Облыс бойынша 31 әлеуметтік қызметкердің орны бос тұр
Жас ұлғайғанда адамды жалғыздық пен көңілдегі қауқарсыздық сезімі бәрінен де қатты қажытатыны жасырын емес. Бүгінгі таңда қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қамқорлық мерекелік сый-сияпатпен ғана шектелмей, күнделікті тұрақты қолдауға ұласып келеді. Президенттің әрбір азаматты сапалы әлеуметтік қызметпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы әлеуметтік мемлекеттің шынайы сипатын айшықтайды.

Аймақта бұл міндет үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мамандар қарияларға тамақ пен дәрі-дәрмек тасып қана қоймай, олардың рухани сүйенішіне де айналған. Десе де, қаладағы қызмет қарқыны мен шалғай ауылдардағы әлеуметтік қызметкерлердің жүктемесін бірдей өлшеу мүмкін емес. Сондықтан, облыстағы бұл қызметтің нақты ауқымы мен мамандардың арқалаған жүгін таразылау аса маңызды. Осы орайда, ресми деректер мен ауыл-аймақтағы шынайы тұрмыс көрінісін қатар өріп, түйткілді сауалдарға жауап іздеп көрейік…
3864 жанға жеткен жәрдем
Облыстың барлық қаласы мен ауданында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 14 бөлімше жұмыс істейді. Биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша олардың қамқорлығында егде жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын 3 864 адам бар. Соның 2 779-ы – қалада, 1 085-і ауылдық елдімекендерде тұрады.
Көрсеткіш соңғы үш жылда сәл кеміген. 2024 жылы үйде әлеуметтік қызметті 3 925 қария алса, былтыр олардың саны 3 914 болған. Үш жылдағы айырма – 61 адам. Бірақ, бұл көмекке мұқтаж қарттар азайды деген сөз емес. Бірі туысының қолына көшсе, енді бірі денсаулығына байланысты стационарлық мекемеге ауысады. Азаматтың тұрмысындағы осындай өзгерістер есепке де әсер етеді.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік мекемелер қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Нұркен Әшімханов, қызмет туысы мүлде жоқ қариялармен ғана шектелмейтінін айтады.
– Қазір облыс бойынша 3 864 егде жастағы азамат үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алады. Оның 1 551-і – жалғыз тұратын қариялар. Ал, 2 313 адамның жақын туыстары болғанымен, олар түрлі себепке байланысты тұрақты күтім көрсете алмайды. Бірінің балалары басқа елдімекенде тұрады, енді бірінің денсаулығы жарамайды. Әр жағдай белгіленген тәртіппен қаралып, азаматтың нақты мұқтаждығы ескеріледі, – дейді Нұркен Әшімханов.
Қызмет алушылардың жасы да жүктің салмағын аңғартады. Үйде көмек көрсетілетін қарттардың 1 276-сы сексеннен, соның ішінде, 303-і тоқсаннан асқан. Көру мен есту нашарлап, қозғалыс баяулаған шақта дүкенге барудың өзі машақат. Дәрігерге жету, құжат рәсімдеу мен төлем жасау да өзгенің қолғабысын қажет етеді.
Үйдегі қызметті азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізумен ғана шектеу – оның шынайы ауқымын тарылтумен пара-пар. Қолданыстағы стандарт сегіз бағытты қамтиды. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, құқықтық, экономикалық, мәдени, педагогикалық және еңбекке бейімдеу. Әрбірінің аясы әр адамның денсаулығына, жасына және тұрмыс жағдайына қарай жеке жоспарланады.
Жеке жоспардың мәні де осында. Қарияның бүгінгі халі кешегідей болмауы мүмкін. Отадан кейін бұрынғыдан көбірек көмек керек болады. Денсаулығы түзелсе, кей міндетті өзі атқаруға талпынады. Демек қызмет адамды әлеуметтік қызметкерге тәуелді етуге емес, қолынан келетін ісін өзі жасауына демеу болуға тиіс. Бір қарияға үйін жинап, азық-түлігін әкелу қажет болса, екіншісіне дәрігер шақыртып, дәрісін уақытылы қабылдауын қадағалау керек. Маман коммуналдық төлемге жәрдемдесіп, емханаға ертіп барады. Жеке үйдегі қарттың пешін жағып, көмірі мен суын кіргізу де осы күнделікті міндеттің бір бөлігі.
