ҚарқаралыАймақБас тақырып

Қарқаралы ауданында заманауи Жедел басқару орталығы іске қосылды

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарқаралы ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заманауи Жедел басқару орталығы жұмысын бастады. Оған аудан аумағындағы мыңдаған бейнебақылау камерасы қосылып, полиция қызметкерлеріне көшелермен қатар, білім беру ұйымдары мен балабақшалардағы қауіпсіздікті бір орталықтан бақылауға мүмкіндік берді.

Суреттер Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметінен

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Қақажанов Қарқаралы ауданына жұмыс сапары барысында жаңадан іске қосылған Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.

Облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Қарқаралыда 40 мыңға жуық тұрғын тұрады. Табиғаты көркем, туристік әлеуеті жоғары өңірде қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі саналады.

Осы мақсатта Қарқаралы аудандық полиция бөлімінде заманауи талаптарға сай Жедел басқару орталығы іске қосылды. Оның жұмысымен аудандық прокуратура мен жергілікті атқарушы орган өкілдері де танысты.

Қазіргі таңда орталыққа аудан орталығында орналасқан 2 541 бейнебақылау камерасының 954-і қосылған. Сонымен қатар 42 білім беру ұйымындағы 898 камераның 601-і және төрт балабақшадағы 125 камера жүйеге енгізілген.

Бұл полиция қызметкерлеріне аудан орталығындағы криминогендік ахуалды тұрақты бақылап қана қоймай, білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі мекемелердегі қауіпсіздік жағдайын да жедел қадағалауға мүмкіндік береді.

Бейнебақылау жүйесінің тиімділігі алғашқы нәтижелерден-ақ байқалып отыр.

«Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары іске қосылғалы бері 40-тан астам құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, бірқатар қылмыс ашылды. Бұл – аудан орталығында заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды құрал», – деді Қарқаралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бекұлан Ташмағанбетов.

Орталықтың тағы бір артықшылығы – дроннан түсірілген бейнежазбаны онлайн режимде бақылау мүмкіндігі. Бұл әсіресе көлікпен жету қиын таулы аумақтарда іздестіру жұмыстарын жүргізу, жоғалған адамдарды табу және заңсыз қоқыс орындарын анықтау кезінде тиімді.

Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергеновтің айтуынша, өңірге туристер ағынының артуына байланысты қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

«Қарқаралы – туристік әлеуеті жоғары өңір. Мұнда еліміздің әр аймағынан көптеген демалушы келеді. Кейде тауға шыққан азаматтардың адасып қалатын жағдайлары кездеседі. Сондықтан дроннан түсірілген бейнежазбаны Жедел басқару орталығынан онлайн бақылау мүмкіндігінің пайда болғаны қуантады. Қажет болған жағдайда төтенше жағдай кезінде аумақтағы ахуалды осы орталық арқылы бақылауға болады. Осыған байланысты алдағы уақытта полиция бөліміне қосымша дрон алу мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді қала әкімі.

Жұмыс сапары барысында Жанат Қақажанов орталықтың техникалық мүмкіндіктерімен танысып, оның жұмысын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, полиция департаменті бастығының орынбасары бейнебақылау жүйесінде қолданылатын жасанды интеллект технологияларының санын арттыруды тапсырды. Қазірдің өзінде жасанды интеллект элементтері бар камералар құқық бұзушылық белгілерін анықтап, полиция қызметкерлерінің оқиғаға жедел ден қоюына мүмкіндік беріп отыр.

Мұндай технологияларды көбейту бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттырып, полицияның алдын алу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Жедел басқару орталығына қосылған камералар санын кезең-кезеңімен арттырып, ауданның қауіпсіздік жүйесін заманауи цифрлық технологиялармен одан әрі күшейту тапсырылды.

Қарқаралыдағы Жедел басқару орталығы – «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи цифрлық шешімдердің бірі. Оның мүмкіндіктерін кеңейту арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстарды жедел анықтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі күшейтілмек.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Фотоға түсініктеме: Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметінен

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button