Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Курчатовтағы жаңа кезең
1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Биыл тарихи шешімге 35 жыл толуына орай Курчатов қаласында дөңгелек үстел өтті,деп хабарлайды Ortalyq.kz сілтеме жасап DKNews.kz.

Жиында ядролық сынақтардың салдарын зерттеу, радиациялық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин полигонның жабылуын Қазақстанның ядролық сынақтардан бейбіт атом саясатына дейінгі жолындағы маңызды кезең ретінде атап өтті.

«Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы — бұл өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмыстарды саралайтын ғана емес, алдағы міндеттерімізді айқындайтын да маңызды уақыт. Қазақстан үшін полигон тарихы ядролық сынақтардың ауыр салдарынан бейбітшілік, қауіпсіздік және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саясатына көшу тарихына айналды», – деді Ғұмар Серғазин.

Полигон аумағын зерттеу жұмыстары да бірнеше жыл бойы жүргізілді. Ұлттық ядролық орталықтың мәліметінше, 2008-2021 жылдары 18 мың шаршы шақырымнан астам аумақ кешенді радиоэкологиялық зерттеуден өтті. Нәтижесінде радиациялық қауіп сақталған учаскелер анықталып, аумақты одан әрі пайдалану бойынша ғылыми негіз қалыптасты.

Бүгінде бұрынғы полигон аумағында радиоэкология, радиациялық қауіпсіздік және ядролық технологиялар бойынша зерттеулер жүргізіледі. Осы бағыттағы жұмыстар Қазақстанның ядролық мұраны қауіпсіз басқару тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
35 жылдыққа орай Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық аумағында «Бейбітшілік аллеясының» негізі қаланды. Іс-шара барысында ағаштар отырғызылып, бұл бастама полигон тарихының бейбіт ғылым мен қауіпсіздікке бағытталған жаңа кезеңін білдіретін символ ретінде ұсынылды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



