Тұлға туралы туынды
Арқа журналистикасында айрықша із қалдырған қаламгер, журналист, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Мақсым Омарбековтің өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған «Қарқаралының Максимі» кітабы оқырманға жол тартты. Туындының тұсаукесері Қарқаралы қаласындағы Ш.Жандарбекова атындағы мәдениет үйінде өтіп, қаламгердің замандастары, әріптестері, туған-туыстары мен әдебиет сүйер қауымның басын қосты.

Кітаптың авторы – қаламгердің ұлы, журналист Мақсат Мақсымұлы. Ол бұл еңбегінде әкесі туралы жүрекжарды естеліктерін, ой-толғамдарын және көпшілікке бұрын жария болмаған деректерді жинақтаған. Сонымен бірге, кітапта Мақсым Омарбековтің жазушылық, журналистік және қоғамдық қызметіне кеңінен шолу жасалып, оның ұлттық журналистика мен әдебиетке қосқан үлесі сараланған. Қаламгердің бірқатар шығармасы әдеби-танымдық тұрғыдан талданып, қаламгерлік қолтаңбасы мен шығармашылық әлемінің ерекшеліктері екшелген.
Тұсаукесерде Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергенов пен Қарқаралы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сайлау Әлиұлы сөз сөйлеп, Мақсым Омарбековтің өңір руханияты мен қоғамдық өміріндегі орнына тоқталды. Сондай-ақ, жиын барысында қаламгердің замандастары да естеліктерімен бөлісті. Ардагер дәрігер Серік Жекеев, ардагер кітапханашы Нұрбану Нұрғалиева, ардагер ұстаз Дана Бақтыбаева және Семейден арнайы келген әулет туысы Қизат Демесін Мақсым Омарбековтің кәсіби шеберлігі, адамгершілігі мен елге деген жанашырлығы туралы жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Олар оның әділдігі, сөзге беріктігі, жас журналистерге көрсеткен қамқорлығы мен қаламгерлік ортадағы абыройы жайында тағылымды оқиғаларды еске алды.
Тұсаукесер рәсімін ақын Руслан Нұрбай жүргізді. Кештің рухани ажарын Балдырған Жекеева, Аида Әбілқасымова және Нұрсұлтан Қасымбек орындаған әсем әндер айшықтай түсті. Кітап авторы Мақсат Мақсымұлы жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, әке мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуді перзенттік парызы санайтынын айтты.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»
Қарқаралы ауданы