Қазыбек би аудандық үйде әлеуметтік көмек көрсету қызметінің есебінде 1 114 адам тұр. Оның 800-і – егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсете алмайтын қарттар мен бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар 200 бала мен 18 жастан асқан, психоневрологиялық ауруы бар 114 адам қызмет алады. Оларға 155 әлеуметтік қызметкер бекітілген. Қарттармен және ересек азаматтармен жұмыс істейтін бір маманға сегіз, балалармен жұмыс істейтінге алты қызмет алушыдан келеді.
– Әлеуметтік қызметкер дәрігердің орнына ем жасамайды. Бірақ қарияның медициналық көмекке қол жеткізуіне жол ашады. Үйге дәрігер шақыртады, бейінді маманның кеңесін алуға көмектеседі, емханаға ертіп барады. Қариямен әңгімелесу, сөзін тыңдау, көңілін көтеру де қызметтің маңызды бөлігі, – дейді бөлімше меңгерушісі Аманкүл Алинова.
«Қамқорлықтың есімі – Қарлығаш»
Осы қызметтің адам өміріндегі түпкілікті мәнін Бейбітгүл Оразғалиеваның баян етуінен аңғара аламыз. Бірінші топтағы мүгедектігі бар қызын бағып отырған кейуанаға әлеуметтік қызметкер Қарлығаш көмектеседі. Ол анасы мен қызының екеуіне де бекітілген.
Бейбітгүл апа бар ғұмырын қызының күтіміне арнады. Ана жүрегі перзентін қанша әлпештеп, тұрмыстың ауыртпалығын сездірмеуге тырысқанымен, жасы ұлғайған сайын өз денсаулығы да сыр бере бастаған. Бұрын бір өзі тындыратын шаруаға енді өзгенің қолғабысы керек.
– Қызым бірінші топтағы мүгедек болған соң оны өзім күтіп-бағып үйде отырмын. Жасым биыл 75-ке келеді. Қанша дегенмен жас емеспіз, денсаулық та сыр береді. Сондықтан, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке іштей өте ризамын. Биыл шілдеде көзіме ота жасалған еді. Ауруханадан шығатын күні Қарлығаш өзі келіп, үйге дейін аман-есен жеткізіп, жолай көзіме тамызатын дәрілерді де алып берді. Үлкен көмек қой! – дейді Бейбітгүл Оразғалиева.
Қарлығаштың келетін күні мен атқаратын шаруасы алдын ала келісіледі. Бейбітгүл апа кешке қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектің тізімін жібереді. Ертеңіне маман керек-жарақты үйге жеткізеді. Емханаға жазылу қажет болса, қабылдау уақытын белгілеп, қарияны өзі ертіп барады.
Бейбітгүл апаның қызы жеке оңалту бағдарламасына сәйкес қажетті техникалық және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген. Жыл сайын шипажайлық емге анасымен бірге барады. Мұндай сапарда егде ананың өзі де сүйемелге мұқтаж.
– Жақында Қарқаралыдағы оңалту орталығында емделіп қайттық. Енді, Құдай қаласа, қыркүйектің аяғында Балқаштағы шипажайға барамыз. Билеттерімізді алып қойдым. Қызымның жағдайына қажетті көмектің бәрін алып отырмыз. Өзім зейнетақымнан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек те аламын, – дейді ол.
Қамқорлық төрт қабырғадағы күтіммен бітпейді. Бейбітгүл апаның қызы қазір зағип және нашар көретін жандардың мәдениет үйі жанындағы көркемсурет және қолөнер үйірмесіне қатысып, алдағы көрмеге бұйым дайындап жүр. Оны үйден алып кетіп, сабағынан соң қайта әкелетін инватакси қоғамдық ортадан оқшауланбауына мүмкіндік берген.
Жеті үйдің жүгі
Облыста үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 712 маман еңбек етеді. Соның 222-сі ауылдық жерде. Бір қызметкерге орта есеппен жеті адамнан бекітілген. Маман әрқайсысының үйіне аптасына кемінде екі рет барып, бір барғанында екі сағаттан аз уақыт бөлмеуге тиіс. Қарапайым есеппен, жеті адамның үй ішіндегі қызметінің өзі аптасына кемінде 28 сағатқа созылады. Бұл уақыттың сыртында бір мекенжайдан екіншісіне жету, дүкен мен дәріханаға бару, коммуналдық төлем жасау, емхана кезегінде тұру және атқарылған қызметті құжатқа түсіру және бар.
