Отандық медицинаның өркендеу жолы
Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында айтылған жағымды жаңалықты ерекше қуанышпен бөліскім келеді. Бұл жаңалық тек дәрігерлер қауымы үшін ғана емес, күллі өңір жұртшылығы үшін де маңызды оқиға. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды медицина университетіне оның негізін қалаушы Петр Моисеевич Поспеловтың есімін беру жөніндегі ұсынысты қолдады. Сонымен қатар, «Астана медицина университетіне» ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі беріліп, оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері, көрнекті ғалым Төрегелді Шармановтың есімі берілетін болды.

Бұл шешімнің астарында терең символдық мән жатыр. Өйткені, Төрегелді Шарманов – Петр Моисеевичтің шәкірті. Ол алғашқы медициналық білімін Қарағанды мемлекеттік медицина институтында алып, дәрігерлік жолдағы тұңғыш қадамын осы білім ордасында бастаған. Осылайша, Мемлекет басшысының шешімі арқылы отандық денсаулық сақтау мен медицина ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ұстаз бен Шәкірт тағдыры тағы бір мәрте тоғысты.
Бұл жаңалықты естіген сәтте маған «тарихи әділдік салтанат құрды!» деген ой келді.
Қарағандылықтардың көпшілігі үшін Поспелов есімі архив қойнауында қалған дерек немесе тарих беттеріндегі тұлға ғана емес. Ол – Орталық Қазақстандағы медициналық білім беру жүйесінің іргетасын қалаған қайраткер. Оның қажырлы еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті мен адамға деген сенімінің арқасында 1950 жылы Қарағанды медицина институты ашылып, кейін елге ондаған мың білікті дәрігер даярлаған іргелі оқу орнына айналды.
Алайда Петр Моисеевичтің өмір жолына тереңірек үңілген сайын оның ең үлкен мұрасы ғимарат та, лауазым да, марапат та емес екенін түсінесің. Оның ең басты мұрасы – адам.
«Батя» атанған тұлға
Аға буын түлектер оны қатал басшы ретінде емес, әр студенттің тағдырына алаңдайтын, жанашыр ұстаз ретінде еске алады. Оны сыртынан үлкен де, кіші де «Батя» деп жылыұшырай атайтыны тегіннен-тегін емес еді.
Петр Моисеевич Қарағандыға сонау 1933 жылы табан тірегенде, аймаққа өз ішінен шыққан медицина кадрлары ауадай қажет екенін бірден ұқты. Уақыт өте келе басқа жаққа қоныс аударатын уақытша мамандар емес, дәл осы топырақта өсіп-өнген, осы өлкенің тыныс-тіршілігі мен салт-дәстүрін, тұрғындардың мұң-мұқтажын бес саусағындай білетін дәрігерлер шоғырын қалыптастыруды көздеді.
Әсіресе, ауыл жастарына ерекше көңіл бөлді. Үлкен қалаға алғаш рет қадам басып, тосырқай қараған, өзіне сенімсіздік танытып, жасқаншақтап жүрген ауыл балаларын бауырына тартты.
Анамның аузынан сол бір шақтар туралы талай ғибратты әңгімелерді естідім. Ол да Қарағандыға ауылдық жерден білім іздеп келді. Сол буынның өзге жастары сияқты ол да уайымдап, «оқуды алып кете алмаймын-ау…» деп қорықты. Бірақ, Поспелов дәл осындай жасқаншақ студенттердің иығынан қағып, қолтығынан демеуге әрқашан әзір тұратын. Ол жастардың бойындағы ұшқынды олар өздеріне әлі сене қоймаған кездің өзінде-ақ көре білді.
Институтты тәмамдағаннан кейін анам медицина саласында еңбек етіп, ғұмырын адам саулығына арнады. Ауылдық ауруханада еліміздің күрделі тарихи кезеңдерімен тағдыры астасқан білікті дәрігерлермен, көрнекті ғалымдармен бірге қызмет атқарды. Дәл осы анамның шерткен естеліктері кейіннен менің бойымда Карлаг тарихын зерделеуге және қазақ топырағынан пана тапқан талайлы тағдырлардың жұмбағын ашуға деген зор қызығушылықты оятты.

Кең жүрек, кемел әзіл
Петр Моисеевичтің болмыс-бітіміне тән тағы бір жарқын қырды айтпай кетуге болмас. Ол кісі табиғатынан өте нәзік, астарлы әзілдің де майталманы еді.
Бұл қасиет оның болмысын айқын танытатын. Петр Моисеевич өзгелерден дара жаратылған, жасандылық пен даңғазадан ада, ашық мінезді, қарапайым қалпынан айнымайтын тұлға еді. Қоғамдағы биік беделі мен зор абыройына қарамастан, ол әрдайым халыққа жақын болды. Жылы сөзімен жігер беріп, орынды әзілмен көңілдегі күдікті сейілте білетін. Әріптестерімен де, студенттерімен де тез тіл табысып, кез келген ортада еркін қарым-қатынас орната алатын.
