Қарағанды мен Қытай арасында тікелей әуе рейсі ашылады
Қарағанды мен Қытайдың Үрімші қаласы арасында жаңа тұрақты әуе рейсін ашу жоспарланып отыр. Бұл бастаманы Қазақстан Көлік министрлігінің өкілдерімен өткен кездесуде Қытайдың “Urumqi Airlines” әуе компаниясы ұсынды.

Жоба жүзеге асқан жағдайда Қарағанды тұрғындары үшін Қытайға тікелей әуе қатынасы қолжетімді болып, өңірдің туристік, іскерлік және сауда-экономикалық байланыстарын дамытуға жаңа мүмкіндік ашылады. Сондай-ақ жаңа бағыт жолаушылар ағынын арттырып, екі ел арасындағы көлік қатынасын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Кездесу барысында Urumqi Airlines Қазақстанға жаңа бағыттар ашу жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, “Үрімші-Қарағанды”, “Құлжа-Астана” және “Құлжа-Алматы” бағыттары қарастырылып жатыр. Өз кезегінде қазақстандық тарап әуе компаниясына болашақта Өскемен, Семей, сондай-ақ жаңадан салынып жатқан Зайсан мен Қатонқарағай әуежайларына да рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Тараптар сондай-ақ Қазақстанда өңірлік әуе тасымалдарын дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



