АймақБас тақырып

Әке жолын жалғаған тергеуші

Тергеуші десе көпшіліктің көз алдына қатал мінезді, қылмыстық істердің ортасында жүрген қызметкер елестейді. Десек те, бұл мамандық иелерінің арасында отбасының ұйытқысы әрі қызметте адам тағдырымен бетпе-бет келіп, әрбір істен әділ шешім іздейтін нәзік жандының бар екенін ұмытпаған жөн.

Қарағанды облыстық полиция департаментіне қарасты Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция майоры Айгерім Аманжолқызы үшін бұл қызмет жай ғана мамандық емес, бала күнгі арман. Тергеу саласында он алты жылдан астам тәжірибе жинаған маман күрделі қылмыстық істер үшін жаңа технологияны енгізуге атсалысып жүр. Мереке қарсаңында тергеушінің өміріндегі заманауи тергеу тәсілдері және қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдік жайлы әңгімелестік.

Суреттерді түсірген Лаура АМАНТАЙ

– Айгерім ханым, тергеуші мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

Мамандыққа келуіме әкемнің ықпалы зор. Әкем Аманжол Қызылов ұзақ жылдар Шет ауданындағы тергеу саласында басшылық қызмет атқарды. Бала кезден бері әкемнің жұмыстан келіп, формасын іліп қоятыны ұнайтын. Қызметіне аса жауапкершілікпен қарап, адамгершілікті бәрінен биік қоюдың ерекше үлгісін көрсетті. Бүгінде зейнет жасына келсе де қызметте жүргенде «Бір қателікті екі рет қайталама» дейді. Мектепті тәмамдаған соң Қарағанды экономикалық университетінде білім алып, кейін тергеу қызметіне келдім. Әлі де күн сайын әкемдей адал болуға ұмтыламын. Әкем тәртіпке үйретсе, анам сабырлыққа тәрбиеледі. Тергеушіге екеуі де қажет қасиет. Бүгінгі жетістіктерімнің бәрінде олардың тәрбиесі мен берген бағытының үлесі жатыр.

Тергеушінің бір күні қалай басталады?

Қарағанды облысының тергеу бөлімшелерінде бүгінде 300-ден астам қызметкер еңбек етеді. Жұмыс күні сағат 8:30-да басталады. Әр күн бір-біріне ұқсамайды, жаңа міндеттер мен жоспарға толы. Тергеуші тек құжатпен жұмыс істемейді. Адамдармен сөйлеседі, дәлелдерді зерттейді, оқиға мән-жайын анықтайды, сараптамалар тағайындайды. Кейде дерек пен дәйек үшін ұзақ іссапарға аттанады. Сондықтан, біздің жұмыс мұқияттылық пен жауапкершілікті талап етеді.

Соңғы жылдары тергеу жұмысына қандай заманауи технологиялар енгізілді?

Цифрландыру тергеу саласына да үлкен өзгеріс әкелді. Соның бірі – «е-Айғақ зат» жобасы. Бұл жүйе арқылы барлық айғақ заттарды электронды түрде тіркеп, олардың сақталуын онлайн бақылауға мүмкіндік алдық. Айғақ заттар бөлмелері тәулік бойы бейнебақылауда болады. Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде басталған жүйе бүгінде еліміздің өзге өңірлеріне де енгізіліп жатыр.

Сондай-ақ электронды білезіктер жүйесі іске қосылды. Сол арқылы үйқамақтағы күдіктілердің қозғалысын қашықтан бақылауға болады. Егер құрылғыға қандай да бір зиян келсе немесе бүлінсе, бізге дабыл белгісі түседі. Бұл тергеу жұмысының тиімділігін арттырды.

Күн сайын қылмыстық істермен жұмыс істеу әйел адамға психологиялық тұрғыдан қиын емес пе?

Әрине, оңай емес. Тергеуші күн сайын түрлі тағдырлармен кездеседі. Уақыт өте келе кәсіби тәжірибе қалыптасады, дегенмен әр істің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпаймыз. Әсіресе, әйелдер мен балаларға қатысты істер ерекше жауапкершілікті талап етеді. Кейде жәбірленушілердің жан дүниесін түсіну үшін кәсіби білімнің өзі жеткіліксіз. Әсіресе, әйелдер мен балаларға қатысты істерде олардың сеніміне кіру маңызды. Мұндай кезде әйел адамның сабыры мен жанашырлығы көмекке келеді.

