Starlink ауыл мектебінің тынысын ашты
«Барша бала сапалы білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы тиіс. Бұл үшін қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою қажет», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін дамытудағы басым бағыттардың бірін айқындаған болатын. Ауыл баласының арманы қала баласының мүмкіндігінен кем болмауы керек. Бұл – Президенттің білім саласына қатысты ұстанымының өзегі. Шынында да, бүгінгі білімнің сапасы мектептің қай жерде орналасқанымен емес, оның қандай мүмкіндікке ие болғанымен өлшенеді. Кеше ғана интернеттің әлсіздігі салдарынан онлайн сабаққа әрең қосылған ауыл оқушысы бүгінде әлемнің жетекші білім платформаларымен қатар жұмыс істеп отыр.

Білім басқармасының дерегінше, Қарағанды облысында соңғы жылдары ауыл мектептерін цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде биыл өңірдегі 106 ауылдық мектеп Starlink жоғары жылдамдықты спутниктік интернетіне қосылып, шалғай ауыл мектептерін интернетпен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Бұл сандық көрсеткіш қана емес. Бұл – мыңдаған ауыл баласының сапалы білімге тең мүмкіндік алғанының дәлелі.
Бүгінде интернет байланысы мектеп үшін қосымша қызмет емес, білім беру процесінің негізгі құралына айналды. Сабақтың басым бөлігі цифрлық платформалармен байланысқан. Мұғалімдер электронды ресурстарды пайдаланады, оқушылар халықаралық олимпиадаларға онлайн қатысады, ғылыми жобаларын әлемнің кез келген сарапшысына ұсына алады. Бұрын ауылдағы оқушы үшін қолжетімсіз болып көрінген дүниелер бүгінде күнделікті білім беру үдерісінің бір бөлігіне айналып келеді. Starlink жүйесінің басты ерекшелігі – шалғай елдімекендерде де тұрақты әрі жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімді болуы. Бұрын ауа райының қолайсыздығы немесе байланыс желісінің әлсіздігі онлайн сабақтардың сапасына әсер ететін. Кей ауылдарда бейнесабақ көрудің өзі қиын еді. Қазір бұл мәселе шешімін тауып келеді. Бұл өзгеріс ең алдымен оқушының білім алу мүмкіндігін кеңейтті. Әлемдік білім платформалары, виртуалды зертханалар, халықаралық олимпиадалар мен онлайн курстар бұрынғыдай арман емес. Оқушылар Coursera, Khan Academy, BilimLand секілді білім ресурстарын пайдаланып, өздігінен білімін толықтыра алады. Жасанды интеллектіге негізделген сервистер арқылы тапсырмаларды орындап, күрделі тақырыптарды терең меңгеруге мүмкіндік алды.
Бүгінде Қарағанды облысында 404 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 221-і ауылдық елдімекендерде орналасқан. Қазіргі таңда өңірдегі барлық білім беру ұйымдары интернетке қосылып, Оқу-ағарту және Цифрлық даму министрліктері белгілеген ең төменгі жылдамдық талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл соңғы жылдары жүргізілген цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының нәтижесі. Starlink технологиясының басты артықшылығы – интернеттің жылдамдығы ғана емес, байланыс тұрақтылығының артуы. Бұрын шалғай ауыл мектептері жерден шамамен 36 мың шақырым қашықтықтағы геостационарлық спутниктер арқылы қосылып, интернет жылдамдығы орта есеппен 8 Мбит/с деңгейінде болатын. Ал, төмен орбитада жұмыс істейтін Starlink спутниктері білім беру ұйымдарын 80-200 Мбит/с аралығындағы жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіп отыр. Соның арқасында 86 ауыл мектебінің оқушылары мен педагогтері цифрлық білім беру платформаларын, онлайн курстар мен заманауи білім ресурстарын еш кедергісіз пайдаланып, оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік алды.
Starlink жүйесінің тиімділігі бүгінде оны алғаш болып пайдаланған ауыл мектептерінде анық байқалып отыр. Соның бірі – Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті жалпы білім беретін мектебі. Бұған дейін оқу орнындағы интернет жылдамдығы небәрі 8 Мбит/с болған. Бұл бір мезгілде бірнеше кабинетте онлайн платформаларды пайдалануға мүмкіндік бермейтін.
– Starlink бізге 25 мамырда орнатылды. Бұл өте жақсы мүмкіндіктер береді. Мұғалімдер мен оқушылар риза, жаңа оқу жылында жақсы интернет болады. Бізде төрт информатика кабинеті бар, мектепте 100 компьютер бар: олар әр оқу кабинетінде орнатылған. Бұрын төмен жылдамдыққа байланысты бір мезгілде барлығы жұмыс істеу үшін интернетке кіру мүмкін болмады. Енді бұл мәселе шешілді. Мұғалімдер кез келген цифрлық білім беру ресурстарын пайдалана алады, кез келген уақытта көп күтпестен бейне сабақтар өткізе алады, – деді Көкпекті орта мектебінің директоры Гаухартас Жаймина.
Жобаны іске асыру алдында өңірдегі барлық мектептердің интернет инфрақұрылымына кешенді талдау жүргізілген. Нәтижесінде 412 жалпы білім беретін мектептің 106-сында интернет жылдамдығы білім беру ұйымдары үшін белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл елдімекендерде байланыс жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндігі болмағандықтан, спутниктік Starlink технологиясын енгізу туралы шешім қабылданды. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алғашқы болып Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Қарқаралы аудандарының мектептері жаңа жүйеге қосылды. Бұл шешім талшықты-оптикалық байланыс желілері толық тартылғанға дейін шалғай ауылдардағы білім беру ұйымдарын тұрақты әрі талапқа сай интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мектеп аумағында спутниктік табақ орнатылып, бірінші қабатқа маршрутизатор мен арнайы жабдық қойылған. Барлық оқу кабинеттеріне жергілікті желі тартылып, цифрлық инфрақұрылым толық жаңартылған. Соның арқасында бұрын бірнеше сағат бойы жүктелетін электронды журналдар мен білім платформалары бүгінде санаулы секунд ішінде ашылады.
Жоба өңірдегі цифрлық теңсіздікті жоюға бағытталған. Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жұмахановтың айтуынша, жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