Оның үстіне адамның жан дүниесіне түсетін салмақ бар. Қария кейде айта алмаған мұңын маманға шағады, денсаулығына немесе туысымен арақатынасына алаңдайды. Мұндай әңгіменің өзі жалғыздықты сейілтеді. Өйткені, кей қарияға дүкеннен азық әкелгеннен гөрі айтқанын асықпай тыңдайтын адам қымбат.
– Облыс бойынша әлеуметтік қызметкерлердің 31 орны бос. Кадр қажеттілігі әсіресе, Балқаш қаласында, Нұра және Осакаров ауданында сезіледі. Ең жоғары салмақ Балқаш қаласы мен Абай, Ақтоғай ауданына тиесілі. Орташа айлық еңбекақы – 195 мың теңге. Кейінгі үш жылда кадрлардың жаппай кетуі байқалған жоқ. Қызметтен босау жағдайлары бірлі-жарым, негізінен өз еркімен шығуға немесе зейнет жасына жетуге байланысты. Дегенмен, кей қалалар мен аудандарда маман қажеттілігі әлі де бар, – дейді бөлім басшысы Нұркен Әшімханов.
Қазыбек би аудандық бөлімшеде де жағдай біршама тұрақты. Аманкүл Алинова мұнда кадр тапшылығы жоққа жуық екенін, мамандардың өзіне бекітілген әр адамның жағдайын жақсы білетінін айтады. Алайда, штаттың толықтығы жұмыстың жеңілдігін білдірмейді. Қаладағы бір-біріне жақын сегіз үйді аралау мен бірнеше ауылға шашыраған жеті шаңыраққа жетудің арасы жер мен көктей.
Ауылдағы қарттың қажеті қаладағы қариядан өзге емес. Оған да дәрі-дәрмек, азық-түлік, медициналық көмек пен жылы сөз керек. Айырмашылық – сол көмектің үйге дейінгі жолында.
Басқарма мамандары ұсынған мәліметте, шалғай елдімекендердегі қызмет алушыларға баратын мамандар негізінен рейстік автобусқа мінеді делінген. Бір бағыттағы ең алыс қашықтық – 45 шақырым. Ал, ауылдағы әлеуметтік қызметкерлерге қызметтік көлік берілмеген.
Қағазда қаладағы маманға да, ауылдағысына да бірдей жеті-сегіз адам бекітілуі мүмкін. Бірақ, қаладағы маман бірнеше аялдаманың арасын жүрсе, ауылдағысы бір қарияға жету үшін рейс кестесіне тәуелді болып, сағаттап жол жүреді. Жол ақысын өтеуде де бірыңғай тәртіп жоқ. Қоғамдық көлікпен қатынайтын мамандардың жол шығыны Қарағанды мен Теміртауда өтеледі. Облыстың өзге қалалары мен аудандарында мұндай өтемақы қарастырылмаған. Демек көлік желісі жақсы дамыған ірі қалаларда жолақы өтеледі де, бірнеше ауылға қатынайтын қызметкер жол қаражатын өз қалтасынан шығарады. 195 мың теңге айлық алатын маман үшін бұл елеулі шығын екені айтпаса да түсінікті.
Рейс уақыты сәйкес келмей, жеке көлікке не таксиге жүгінуге тура келсе, шығын тіпті, ұлғаяды. Қыста боран соғып, жол жабылғанда немесе автобус қатынасы тоқтағанда кей ауылдағы қызмет кешігеді.
Қарияларды емханаға, ауруханаға және өзге де әлеуметтік маңызы бар мекемелерге жеткізу Қарағанды, Саран, Теміртау қалаларында, Бұқар жырау мен Осакаров аудандарында қарастырылған. Қалған аумақтарда қызмет алушының медициналық ұйымға жетуі жергілікті мүмкіндікке тәуелді. Ауылда бейінді дәрігер мен дәріхана жоқ болса, бұл түйткіл тіпті, өткірлене түседі.
