Майқұдықта дүниеге келген нәрестелерге ерекше сый жасалды
Ұлттық домбыра күні – ұлттың төл өнері мен рухани құндылықтарын ұлықтайтын ерекше мереке. Биыл бұл күннің маңызы тіпті айрықша болды. Қарағанды қаласының перинаталдық орталықтарында дүниеге келген сәбилердің отбасыларына ұлттық музыкалық аспап – домбыра және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының басылымы салтанатты түрде табысталды.

Ұлттық домбыра күні мен жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған акцияның басты мақсаты – жас отбасыларға ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті дәріптеу, жас ұрпақтың бойына елдік пен бірлік рухын сіңіру.
Іс-шара барысында мереке күні дүниеге келген нәрестелер мен олардың ата-аналарына қазақ халқының рухани-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналатын домбыра, сондай-ақ, Ата Заңға деген құрметтің, азаматтық жауапкершілік пен ел бірлігінің белгісі ретінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының басылымы тарту етілді.

Медициналық мекемелердің мәліметінше, мереке күні Қарағанды қаласының үш перинаталдық орталығында 27 сәби өмірге келген.
Құттықтау рәсімдері №1 Перинаталдық орталықта, №2 Перинаталдық орталықта және Қарағанды қаласының облыстық акушерлік-гинекологиялық орталығында ұйымдастырылды. Жас отбасыларды Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен Аналар кеңесінің мүшелері арнайы құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Акцияға Қарағанды облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Аналар кеңесінің құрметті мүшесі Рымбала Омарбекова, Қарағанды облысы әкімі аппаратының әлеуметтік сала және қоғамдық даму бөлімінің басшысы Гүлфайруз Рымбекова, Қарағанды еврей мәдени орталығының төрағасы, Қарағанды медицина университетінің профессоры, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Вилен Молотов-Лучанский, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнара Касембаева, Аналар кеңесінің мүшесі Перизат Құлымбетова және Қарағанды облыстық «Видергебурт» неміс орталығының төрағасы Александр Гиберт қатысты.
Әсіресе, Әлихан Бөкейхан ауданының орталығы Майқұдықтағы облыстық акушерлік-геникологиялық орталықта өткен шара ерекше әсерге бөледі. Бұл күні мұнда жеті сәби дүниеге келген. Солардың бірі – тұңғыш сәбиін дүниеге әкелген жас ана Анар Төлеуханова.

Домбыра мен жаңа Конституцияның басылымын қабылдап алған Анар Саятқызы қуанышымен бөлісті.
– Бүгін тұңғыш баламды өмірге әкелдім. Ұлттық домбыра күні дүниеге келген сәбиімізге домбыра мен Ата Заңның басылымын сыйға алу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – өмір бойы сақталатын ерекше естелік. Осындай игі бастаманы ұйымдастырған барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді жас ана.
Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлттық мәдениетті дәріптеумен қатар, қоғамдағы татулық пен ортақ құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Қарағанды облысы әкімінің аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлнара Касембаеваның айтуынша, бұл акцияның тәрбиелік әрі символдық мәні зор.
– Ұлттық домбыра күні дүниеге келген сәбилерге домбыра тарту ету – халқымыздың рухани мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жалғайтын тағылымды дәстүр. Ал жаңа Конституцияның басылымын табыстау – әрбір азаматтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, Ата Заңға деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осындай игі шаралар арқылы біз ұлттық құндылықтарды, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға үлес қосамыз. Бүгін өмірге келген әрбір сәби тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының символы деп білеміз, – деді Гүлнара Касембаева.

Шара соңында қатысушылар жас отбасыларға зор денсаулық, бақ-береке мен амандық тіледі. Сонымен қатар, домбыраның ұлттық болмыстың, рухани құндылықтардың және ұрпақтар сабақтастығының символы екені, ал Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғамдық тұрақтылықтың, келісім мен ел бірлігінің берік негізі екені ерекше атап өтілді.

Домбыраның қоңыр үнімен басталған бұл игі дәстүр жаңа өмірге қадам басқан сәбилердің тағдырында ұлттық рух пен елдік құндылықтардың мәңгілік серігі болсын деген ақжарма тілекпен өрілді.



