Теміртауда прокуратураның Қадағалау орталығы ашылды
Теміртау қаласының прокуратурасында құқықтық тәртіпті бақылауға және заң бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін заманауи Қадағалау орталығы іске қосылды.

Орталықтың ашылуына Бас прокуратураның Қаржы департаментінің бастығы Ілияс Испанов, Қызмет бастығының орынбасары Ақымжан Үмбиталин, Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев және қаланың мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Жаңа орталық прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттырып, заңдылықтың сақталуын бақылауды күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүдделерін қорғауға бағытталған.

Қадағалау орталығының басты мүмкіндіктерінің бірі – қаладағы жағдайды тәулік бойы бақылау. Бірыңғай бейнеқабырғаға көшелерде, саябақтарда, мектептерде, мектепке дейінгі және медициналық ұйымдарда, сондай-ақ, басқа да нысандарда орнатылған 1 575 бейнебақылау камерасы қосылған.
Орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі – уақытша ұстау изоляторларындағы азаматтардың құқықтарының сақталуын бақылау. Қашықтан мониторинг жүргізу арқылы заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік бар. Осы жұмыстың нәтижесінде заңсыз ұсталған 8 адам босатылған.
Сонымен қатар, орталыққа цифрлық қадағалау жүйесі қосылып, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашылды.
Кезекші прокурорлар тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Құқық бұзушылық немесе заңдылықтың бұзылуы анықталған жағдайда тиісті шаралар дереу қабылданады. Бұл прокурордың оқиға орнына міндетті түрде шығуын күтпей, жағдайға қашықтан жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Теміртау қаласында қылмыстың жалпы деңгейі 28 пайызға төмендеген. Оның ішінде, аса ауыр қылмыстар саны 50 пайызға, ал, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 87 пайызға азайған.
Іс-шара барысында қатысушылар прокурорлық қадағалауға заманауи технологияларды енгізудің және заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтудің маңызын атап өтті.
Қадағалау орталығының ашылуы Теміртау қаласы прокуратурасының прокурорлық қадағалауды жетілдіру және «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бағытындағы маңызды қадамдарының бірі болды.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