– Облыс бойынша бізде 410 мектеп бар, оның 106-сында интернет жылдамдығымен проблемалар болды. 20 мамырдан бастап олар SpaceX компаниясының Starlink технологиясы бойынша кең жолақты интернетке қосыла бастады. Жұмысты шілде айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жобамен барлығы 8,5 мың бала қамтылады, – деді Мейіржан Жұмаханов.
Starlink жүйесі – уақытша шешім емес, ауыл мектептерін толық цифрландыруға бастайтын маңызды кезең. Өйткені, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін Қарағанды облысының 164 елдімекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілері тарту жоспарланған. Бұл жүзеге асқан кезде ауыл мектептеріндегі интернет жылдамдығы бұдан да жоғары деңгейге көтеріліп, цифрлық білім беру мүмкіндіктері кеңейе түседі. Сонымен бірге, мектептерде Digital matematika, BilimTest сияқты білім беру платформалары енгізіліп жатыр. Мұғалімдер жасанды интеллект элементтері бар бағдарламалардың көмегімен сабақ жоспарын әзірлеп, оқушылардың білім деңгейін саралап, әр балаға жеке тапсырма дайындай алады. Бұл педагогтің уақытын үнемдеп қана қоймай, оқу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Білім саласының мамандары ауыл мен қала арасындағы айырмашылықтың ең үлкен себептерінің бірі ұзақ уақыт бойы цифрлық инфрақұрылым болғанын айтады. Байланыс сапасының төмендігі оқушының ақпаратқа қолжетімділігін шектеп келді. Ал бүгінде бұл кедергілер біртіндеп жойылып жатыр. Цифрлық жаңғырудың тағы бір маңызды қыры – мұғалімдердің кәсіби дамуы. Бұрын облыс орталығына келіп қана қатысатын семинарлар мен курстар енді онлайн форматта өткізіледі. Ауыл педагогтері халықаралық вебинарларға қатысып, жаңа әдістемелерді меңгеріп, әлемдік тәжірибемен таныса алады. Бұл өз кезегінде сабақ сапасының жақсаруына әсер етеді.
Цифрландыру тек интернет тартумен шектеліп отырған жоқ. Қатар жүргізіліп жатқан тағы бір жұмыс мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту. Бүгінде ауыл мектептерінде информатика, роботтехника, физика, химия және биология кабинеттері жаңартылып, интерактивті панельдер мен цифрлық зертханалар орнатылуда. Қарапайым мысал. Бұрын физика заңдарын тек оқулықтан оқыған бала бүгінде тәжірибені өзі жасап, нәтижесін компьютер арқылы талдайды. Роботтехника кабинетінде өз қолымен бағдарлама жазып, алғашқы роботын құрастырады. Биология зертханасында виртуалды микроскоппен жұмыс істейді. Мұның барлығы теорияны тәжірибемен ұштастырып, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырады.

Облыста мектептердің компьютерлік паркін жаңарту да жүйелі жүргізілуде. Соңғы кезеңде 9 мыңнан астам жаңа компьютер сатып алынып, білім беру ұйымдарына берілді. Бұл мұғалімдердің де, оқушылардың да цифрлық мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтті. Жаңартылған кабинеттер мен жоғары жылдамдықты интернеттің тағы бір нәтижесі – балалардың инженерияға, бағдарламалауға, роботтехникаға қызығушылығының артуы. Дәл осы салалар алдағы онжылдықтағы еңбек нарығында ең ауқымды сұранысқа ие мамандықтардың қатарында болады. Демек, ауыл мектебіндегі бүгінгі инвестиция – ертеңгі инженерді, ІТ маманын, зерттеушіні даярлауға салынған инвестиция.
Ең бастысы, ауылдағы оқушы өзін ешкімнен кем сезінбеуі керек. Оның да үлкен арман құруға, сапалы білім алуға, халықаралық жарыстарда бақ сынауға толық мүмкіндігі болуы тиіс. Мемлекет жүргізіп отырған цифрландыру саясатының түпкі мақсаты да – осы. Аймақта жүзеге асып жатқан жұмыстар ауыл мектебінің жаңа келбетін қалыптастырып келеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білім сапасын жаңа деңгейге көтеру. Бүгін ауыл мектебіне жеткен интернет – ертең ел экономикасын дамытатын маманның алғашқы қадамы. Ал, бүгін жаңартылған кабинетте білім алып отырған бала ертең әлемдік технологиялық компанияларда еңбек етуі әбден мүмкін. Мектепке келген әрбір жаңа мүмкіндік – болашаққа салынған ең құнды инвестиция.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



