Қарағандылық роботтехниктер халықаралық додада жүлде алды
Қарағандылық жас робототехниктер Бейжіңде өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026 халықаралық чемпионатында жүлдеге ие болды. «Мұрагер» мектебінің ASTRIX командасы 500-ден астам команданың арасынан ІІІ орын алса, «Дарын» мектебінің Ancient-TREX командасы Breakthrough Award – «Жыл серпілісі» арнайы жүлдесін жеңіп алды.

Бәсекеге әлемнің 30-дан астам елінен 5 мыңнан астам адам қатысты. Ancient-TREX үшін бұл – әлемдік аренадағы алғашқы жарыс.
— Біз түрлі тапсырмалар мен 3D артефактілерден тұратын интерактивті ойын жасадық. Арнайы платформа арқылы олардың әрқайсысын жан-жақты қарап, зерттеуге мүмкіндік бар. Биыл жобамызды одан әрі жетілдіріп, ойынға Arduino технологиясын қостық. Ойын алаңына арнайы магниттер жалғанған. Олардың көмегімен ойын барысында танымдық бейнематериалдар автоматты түрде іске қосылады, – деді команда жетекшісі Айша Орынбасар.

Қарағандылық оқушылар археологияны IT технологияларымен ұштастырған интерактивті жоба ұсынды. Жоба Ұлы Жібек жолы тақырыбына негізделіп, Қазақстан мен Қытай тарихын байланыстырады.

Команда мүшелерінің айтуынша, халықаралық дода олар үшін үлкен тәжірибе болды. Жас роботтехниктер алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



