Бір сөмке, бір тарих
Балқаш тарихи-өлкетану мұражайында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері Мағрипа Қазбекова ұстаған былғары сөмке сақтаулы. Құнды жәдігерді мұражайға дәрігердің туыстары тапсырған.

Мағрипа Қазбекова қазақ қыздарының арасында алғашқылардың бірі болып жоғары медициналық білім алған. Алайда 1938 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Ақмоладағы «АЛЖИР» лагеріне жіберілді. Бостандыққа шыққаннан кейін Балқашқа келіп, БалқашЛАГ ауруханасында және қалалық ауруханада дәрігер болып еңбек етті. Ол қиын кезеңде көптеген тұтқындарға медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосты. 1955 жылы ақталған дәрігер медицина саласындағы ерен еңбегі үшін бірнеше мемлекеттік марапатқа ие болды. 1966 жылы оған «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді. Қаладағы Қазыбекова көшесі осы кісінің құрметіне қойылған.
– Мұражайда сақталған бұл жәдігер дәрігердің өмір жолы мен халыққа жасаған қалтқысыз қызметінен сыр шертеді. Бұл – саяси қуғын-сүргін жылдарында да адам өмірін сақтауға бар күшін салған жаннан қалған құнды мұра, – дейді Балқаш тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, тарихшы Дәулет Қожақов.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



