БалқашАймақБас тақырып

Сапар Сатаев: Балқаштағы жазғы фестиваль алғаш рет дрон-шоумен өтеді

«Balkhash Tour Fest» фестивалі бүгінде балқаштықтардың ғана емес, өңір қонақтарының да асыға күтетін дәстүрлі мерекесіне айналды.

Жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, мазмұны байып келе жатқан фестиваль биыл республикалық мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев өз сөзінде шараның өңір туризмін дамытудағы рөліне ерекше тоқталды.

– Фестивальдің басты мақсаты – Балқаш қаласының туристік әлеуетін арттыру. Ұйымдастырушылар жыл сайын жаңа идеялар ұсынып, жобаның мазмұнын байытып келеді. Биыл балаларға арналған ойын алаңдары мен инновациялық демалыс аймақтары ашылды. Сонымен қатар, сауда орындарының саны өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көбейттік. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да арта береді деп сенеміз. Биыл фестиваль өтетін аумақты абаттандыруға арнайы қаражат бөлінді. Нәтижесінде, жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарық шамдары орнатылды. Аумақ қоршалып, жаңа сахна бой көтерді. Ендігі мақсат – бұл орынды туристер тұрақты келетін танымал демалыс алаңына айналдыру. Жаз бойы мұнда түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады, – деді Сапар Қайыркенұлы.

Қала басшысы өз сөзінде фестивальдің Балқаш қаласының дамуына серпін беріп отырғанын да атап өтті.

– «Balkhash Tour Fest» фестивалінің қала үшін берері мол. Ақшағыл демалыс аймағын таңдауымыздың да өзіндік себебі бар. Бұл – көл жағалауының бұрын игерілмеген бөлігі еді. Соңғы төрт жыл ішінде фестивальдің ықпалымен мұнда алты жаңа демалыс орны салынды. Биыл алғаш рет фестиваль бағдарламасына дрон-шоу енгізіліп отыр. Бұған дейін фестиваль екі күнге жоспарланғанымен, негізгі іс-шаралар көбіне алғашқы күні өтетін. Ал, биыл мерекелік бағдарлама екі күнге толықтай бөлініп, қатысушыларға кеңінен ұсынылады. Сондықтан, Балқаш тұрғындары мен қала қонақтары қызықты шараларды тамашалап, жайлы демалыс өткізе алады, – деді қала әкімі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button