Пришахтинскіде Ұлттық домбыра күнін ерекше атап өтті
Ұлттық домбыра күні Қарағанды қаласының үш перинаталдық орталығында 27 сәби дүниеге келді. Соның алтауы Пришахтинск шағынауданындағы №2 перинаталдық орталықта өмір есігін ашқан. Айтулы мерекеге орай Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен Аналар кеңесінің мүшелері жас отбасыларды арнайы құттықтап барды. Олар жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына ізгі тілектерін арнап, сәбилердің құрметіне Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа басылымын және ұлттық құндылықтың символы – домбыраны сыйға тартты.

Бұл игі бастама жас отбасыларға қолдау білдірумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына елдік рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге бағытталған.

Аталған перинаталдық орталыққа облытық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Гульнара Касембаева, Аналар кеңесінің мүшесі Перизат Құлымбетова және Қарағанды облыстық «Видергебурт» неміс орталығының төрағасы Александр Гиберт қатысып, отбасы құндылықтарын дәріптеу мен қоғамдық келісімді нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

– Жас отбасыларға зор денсаулық, бақ-береке, баянды бақыт пен амандық тілеймін. Отбасы – қоғамның берік тірегі. Ал, оның нығаюы елдің жарқын болашағының кепілі. Домбыра – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани құндылықтарының, ұрпақтар сабақтастығының айшықты символы. Ал, Қазақстан Республикасының Конституциясы – қоғамдық тұрақтылықтың, келісім мен ел бірлігінің берік негізі.
Осындай тағылымды іс-шаралар отбасы институтын нығайтып қана қоймай, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеуге, мемлекеттік құндылықтарды кеңінен насихаттауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі бекемдеуге зор ықпал етеді, – деді Гульнара Калиевна.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.



