Саран қаласының Мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне байланысты өткен салтанатта өз еңбегімен және кәсіби біліктілігімен көзге түскен осы саланың бір топ ақ халат иелеріне сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді.

Саран қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Ақылбай Нағидулла өзінің құттықтау сөзінде:
– Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сіздерге арнаған құттықтау тілегінде «Денсаулық саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз.
Сіздер «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдары мен құндылықтарын берік ұстанып, кәсіби біліктілік пен антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрсіздер» деп айтқандай, сіздердің халықтың денсаулығын сақтау мен адам өмірін қорғау жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз өлшеусіз зор. Сол үшін де қандай құрметке де лайықсыздар, – деп, ең бірінші кезекте Саран қалалық ауруханасының директоры Айбек Рахымбековке, дәрігерлер Елена Арышева, Елена Шаяхметова, аға медбике Наталья Картанович, емделушілерді қолдау қызметінің үйлестірушісі Людмила Миронова, адам ресурстарын басқару қызметінің басшысы Диана Чабан, статист-дәрігер Эминя Ахмедоваға қала әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.
Бұдан кейінгі марапаттардың алғашқы легін тапсыру еркі Айбек Рахымбековке берілді. Өйткені, бұл күнгі салтанатқа қатысып отырған дәрігер, медбике, санитарлардың барлығы да оның өзі басқаратын қаладағы бірден- бір емдеу мекемесінде еңбек етеді екен.
Ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің грамотасын әріптесі Елена Жұмабаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының грамотасын Юлия Вичикова, Алғыс хатын Татьяна Мурзаковаға табыс етті.
Сондай-ақ, қалалық аурухана әкімшілігінің Алғыс хатын оның қолынан әріптестері Шынар Әзімбаева, Мелания Алексеева, Эльмира Әлімханова, Владислав Аристархов, Евгенья Ахметьянова, Татьяна Бакушева, Сұңқар Бекенов, Галина Богданова, Татьяна Грязнова, Станислав Долинский, Нина Евдокимова, Галина Камдрон, Гүлмира Қозыбаева, Зарина Ковраева, Ольга Кузнецова, Галина Локшина, Галина Лукаржевская, Татьяна Медведева, Наталья Миронова, Екатерина Оқасова, Сымбат Өмірзақ, Аружан Сьездова, Альфия Сунгатулина, Әсия Уәлі, Светлана Хабарова, Ольга Шевкунова, Светлана Шайдулина, Наталья Быкова, Гүлнар Шайкенова, Наталья Сверчкова, Наталья Обноскина, Людмила Анищенкова, Любовь Ткачук алды.
Облыстық «Senim» медицина қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарына Дамир Балғожин, Ирина Ахметьянова, Татьяна Шмелева, Александр Капитанов ие болды.
Келесі кезекте «AMANAT» партиясының естелік сыйлықтарын Саран қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Тәжібаева Гүлім Бейсенова, Ольга Чернышева, Ботагөз Түсіповаға табыстады.
Біз осы жолы марапатталғандардың арасынан жас мамандар Әсия Уәлі мен Сымбат Өмірзақты сөзге тартқанымызда, екеуінің де Түркістан облысының тумалары, 2025 жылы жүрек қалауларымен мұнда отбасыларымен келіп, Саран қалалық ауруханасында жалпы тәжірибе дәрігерлері болып істейтінін білдік. Алматы медицина университетінің интернатурасын бітірген Әсияның жұбайы Болатбек Нұрқанат Қожа Ахмет Яссауи атындағы Түркістан университеті медицина факультетін аяқтаса, Сымбат пен оның жұбайы Мейірбек Ибрашев та осы оқу орнының түлектері. Қазірде төртеуі де осы ауруханада еңбек етеді. Тіпті, Мейірбек бөлім меңгерушісі болып тағайындалған.
– Біздің Қарағанды облысына келген себебіміз – мұнда жас мамандарға қатты қолдау көрсетіліп, жақсы жағдай жасалатынын естіп, білгеніміз. Оған көзіміз де жетті. Облыс әкімдігінен біз төртеуміздің әрқайсымызға 5 миллион теңгеден беріліп, соған баспаналы болдық. Енді бұл жерден кеткіміз жоқ, –дейді Әсия мен Сымбат қосарлана.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Саран қаласында өткен салтанат соңы жергілікті өнер ұжымдары мен өнерпаздарының үлкен концертіне ұласты.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
САРАН
Суретте: Жалпы тәжірибе дәрігерлері, жас мамандар Сымбат Өмірзақ пен Әсия Уәлі


