Елімізде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артты
2026 жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстанда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға өсіп, 5 061,1 млрд теңгені құрады. Бұл жайлы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.

Құрылыс жұмыстарының негізгі үлесін автомобиль жолдары, теміржолдар мен метролар құрылысы – 24,7%, тұрғын емес ғимараттар құрылысы – 21,4%, тұрғын үйлер құрылысы – 13,4% құрады. Жұмыстардың 90,1%-ы жеке құрылыс ұйымдары, 9,2%-ы шетелдік, 0,7%-ы мемлекеттік ұйымдар тарапынан орындалды.
Құрылыс жұмыстары көлемінің өсуіне имараттарды салу және жөндеу жұмыстарының 19,5%-ға артуы әсер етті. Өңірлер арасында ең жоғары өсім Ұлытау облысында – 3 есе, Қызылорда облысында – 34,9%, Павлодар облысында – 32%, Атырау облысында – 27,9% және Түркістан облысында – 25,7% тіркелді.
Есепті кезеңде пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы алаңы 12 339 мың шаршы метрді құрады. Оның ішінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 9 746 мың шаршы метрге жетіп, бір жылда 3,9%-ға өсті. Оның 6 546,4 мың шаршы метрі көппәтерлі, 3 157,9 мың шаршы метрі жеке тұрғын үйлерге тиесілі. Тұрғын үйлердің 95,3%-ын жеке құрылыс салушылар пайдалануға берген.
Білім беру және денсаулық сақтау салаларында да жаңа нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 18 090 орынға арналған 32 жалпы білім беретін мектеп, 4 207 орынға арналған 32 мектепке дейінгі ұйым, ауысымына 198 келушіге арналған 6 амбулаториялық-емханалық ұйым іске қосылып, ауруханаларда 120 қосымша төсек-орын пайдалануға берілді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



