МедицинаБас тақырып

Елімізде алғаш рет «Құрметті донор» марапаты тағайындалды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде «Құрметті донор» марапаты тағайындалды.

Сурет Денсаулық сақтау министрлігінен

– Құрмет белгісінің алғашқы иегерлері бекітілген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донор болады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қабылдаған қаулысына сәйкес ведомстволық төсбелгі Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз негізде донорлық жасағаны үшін беріледі. Атап айтқанда, қан және (немесе) тромбоцит донорлығы – кемінде 40 рет, қан плазмасының донорлығы – кемінде 70 рет болуы тиіс, – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Бұл шешім арқылы Үкімет адам өмірін құтқару жолында тұрақты әрі өтеусіз донорлық жасап жүрген қазақстандықтардың еңбегіне тарихи әділдік орнатты. Енді олардың игі ісі ерекше мәртебемен айқындалып, жоғары бағаланып отыр.

Төсбелгілерін дайындауды Қазақстан теңге сарайы жүзеге асырады. Медальдің әрбір бөлшегі терең мағыналық мәнге ие және Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен.

Бекітілген дизайнға сәйкес төсбелгінің негізгі символы қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы түрінде жасалған. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының графикалық ырғағы орналасқан. Барлық композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған.

Жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасайды. Соның нәтижесінде жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына мүмкіндік беріледі.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес медициналық тексеруден өту және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болып табылатын қызметкер жұмыс беруші тарапынан орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button