Сондықтан да оның айналасына адамдар әрдайым үйіріліп жүретін. Өйткені, олар Поспеловтың бойынан тек білікті басшыны ғана емес, үлкен жүректі азаматты, шынайы ұстазды көрді.
Өкінішке қарай, Петр Моисеевич өзінен кейін естелік кітаптар да, қанатты сөздер жинағын да қалдырған жоқ. Алайда онымен бірге қызмет атқарған, тәлімін алған жандар ең қымбат мұраны жүректерінде сақтап қалды. Ол – кең жүректі, әзіл-қалжыңы жарасқан, адамға деген ықыласы мен қамқорлығы шынайы болған азаматтың жарқын бейнесі.
Ол туралы айтылатын көптеген естеліктің бірі студент қызға қатысты. Бірде Петропавлдағы үйіне қайтуға жолақысы болмай қиналған студенттің жағдайын естіген Поспелов еш ойланбастан қалтасынан 25 сом шығарып береді. Ол кезең үшін бұл қомақты қаражат болатын. Бірақ Петр Моисеевич жасаған жақсылығын міндетсінген де жоқ, кейін ол оқиғаны еске де алмады. Өйткені мұқтаж жанға қол ұшын созу оның түсінігінде ерекше іс емес, адамдық парыздың табиғи көрінісі еді.
Осындай қарапайым оқиғалардың өзі оның кісілік келбетін, кеңпейілдігін айқын аңғартады. Адамға жақсылық жасауды өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтың қадірі де, халық жүрегіндегі орны да осындай қасиеттерімен өлшенсе керек.
Оның тілдік кедергілерге жиі тап болатын қазақ студенттеріне деген ықыласы мүлдем бөлек еді. Оқу үлгерімі нашарлаған кезекті бір студентті оқудан шығару туралы ұсыныс айтылғанда, Поспелов жай ғана жымыйып:
– Басқасын білмеймін, бірақ қазақ баласын оқудан шығармаймын. Ертең олардың ақсақал-әкелерінің бетіне қалай қараймын? – деп жауап береді екен.
Осы бір ұшқыр әзілдің астарында жас өренге білім алып, өзін дәлелдеуге мүмкіндік берудің қаншалықты маңызды екенін терең ұғынған үлкен даналық пен шынайы адамгершілік жатты.
Сын сағаттар мен жасампаздық дәуірі
Поспелов Қарағандыда медицина институтын ашу қажеттілігін алғаш көтергенде, көбісі бұл идеяны орындалмас қиялға балады. Аймақта дәрігерлер тапшы, ал медициналық инфрақұрылым енді ғана қалыптасып жатқан қиын кезең еді.
Бірақ тарихты дәл осындай қайсар тұлғалар жасайды. Мүмкін емес көрінген дүние шындыққа айналды. Қарағандыда медицина институты бой көтерді, ал, Петр Моисеевичтің өзі оның қалыптасып, өркендеуіне ширек ғасырға жуық ғұмырын арнады.
Петр Моисеевичтің өмір сүріп, еңбек еткен дәуірін де ұмытуға болмайды. Бұл отандық ғылым мен зиялы қауым үшін ауыр сынақтар кезеңі еді. Қаншама талантты ғалымдар қуғын-сүргінге ұшырап, сүйікті ісімен айналысу құқығынан айырылды, айдау мен лагерьлердің тозағын көрді. Дегенмен, кейде дәл осындай қасіретті жағдайлар адамдардың және тұтас аймақтардың тағдырын күтпеген арнаға бұратыны бар.
Қуғын-сүргін тауқыметін өз басынан өткерген академик Дмитрий Сергеевич Лихачевтің: «Ғылыми пікірталастың орнына – айыптау, әшкерелеу, ғылыммен айналысуға тыйым салу, ал көп жағдайда – тұтқындау, жер аудару, түрме жазасы және көзін жою жүрді», – деп жазғаны тегін емес.
Бұл сөздер сол кезеңдегі көптеген заңғар ғалымдарға еңбек етіп, жасампаздықпен айналысуға тура келген уақыттың ауыр тынысын айнытпай жеткізіп тұрғандай.
Дәл осы жылдарда Қарағанды топырағында Қазақстанның болашақ медицина мектебінің алтын діңгегіне айналған, білімі мен білігі теңдессіз ғылыми-педагогикалық ұжымның құрылуы – шынымен де таңғаларлық құбылыс.
