Шаршы тақта шеберлері
Биылғы оқу жылы Сұрыптау бекетіндегі №12 жалпы білім беретін мектеп үшін елеулі жаңалықтармен басталды. Мектеп тарихында алғаш рет 1-сыныптан төрт сынып жасақталып, білім ордасына 58 бүлдіршін қадам басты. Сонымен қатар, 2-сыныптан үш сынып ашылған. Жаңа оқу жылына дайындық барысында 1-2 сыныптарда сабақ беретін педагогтер тамыз айында шахматтан арнайы оқу курсынан өтіп, біліктілігін арттырыпты. Осы жұмыстардың нәтижесінде жаңа оқу жылында мектепте шахмат кабинеті ашылды. Енді былтырдан бастауыш сынып оқушыларының сабақ кестесіне енгізілген вариативті курс аясындағы «Шахмат негіздері» сабағы осы жаңа сыныпта өтпек.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өз тапсырмасында «2023-2027 жылдарға арналған шахматты дамытудың кешенді жоспарын» бекітіп, елімізде шахматты білім беру жүйесіне енгізу қажеттігін тапсырған еді. Содан бері Қазақстан шахмат федерациясы мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, 2025-2026 оқу жылында республика бойынша 2500 мектептің 1-4-сынып оқушыларының оқу бағдарламасына шахмат пәнін енгізді.
Бүгінде облыста шахматты мектеп бағдарламасына енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2023-2024 оқу жылында жоба алғаш рет бес мектепте пилоттық режимде қолға алынса, келесі оқу жылында олардың саны 13-ке артты. 2025-2026 оқу жылында тағы 70 мектеп қосылса, биыл бұл қатар 42 білім ордасымен толықты. Нәтижесінде, бүгінде облыста «Шахмат негіздері» сабағын оқытатын мектеп саны 130-ға жетті.

– Бұл кабинетті ашудың өзіндік үлкен мәні бар. Бүгінгі балалардың қолынан ұялы телефон түспейді. Осы мәселенің алдын алып, оқушылардың уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік жасау мақсатында былтырдан бері мектепте «Шахмат негіздері» сабағын өткізіп келеміз. Бүгінде оқушылардың қызығушылығы жоғары. Сабаққа да тұрақты қатысып жүр. Уақыт өте келе шахматқа балалармен бірге ата-аналар да қызығушылық танытып, балаларына қосылып ойнай бастады. Осыны көріп: «Неге мектебімізде арнайы шахмат кабинетін ашпасқа? Бұл жерде оқушылармен бірге ата-аналар, мұғалімдер бас қосып, шахмат ойнайтын орта қалыптастырсақ қалай болады?» деген ой келді. Міне, бүгінде осы бастаманы Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесе жүзеге асырып, мектеп үшін маңызды әрі игілікті істің негізін қалап отырмыз, – деді мектеп директоры Жазира Мейірханова.
Мектепте вариативтік курстың енгізілгеніне бір жыл ғана уақыт өтсе де, нәтижесі көңіл қуантады. Осы аралықта ұстаздар мен оқушылар түрлі конференцияларға, семинарлар мен шахмат турнирлеріне қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Қысқа уақыттың ішінде қол жеткізген осындай толағай жетістіктер жаңа «Шахмат» сыныбын ашуға да айтарлықтай серпін берген.

Айта кетейік, «Шахмат» сыныбының ашылуына Қазақстан шахмат федерациясы ұйытқы болса, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге осы білім ордасын 23 жыл бұрын тәмамдаған түлектер демеушілік жасаған. Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Динара Оспанова да – осы мектептің 23 жыл бұрын түлеп ұшқан шәкірті. Өзі де осы күні білім алған алтын ұясына арнайы келіп, Федерация атынан шахматтан ел чемпиондарының қолтаңбасы қойылған құнды шахмат тақтасын тарту етті.
– Былтырғы оқу жылында 1-сыныптың үш педагогы шахмат курсы бойынша арнайы дайындықтан өтті. Биыл аталған мұғалімдер 2-сыныпқа көтерілді. Ал, биыл 1-сыныптарға сабақ беретін тағы төрт педагог арнайы курстан өтіп, біліктілігін арттырды. Қазіргі таңда мектепте шахмат пәнін жүргізетін мамандар жеткілікті. Арнайы сынып та барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Дегенмен, білім алушыларды сапалы оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету үшін білім бөлімінен қажетті оқулықтар мен жұмыс дәптерлерін бөлуді сұрап отырмыз, – деді Динара Төлеуқызы.

Аталған сыныптың ашылуына облыстық білім басқармасы мен Қарағанды қалалық білім бөлімінің өкілдері арнайы қатысып, жаңа бастамаға жылы лебізін білдірді. Әрі іс-шара барысында мектеп оқушылары қонақтарға шахмат тақтасындағы әр тастың ерекшелігі мен жүрісін таныстырып, өздерінің алған білімдерін ортаға салды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



