Ботақара кентінде қайырымдылық шарасы өтті
«Бірлік болмай, тірлік болмас» дейді дана халқымыз. Осы бір қанатты сөздің өмірдегі жарқын көрінісі жуырда Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде өткен қайырымдылық шарасынан анық байқалды. Жаңа оқу жылы қарсаңында Ботақара кентінің әкімі Асқар Отыншиев «Ботақара — біз біргеміз» тобына хабарласып, көпбалалы және мұқтаж отбасылардың балаларын мектепке дайындауға бағытталған игі іске атсалысу туралы ұсыныс білдірген еді. Осыдан үш жыл бұрын құрылған бұл топ әманда осындай шараларға ұйытқы болып жүреді.

Осы бастама аудан тұрғындарының үлкен қолдауына ие болды. Ел азаматтарының жанашырлығы мен қайырымдылығының арқасында 325 мың теңге көлемінде қаржы жиналды. Жиналған қаражатқа 21 мектеп сөмкесі қажетті оқу құрал-жабдықтарымен бірге сатып алынып, балаларға табысталды.
Сонымен қатар, 140 мың теңге қаражатқа көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Наталья Стульгеня отбасының үш қыз баласына қажетті киім-кешек алып берді.

Ал, осы отбасының екі ұл баласын ауданның жанашыр азаматы Медет Байжанов өз қамқорлығына алып, балаларды өз атынан толықтай мектепке дайындады. Оларға қажетті киім-кешектерін алып беріп, үлкен азаматтық танытты.

Қайырымдылық шарасының ұйымдастыру жұмыстарына Ботақара кенті әкімі аппаратының бас маманы Меруерт Сыздықова белсене атсалысты. Ол балалардың тізімін жасап, отбасылармен тікелей жұмыс жүргізіп, шараның жүйелі әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосты.
Сонымен қатар, «Жыржыс қажы» мешітінің бас имамы Ерлан Мамайұлының тікелей бастамасымен 10 отбасының балаларына мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құрал-жабдықтары табысталды.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