Заңғар ғалымдар шоғыры
Архив құжаттарын ақтарып отырып, Петр Моисеевичтің қасында отандық медицина тарихында өшпес із қалдырған бірегей мамандардың қызмет еткенін білдім. Олар Казан мемлекеттік медицина университеті мен Ленинград медицина институтының маңдайалды ғалымдары еді.
Олардың қатарында – екі бірдей соғысты бастан өткерген майдангер, денсаулық сақтау саласының айтулы ұйымдастырушысы, профессор Исаак Иосифович Каганович; Кеңес Одағындағы ең ірі диабетолог мамандардың бірі, профессор Яков Аронович Лазарис; кеңестік сексопатология ғылымының бастауында тұрып, КСРО-да алғаш рет «Отбасы және неке» кеңес беру орталығының негізін қалаған, профессор Абрам Моисеевич Свядощ бар еді.
Институттың қаз тұрып, қалыптасуына алғашқы кафедра меңгерушілері де өлшеусіз еңбек сіңірді. Валентина Иосифовна Якубовская, Григорий Иосифович Мар, Петр Петрович Хохлов, Евгений Израилевич Цукерштейн, Марк Григорьевич Шрайбер, Ирина Алексеевна Серебровская, Анна Александровна Земец, Абрам Иосифович Лаббок секілді көптеген ғалымдардың есімі қара шаңырақтың тарихына алтын әріптермен жазылды.
Әлбетте, Қарағанды медицина мектебі туралы айтқанда, оның бастауында тұрған академик Қани Мұсылманбеков, профессор Михаил Лохвицкий, заңғар ғалым Задаш Шаепов секілді біртуар тұлғалардың есімін ерекше ілтипатпен атауымыз керек.
Бұл тұлғалардың әрқайсысы тек ғылыммен айналысып қана қоймай, дәрігерлердің жаңа буынын тәрбиеледі, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, медициналық ой-сананы ілгерілетті және қарағандылық медицинаның беделін Қазақстан шекарасынан тыс жерлерге де кеңінен танытты.

Мақтанышқа айналған шәкірттер
Поспелов мектебінің ең жарық жұлдыздарының бірі – даңқты хирург Хафиз Жаңабайұлы Мақажанов. Бүгінде бүтін Қарағанды облысының науқастары шипа іздеп келетін көпбейінді танымал аурухана дәл осы кісінің есімімен аталады.
Жас дәрігер ретінде ол Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бастан өткерді. Полк дәрігерінен бастап, далалық госпитальдің хирургия бөлімін басқарғанға дейінгі ауыр да жауапты жолдан өтті. Оқ пен оттың ортасында, дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық тапшы болған қиын кезеңнің өзінде жаралы жауынгерлердің өмірі үшін күресіп, талай тағдырды ажалдан арашалап қалды.
1943 жылдың жазында өзі де ауыр жараланғанына қарамастан, емделіп шыға сала қайтадан майдан шебіне аттанды. Сұрапыл соғыс жылдарында оның қолынан мыңдаған жауынгер өтіп, шипа тапты. Сол жылдардағы шыңдалған тәжірибесі кейіннен оның еліміздегі ең танымал хирургтердің біріне айналуына жол ашты.
Петр Моисеевичтің дәл осындай мақтан тұтарлық жүздеген шәкірті бар.
Есімнің елге оралуы
Бүгін Петр Моисеевич Поспеловтың есімі өзінің заңды мекеніне – өзі қалаған, өзі жасаған университеттің атауына ресми түрде қайта оралды.
Бұл жай ғана атауды өзгерту емес.
Бұл – бүкіл саналы ғұмырын адамға қызмет етуге, ғылымды дамытуға және білікті дәрігерлерді даярлауға арнаған ұлы тұлғаға деген шынайы құрметтің белгісі.
Бұл – Қарағандыны еліміздің ең ірі медициналық орталықтарының біріне айналдырған жасампаз буынының рухына тағзым.
Бұл – шын мәніндегі ұлы ұстаздардың, тәлімгерлер мен ағартушылардың артында қалдырған ізі ешқашан өшпейтінінің айқын дәлелі. Олар өз шәкірттерінің жетістігінде, өздері негізін қалаған алтын ұяларда және халықтың ризашылыққа толы жадында мәңгі жасай береді.
«Біреулер өмір бойы атақ қуса, енді біреулер өз міндетін адал атқарып, үнсіз еңбек етеді» деген сөз бар. Петр Моисеевич Поспелов дәл осы екінші топқа жататын еді.
Сондықтан бүгінгі шешімнің мәні ерекше. Бұл жолы адам марапатты емес, марапат ондаған жыл өткеннен кейін өз қаһарманын тапты.
Тарихи әділдіктің салтанат құруы дегеніміз – осы!

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президенті жанындағы ҚРҰҒА академигі



