Бас тақырыпЖаңалықтар

26 тамыз – Қазақ шекарасы айқындалған күн

Бүгін – қазақ тарихындағы маңызды күн. Осыдан 106 жыл бұрын, 1920 жылғы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы декрет қабылданды. Құжат қазақ автономиясының аумағын заң жүзінде бекітіп, кейінгі мемлекеттік шекараның қалыптасуына негіз болды.

Суреттер Ақтоғай ауданының кітапханасынан

Осы тарихи шешімнің алдында Мәскеуде қазақ жерінің шекарасы қызу талқыланды. 1920 жылғы 17 тамызда Владимир Лениннің төрағалығымен өткен Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде Әлімхан Ермеков Қазақстанның аумақтық мәселесі бойынша баяндама жасап, қазақ жерінің тұтастығын қорғады.

Ермеков өз баяндамасында қазақ өлкесінің тарихи, шаруашылық және этникалық ерекшеліктерін алға тартты. Нәтижесінде қазақтардан бұрын тартып алынған бірқатар жерлерді автономия құрамына қайтару мәселесі шешілді.

Жары Рақия және балалары Мағауия мен Раушан (Рауилия)

Әлімхан Ермеков – қазақтан шыққан тұңғыш профессор-математик, қазақ тіліндегі математикалық терминология мен оқулықтардың негізін қалаған ғалым. Бірақ оның ең үлкен тарихи еңбектерінің бірі – ел аумағының тұтастығын сақтауға қосқан үлесі.

Сондықтан, 26 тамыз – жай ғана тарихи дата емес. Бұл күн қазақ жерінің аумақтық тұтастығы заң жүзінде бекітілген кезеңді еске салады. Ал сол тарихи сәтте ел мүддесін қорғаған Әлімхан Ермековтің есімі ұрпақ жадында лайықты орын алуы тиіс.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button