезіп жүреді. Ал, төбеттеріме арнайы көрмелер ұйымдастырылса, міндетті түрде апарар едім. Қазір Қарқаралыда төбет ұстайтын ауыл азаматтарының қатары көбейіп келеді. Сондықтан, төбетке де жеке көрме ұйымдастырылса екен. Осы ұлттық ит тұқымын кеңінен насихаттап, оның өзіндік ерекшеліктерін халыққа танытуымыз керек. Өз басым мұндай шараларға қуана қатысар едім. Республика көлемінде төбетке қатысты азды-көпті турнирлер өтіп тұрады. Бірақ, алыс жолға төбетпен шығу оңай емес, – деді Есентай Сайранұлы.
Қазақтың төбетінің негізгі міндеті – аңшылық емес. Мал бағып, малды күзету. Өкінішке қарай, көпшілік төбетті алабаймен шатастыратындардың барын айтып, таңданысын жасырмады.
– Негізі, екеуінің сыртқы бітімінде де, болмысында да айырмашылық бар. Алабайдың тұмсығы салпы, басы төртбұрышты, көзі кіртиіңкі болады. Кейбір алабайлардың салмағы 80-90 келіге дейін жетеді. Ал, төбеттің тұмсығы жинақы. Денесі ірі болғанымен, жүріс-тұрысы ширақ, жеңіл жүгіреді. Жүнді келеді. Ең бастысы – малға да, адамға да зияны жоқ. Керісінше, қорадағы қойдың арасында жатып, малыңды күзетеді. Сыртқы тұрқына қарап, осы екі тұқымның айырмашылығын ажыратуға болады. Өз басым алабайға қызыға қоймаймын. Иттің тұқымын жете білмейтін адамдар алабайды төбет деп қабылдап, асырап жүр. Бұдан бөлек, төбетті басқа тұқымды иттермен шағылыстыратындар да бар дегенді естиміз. Бұл – дұрыс емес. Тұқымның табиғи қасиетін сақтау үшін өзге тұқыммен будандастыруға жол бермеу керек, – деді ол.
Сексенінде тазы жүгіртіп, аңға шыққан…
Рамазан Усеевтің есімі ит жүгіртіп, тазы баптаған қауымға жақсы таныс. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдың өзі де әлі күнге дейін тазы жүгіртіп, түрлі көрмелерге, жарыстарға қатысып келеді. Өзінің әкесі де, нағашылары да тазы жүгірткен. Осы бір қасиет қанмен келіп, бойына дарыса керек. Алты жасынан бастап тазы ұстап, түрлі турнирлерге қатыса бастапты. Бүгінде ақсақал сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Қазір екі жасар «Көкқұс» арлан мен тоғыз айлық «Елес» атты қаншық ұстап отыр.
– Бүгінде қазақтың құмай тазылары әлемге танылып келеді. Былтыр Италия төрінде өнер көрсетсе, биыл Түркіменстанда таныстырылды. Мұның бәрін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спортты, соның ішінде, қазақтың құмай тазысын кеңінен насихаттауға мән беруінің нәтижесі деп білемін. Одан бөлек, менің шәкірттерім де өңірде тазыны, ұлттық спортты насихаттауға өз үлестерін қосып жүр. Бұл – көңіл қуантатын жағдай. Тазыға жанашыр азаматтардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Әскерде болған екі жылымды есептемегенде, өмір бойы тазы асырамаған кезім болмапты, – деді Рамазан Садықұлы.
Сонымен қатар, ақсақал бүгінде қазақтың құмай тазысын баптау мен тұқым тазалығын сақтау ісі бұрынғыға қарағанда біршама жүйеленгенін алға тартты. Әрі федерацияның ықпалы тигенін де жасырмады.
– Тазыға күтім жасау мәдениеті де біртіндеп қалыптасып келеді. Үлкені де, кішісі де тазысын дұрыс баптап, күтіміне мән береді. Менің тоғыз айлық «Көкқұсым» бар. Бұл – өзім ерекше жақсы көретін тазым.Бұған дейін талай турнирде топ жарды. Кейін ойлана келе, оны жарыстарға апармайтын болдым. Өйткені, соңымыздан еріп келе жатқан жастарға жол беріп, басқа тазылардың бағын байламайын деп шештім, – деді Рамазан Садықұлы.
Шахтинскдегі Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Батыр Мусин де тазы баптауды әкесінен үйреніп жүрген жас өреннің бірі.

Әкесі Дәурен Мусин – тазы ұстап, аңшылықпен айналысып жүрген азамат. Ұлттық өнерге деген қызығушылықты баласына да дарытып, байрақты бәсекелерге ұлын қасына ертіп жүр. Бүгінде Батырдың «Ақжол», «Қыран» және «Қымбат» атты үш тазысы бар. «Байқымыз» фестивалі аясында өткен шырға тарту сайысына «Қымбат» қатысса, «Қыран» Қарағандыдағы республикалық турнирде бақ сынапты.
– Қандай турнир болса да, әкеммен бірге баруға тырысамын. Сабақтан кейін де екеуміз тазыларды кемі 30 шақырымға дейін жүгіртіп, жаттықтырамыз. Бұған дейін де біздің үйде талай тазы болды. Қазіргі үш тазым 2020 жылдан бері бар. Бос уақытымды көбіне тазыларыма арнаймын. Оларды күтіп-баптап, жүгіртіп, жаттықтырамын. Былтырдан бастап, әкеммен бірге турнирлерге қатысып жүрмін. Әкем маған тазыны дұрыс күту, баптау және жүгірту тәсілдерін үйретіп келеді. Алдағы уақытта өтетін жарыстардың бәріне қалмай қатысып, тәжірибе жинаймын, – деді Батыр Дәуренұлы.
Айта кетейік, федерация жетекшісі Нұрдәулет Мейіржанұлының да екі жасар «Найза» атты тазысы бар. Ол елордада өткен «Байқымыз» фестиваліндегі шырға тарту сайысының финалына дейін жетіп, жүйріктігін танытқан. Ал, Қарағандыда өткен республикалық «Кенесары хан додасы» турнирінде күміс жүлдеге ие болды. Бүгінде «Найза» ұлттық құрама сапында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуда.
P/S. Бабадан жеткен аманаттың болашағы бүгінгі ұрпақтың қолында. Тазыны таза күйінде сақтап, төбеттің төл болмысын жоғалтпау – ортақ міндет. Ұлттық мұраға деген жанашырлық осындай нақты істерден басталады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