Үйдегі күтімнен стационарға дейін
Қарт адамның өз шаңырағында, үйренген ортасында өмір сүргеніне не жетсін?! Үйде көрсетілетін қызметтің түпкі мақсаты да – қарияны бірден мекемеге орналастыру емес, мүмкіндігінше өз үйінде қауіпсіз әрі дербес өмір сүруіне жағдай жасау. Дегенмен, денсаулық күрт нашарлап, адам төсектен өздігінен тұра алмаса, аптасына бірнеше рет көрсетілетін көмек аздық етуі мүмкін. Ондай адамға тәулік бойы біреудің жанында болуы қажет. Осындай жағдайда стационарлық әлеуметтік мекемеге орналастыру мәселесі шетін шығады.
Үйде арнаулы қызмет алып жүрген 36 қарт кейін стационарлық ұйымдарға жіберілген. Бұған олардың өзіне-өзі қызмет ету мүмкіндігін толық жоғалтуы себеп болған. Мұны «қарияны қарттар үйіне өткізіп жіберу» деп жаңсақ түсінбеген жөн. Өйткені, тәулік бойы күтім керек адамның жанында үнемі біреу болуы шарт.
Аймақтағы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған стационарлық әлеуметтік ұйымдардың жалпы сыйымдылығы – 301 орын. Тамыз айында 22 орын бос болғанымен, кезекте екі адам тұрған. Өйткені, орналастыру кезінде бос кереуеттің санымен қатар қызмет алушының денсаулығы, қажетті күтімнің сипаты, мекеменің бейіні және құжат рәсімдеу тәртібі де ескеріледі.
Жаңғырудың межесі – қызмет сапасы
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау – саладағы соңғы өзгерістердің бірі. Енді меншік нысанына қарамастан, мұндай мекемелер ғимаратының, материалдық-техникалық базасының, кадрлық құрамы мен қауіпсіздік талаптарына сай екенін растауға тиіс. Мақсат – мекеме санын көбейту емес, көмектің ортақ сапа өлшемін қалыптастыру.
Бұл, ең алдымен, өз құқығын толық қорғай алмайтын қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігі үшін керек. Қызмет алушы мемлекеттік бөлімшеге не жекеменшік ұйымға жүгінсе де, оның қадір-қасиеті, қауіпсіздігі мен құқы бірдей қорғалуы керек. Ортақ талаптың мәні осында жатыр.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізді. Сонымен бірге, жан басына шаққандағы қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылуда. Осы арқылы шығындарды оңтайландырып, көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту көзделеді, – дейді Нұркен Әшімханов.
Облыста үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметті қаржыландыру көлемі кейінгі үш жыл бойы ұлғайған. Бірақ, қаражаттың артуы нақты қызмет сапасына ұласқанда ғана нәтижелі. Оның өлшемі – штаттың толуы, маманның лайықты еңбекақысы, қарияға уақытылы жететін көлік және күнделікті қажеттіліктің толық өтелуі.
Жан басына шаққандағы қаржыландыруда қала мен ауылдың айырмасы ескерілмесе, қағаз жүзінде тең бөлінген қаражат іс жүзінде бірдей мүмкіндік бермейді. Өйткені, шалғайдағы қызметке жол ақысы, сапарға кететін уақыт, көлік тапшылығы мен ауа райының құбылуы қосылады.
Лицензиялау да құжат түгендеу мен ғимаратты тексерумен аяқталмауға тиіс. Үйдегі қызметтің негізгі бөлігі мекеме қабырғасынан тыс жерде өтеді. Сапа маманның қарияға уақытылы жетуінен, керегін жеткізуінен, өтінішін тыңдап, қиындық туған кезде тиісті мекемемен байланыс орната алуынан көрінеді.
Ілгеріде айтылған түйткілдер арнайы мамандардың ерен еңбегін ешқашан жоққа шығармақ емес. Керісінше, бұл жүйенің үш мыңнан астам адамның күнделікті тіршілігіне толық араласып, олардың өмір сапасын жақсартып отырғаны – оның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенінің айқын дәлелі. Алдағы басты міндет – қала мен шалғай ауыл арасындағы мүмкіндік айырмашылығын шектеп, қалыптасқан әлеуметтік тіректі одан әрі нығайту.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



