ЖаңалықтарАймақБас тақырыпБұқар жырау

Бұқар жырау ауданында телемедицина іске қосылды

Бұқар жырау ауданында денсаулық сақтау жүйесін белсенді дамыту мен заманауи цифрлық технологияларды енгізу ісі жалғасуда. Бұл жұмыстың маңызды бір бағыты ауылдық елді мекендердің тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашып, мамандандырылған медициналық көмекті барынша қолжетімді жасайтын телемедицина болып отыр.
Осы орайда биылғы 15 маусымнан бастап “Бұқар жырау аудандық ауруханасы” КМК телемедициналық кеңес беруді неғұрлым дамытуда. Оның басты мақсаты–қай елді мекенде тұрғанына қарамастан, ауданның әрбір тұрғыны үшін білікті медициналық көмекті жақын қылу.

Суреттер аудандық аурухананың баспасөз қызметінен

Ауыл тұрғындары үшін бұл ерекше маңызды. Өйткені аудан немесе облыс орталығына дейінгі арақашықтық, көлік шығындары мен уақыт жоғалту көп ретте медициналық көмекке жүгінуде қосымша қиындықтар туғызады. Ал Телемедицина бұл мәселелердің елеулі бөлігін шешуге мүмкіндік береді: емделуші өз аулының медициналық пунктінде немесе дәрігерлік амбулаториясында отырып-ақ білікті маманнан кеңес ала алады.

Бүгінгі таңда MED 365 телемедициналық жабдығымен ауданның 27 медициналық мекемесі жарақтандырылған. Соның арқасында ауылдық елді мекендердің медициналық қызметкерлерін аудандық және облыстық деңгейдегі мамандармен біріктіретін бірыңғай цифрлық желі қалыптасуда. Телемедицина–бәрінен бұрын, емделуші үшін қолайлылық пен қолжетімділік.
Егер жалпы тәжірибе дәрігеріне тар мамандық дәрігерінен кеңес алу қажет болса, емделушінің өз бетімен басқа елді мекенге бар уақытта баруы талап етілмейді. Белгіленген уақытта медициналық қызметкер маманмен дистанциялық байланыс орнатады.

Кеңес беру кезінде дәрігер емделушінің медициналық мәліметтерімен және жүргізілген зерттеулердің нәтижесімен танысып, онымен сөйлесіп, қажетті ұсыныстар бере алады.

 

Заманауи MED 365 жабдығы тікелей сол жерде бірқатар диагностикалық процедураларды өткізуге мүмкіндік береді. Бұл кешенге цифрлы электрокардиограф, стетофонендоскоп, отоскоп, пульсоксиметр, спирометр,тонометр, цифрлық таразы мен бейне байланысқа арналған жабдық кіреді. Сөйтіп, осы заманғы медицинаның мүмкіндіктері шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін де қолжетімді бола түседі. Бұдан Бұқар жырау ауданы цифрлық медицина бағытында сенімді түрде алға басып, сапалы және қолжетімді медициналық көмектің әр тұрғынға жақындай түскені көрінеді.

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Автор: Ержан ИМАШ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button