Бас тақырыпЖаңалықтар

1600-ден астам жас ҚарҰЗУ-дың грант иегері атанды

Биыл академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіне мемлекеттік білім беру грантымен оқуға түсетін талапкерлер қатары молайды. 2026-2027 оқу жылында 1600-ден астам жас университеттің грант иегері атанды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары.

Суретті түсірген Гүлнара ШӨМЕНОВА

Тағы бір ерекшелік – талапкерлердің білім деңгейінің жоғары болуы. Биылғы грант иегерлері арасындағы ең жоғары нәтиже – 131 ұпай. Оқу орнының «ұлттық мәртебе» алуы талапкерлердің қызығушылығын арттырып отыр. Барлық білім беру бағдарламалары бойынша шекті балдың көтерілуіне қарамастан, грант иегерлерінің саны өскен. Осы ретте университет жоғары білім алуға қабілетті, білімі мықты жастарды тартуды басты мақсаттарының бірі ретінде айқындап отыр.

Биыл білім беру бағыттарында 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлердің үлесі айтарлықтай жоғары болды. Мәселен, «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыты бойынша олардың үлесі 89,4 пайызға, «Бизнес, басқару және құқық» бойынша 85,7 пайызға, ал, «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағытында 75 пайызға жеткен. Ең жоғары конкурс «Химия», «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» және «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» мамандығында қалыптасты. Аталған білім беру бағдарламаларына тиісінше 169, 132 және 122 грант бөлінген. Әсіресе, химия бағыты ерекше назар аудартады. Бұл мамандыққа бөлінген 169 грант – биылғы қабылдаудағы ең жоғары көрсеткіш. Университет мамандары мұны оқу ордасында қалыптасқан ғылыми мектептің нәтижесімен байланыстырады.

Академик Евней Бөкетов негізін қалаған химия мектебінің дәстүрі бүгінде жалғасып келеді. Педагогикалық бағыттағы көрсеткіштер де көңілге қонымды. Педагогикалық мамандықтарға қызығушылықтың артуына «Педагог мәртебесі туралы» заңның да ықпалы бар. Құжат педагогтердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, олардың әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыруға бағытталған.

Қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, химия, биология, математика, орыс тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерін даярлау бағдарламаларына қабылданған грант иегерлерінің 50,3 пайызы 100-ден жоғары ұпай жинаған. Болашақ мұғалімдердің жартысынан астамы жоғары нәтижемен оқуға түсті. Университетке қабылдау көрсеткіштері өңірдің экономикалық сұранысымен де тығыз байланысты. Биыл химия мамандықтарына – 169, жер туралы ғылымдарға – 107, физикаға – 96, математика және статистикаға – 63, химиялық инженерия мен процестерге 52 грант бөлінген. Ақпараттық технологиялар мен коммуникациялар бағыты бойынша тағы 47 грант қарастырылған. Мамандықтардың басымдығы Қарағанды өңірінің өндірістік ерекшелігімен сабақтас. Металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және энергетика салалары дамыған аймақта инженерлік-техникалық кадрларға сұраныс тұрақты. Сондықтан, жоғары оқу орнының маман даярлау бағыты да еңбек нарығының қажеттілігіне бейімделіп келеді.

Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша университетке 433 талапкер қабылданды. Олар – негізінен халық тығыз орналасқан өңірлерден келіп, елдің индустриялық орталығында білім алуды таңдаған жастар. Университетте жыл сайын жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бағдарлама қатысушыларының үштен бір бөлігі оқу орнын қайта таңдайды. Биыл «Серпін» бойынша ең көп грант «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы», «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» және «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» бағытына бөлінген. Жалпы, биылғы грант иегерлері Қазақстанның барлық 20 өңірінен келген. Батыс өңірлерден талапкерлер саны айтарлықтай өскен. Қандастар квотасы бойынша 52 талапкер грант иеленсе, әскери борышын өтеп келген жастарға арналған жеке квота аясында 25 грант бөлінген.

Айта кету керек, бұл көрсеткіштер 2026-2027 оқу жылына қабылдаудың түпкілікті қорытындысы емес. Қазір ақылы негізде оқуға түсетін талапкерлерді қабылдау жалғасып жатыр. Қосымша білім беру гранттары бойынша конкурстардың қорытындысы шығарылып, олардың иегерлерін оқуға қабылдау жұмыстары жүргізіледі.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button