Қызмет барысында есіңізде ерекше қалған іс бар ма?

Жалпы, тергеуші әр істі мұқият есте сақтайды. Бірнеше жасөспірімге қатысты күрделі қылмыстық іс ерекше есте қалды. Ол істің ауырлығы сонша ата-аналары қатты күйзеліп, эмоцияға берілді. Сондай сәттерде әкемнің кеңесі есіме түседі. Ол кісі әрдайым эмоция емес, заң сөйлейтінін айтатын. Тергеуші қандай жағдай болмасын әділ бағасын беруге міндетті. Кейін сол іске қатысы бар азаматтарды сауда үйінде кездестіріп, көздерінде өкініш пен қорқыныш сезімінің әлі де бар екенін байқадым. Осындай оқиғалар адамның өмірінде өзгеше із қалдырады.

Қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?

Әйел адам үшін бұл маңызды сұрақ. Мен үшін отбасы – күш-қуаттың қайнар көзі. Қызметте жауапкершілік жоғары болғандықтан, кейде ұзақ уақыт алатын істер болады. Дегенмен, жолдасымның қолдауының арқасында бәріне үлгеруге тырысамын. Балаларыммен уақыт өткізуге ерекше мән беремін. Отбасындағы түсіністік пен қолдау – табысты қызметтің негізі.

– Сізді жұмыстан кейін үйде кім қарсы алады?

Қызметте біз қатал әрі талапшыл болуға мәжбүрміз. Ал, үйге келгенде ең алдымен анамын. Балаларымның «мама келді» деп жүгіріп шығатыны шаршағанымды ұмыттырады. Кейде ауыр күннен кейінгі ең жақсы демалыс – олардың күлкісі. Сол сәттер өмірдегі ең үлкен байлық – отбасы екенін тағы да еске салады.

Бір кезеңде тергеу қызметінен кетіп, оқытушылықпен айналысқаныңызды білеміз…

Иә, 2022 жылы университетте аға оқытушы болып жұмыс істедім. Студенттерге тәжірибелік сабақтар өткізіп, тергеу жұмысының қыр-сырын үйреттім. Бұл да қызықты кезең болды. Бірақ уақыт өте келе тергеушілік – жүрек қалауы екенін түсіндім. Жолдасыммен ақылдасып, сүйікті мамандығыма қайта оралдым.

Егер тергеген істеріңіздің бәрі бір кітапқа айналса, оның атауы қалай болар еді? 

«Тергеушінің мәртебесі» дегеніміз дұрыс болар. Өйткені тергеушінің басты қаруы – беделі мен кәсібилігі. Ең алдымен жәбірленуші де, күдікті де оның қандай адам екенін іштей бағалайды. Тергеушінің мәртебесі жоғары болса, адамдар оған сенім артады, өмірін сеніп тапсырады.

Қоғамда «Заң мен тәртіптің» сақталуы қаншалықты маңызды?

Заңға бағыну – өзіңнен басталады. Елге заң талаптарын түсіндіретін адам оны өзі де мүлтіксіз орындауы тиіс. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөздің мәні терең. Қоғамда әділдік пен қауіпсіздік орнатудың негізі – заң мен тәртіпке құрметпен қарау.

Тергелген істің әділ аяқталуы, жәбірленушінің құқығының қорғалуы, адамның заңға деген сенімінің сақталуы – мен үшін үлкен нәтиже. Кейде бір ауыз алғыс сөздің өзі үлкен марапат сияқты әсер етеді.

– Тергеуші болуды армандайтын кішкентай «Айгерімдерге» бүгін не айтар едіңіз?

«Арманыңызға адал болыңыз». Бұл жол оңай болмайды. Ұйқысыз түндер, қауіпті сәттер, ұзақ іссапарлар, күрделі шешімдер, жауапкершілігі ауыр кезеңдер кездеседі. Бірақ, еңбек еш кетпейді. Қандай жағдай болса да жүректегі мейірім мен адамгершіліктен айнымауымыз керек.

– Айгерім ханым, әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button