Шыңғыс Сүйінбаев Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды
Қарағанды облысы әкімінің жаңа орынбасары болып Шыңғыс Сүйінбаев тағайындалды. Ол бұл қызметке Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен тағайындалды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ермек Алпысов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шыңғыс Сүйінбаевтың тәжірибелік білімі мен кәсіби дағдылары жаңа қызметінде өз әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Шыңғыс Сүйінбаев еңбек жолын ҚР Индустрия және құрылымдық даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «ҚазМетрИн» РМК жанындағы «Қазақстан салыстырып тексеру қызметі» ЕМК Алматы филиалында 1-санатты маман болып бастаған. Кейін тексеру зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінде, кейін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде басшылық қызметтер атқарды.
2022–2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.
2023 жылғы қараша айынан бастап бүгінгі тағайындауына дейін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



