БалқашАймақ

Тастың тынысын тыңдаған

Саяқта өскен баланың кен туралы алғашқы түсінігі мектеп оқулығынан басталмайды. Ол күнделікті тіршіліктің өзінен көрінеді. Бұл жерде кеніш – жай ғана өндіріс орны емес. Бір әулеттің асыраушысы, бір отбасының үміті, тұтас елдімекеннің тынысы. Сондықтан болар, біздің кейіпкеріміз, осы өңірдің тумасы Мұрат Тойшыбековтің бүкіл саналы ғұмыры еңбекпен, туған жермен және кен өндірісімен біте қайнасқан.   Кенші мамандығын таңдап, туған өлкесінің өндірісінде маңдай терін төгіп келе жатқан азаматтың еңбек жолы – бір адамның өмірбаяны ғана емес, Саяқ кенішінің талайлы тарихымен астасып жатқан тағдырлы жол.

Суреттер автордан

Мұрат Ізтілеуұлы 1993 жылы Саяқ кентіндегі №6 қазақ орта мектебін тәмамдаған. Мектеп қабырғасынан алған білімі мен бала күннен қалыптасқан еңбекке деген құрмет оны тау-кен саласына жетелепті. Арман қуып, оқуға түсіп, Алматыға аттанған жас Алматы қаласындағы политехникалық университетін Ашық кен өндірісі мамандығын меңгеріп шығады.

– 1998 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алған соң Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуге аттандым. Курчатов қаласында бір жыл әскер қатарында болдым. Әскерден оралып, 1999 жылы туған жерім – Саяқ кенішіне жұмысқа орналастым. Содан бері еңбек жолымның негізгі бөлігі осы кенді өлкемен байланысты болып келеді, – дейді Мұрат Ізтілеуұлы.

Жас маманның алғашқы еңбек баспалдағы сол кездегі ашық тау-кен кеніші – Тастау карьерінен басталған. Мұнда ол тау-кен шебері болып жұмысқа кірісіп, алты жыл бойы кен өндірісінің қазанында қайнайды. Жер қойнауынан кен алып, өндірістің қарқынына үлес қосқан жылдар оның кәсіби шыңдалу мектебіне айналған. Алайда, уақыт өз дегенін жасайды. Тастау карьері жабылған соң Мұрат Ізтілеуұлы еңбек жолын басқа саладан жалғастыруға тура келеді. Саяқ кентіндегі Өрт сөндіру бөліміне басшылық қызметке орналасып, лейтенант шенімен он жыл бойы абыройлы еңбек етеді.

2012 жылы Мұрат Тойшыбеков Саяқ кенішіне қайта оралып, Саяқ-3 шахтасына тау-кен шебері болып жұмысқа кіріседі. Өзінің кәсіби мамандығына қайта оралған азамат кен өндірісіндегі қызметін жалғастырып, тау-кен саласының жауапты жұмысын именбей бастап кетеді. Биыл денсаулығына байланысты жеңілдеу жұмысқа ауысуына тура келген көрінеді. Қазіргі уақытта ол Саяқ кенішінде электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрші-слесарь болып еңбек етуде. Өндірістегі электр жабдықтарының қалыпты жұмыс істеуіне үлес қосып, өз ісін ұқыптылықпен атқарып келеді.

– Еңбек жолым 1998 жылы басталды, сол жылы еңбек кітапшам ашылды. Содан бері әр салада жұмыс істесем де, еңбектен қол үзген жоқпын. Қазір денсаулығыма байланысты жеңілдеу қызмет атқарып жүрмін. Денсаулық жақсарып, жағдайым түзелген соң өзім атқарған мамандығым бойынша жұмысымды жалғастырсам деген ниетім бар. Кен өндірісі – менің мамандығым, өмірімнің үлкен бөлігі, – дейді кенші.

Еңбек адамының өмірі тек өндіріс орнымен өлшенбейді. Оның ең үлкен байлығы – шаңырағы мен ұрпағы. Мұрат Ізтілеуұлы 2002 жылы отау тігіп, бүгінде қарашаңырақта тұрып жатыр. Екі қызы да жоғары оқу орындарын тәмамдап, таңдаған мамандықтары бойынша Алматы қаласында еңбек етуде. Ал, қолындағы ұлы қазіргі уақытта 8-сыныпта оқиды.

Бір қарағанда, Мұрат Тойшыбековтің еңбек жолы бірнеше салаға бөлінгендей көрінеді. Бірақ, олардың бәрін бір арнаға тоғыстырып тұрған ортақ қасиет бар. Ол – адал еңбекке деген беріктік, туған жерге деген сүйіспеншілік.

Айта кетейік, Саяқтың кенді даласы талай адамның маңдай терін көрді. Талай жігіттің жастығын жұтып, талай азаматтың өмірін шыңдады. Солардың қатарында – Мұрат аға бар. Ол әлі де еңбек сапында. Әлі де туған кенішінің тынысын тыңдайды. Тастың тынысын тыңдаған адам, әлі де жер қойнауынан тараған сол бір үнге құлақ түреді. Өйткені, Саяқтың кенішінде еңбеккердің өрілген өмірі, тасында тағдырының жолы, иірімді ізі бар.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

Балқаш – Саяқ – Балқаш

Автор: Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button