Ғарышкер ғұмырының ғибраты
Мерейтой қарсаңында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстанның Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері, жерлесіміз Тоқтар Әубәкіровтің өмірі мен қызметіне арналған библиографиялық жадынама әзірледі.

Жаңа басылымда ғарышкердің ғибратты ғұмыры мен еңбек жолына қатысты қысқаша анықтамалық мәліметтер беріліп, ол туралы жарық көрген кітаптар, ғылыми және танымдық мақалалар, мерзімді басылымдардағы жарияланымдар мен электрондық ресурстар жүйелі түрде топтастырылған. Әрбір материал библиографиялық талаптарға сай сипатталып, оқырманды тақырыпқа қатысты сенімді әрі шынайы ақпарат көздеріне бағыттайды.
– Басылымның негізгі мақсаты – оқырманға сенімді әрі жүйеленген ақпарат ұсынып, Тоқтар Әубәкіров туралы әдебиеттерді тез әрі толық табуына мүмкіндік жасау. Библиографиялық көрсеткішті әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен, тақырып бойынша әдебиеттерге кешенді іздеу жүргізілді. Кейін жиналған материалдар іріктеліп, олардың библиографиялық сипаттамалары қолданыстағы стандарттарға сәйкес рәсімделді. Ақпараттың дұрыстығы бірнеше дереккөз арқылы салыстырылып тексеріліп, мазмұны жүйеленді. Библиограф ретінде басты міндетім – оқырманға нақты, сенімді және реттелген ақпарат ұсыну. Осындай еңбектер арқылы ұлттық тұлғалардың өмірі мен қызметін насихаттап, олардың мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қоса алғаныма қуаныштымын, – дейді басылымды құрастырушы, кітапхананың Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі Ұлттық библиография секторының басшысы Елдана Хамзеқызы.
Батырдың 80 жылдық мерейтойына орай жарық көрген библиографиялық жинақ бүгінде кітапхананың ресми сайтында жарияланды. Тоқтар Әубәкіровтің өнегелі өмірімен, тұлға турасындағы қызықты деректермен танысқысы келетін оқырман үшін бұл басылым құнды да таптырмас құрал болары кәдік.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



