Руханият

Тарихтан тамыр тартқан

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қарағанды облысының 90 жылдық мерейтойы аясында өткен «Тарих сөйлейді: 90 жылдық хроникалар шеруі» атты тағылымды кездесу осы бай мұраны жаңаша танытуға мүмкіндік берді.

Сурет автордан

Тарихи экскурсия барысында Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Шет аудандары мен Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларынан келген қатысушылар кеншілер өлкесінің 90 жылдан астам даму жолын қамтитын арнайы әзірленген бағыт бойынша өздерінің зерттеу және таныстыру жұмыстарын ұсынды.

Экскурсия бірнеше тақырыптық алаң бойынша өрбіді. Атап айтқанда, «Шахтаның алғашқы ошағы», «Индустрия дәуірі», «Тың игеру кезеңі», «Қайта құру – жаңа Қазақстан» және «Жаңа Қарағанды» бағыттары арқылы өңірдің әр кезеңдегі тыныс-тіршілігі мен тарихи даму белестері кеңінен таныстырылды.

Көрменің негізгі бөлігін кеншілердің күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен ауыр еңбегінен сыр шертетін жәдігерлер құрады. Мұнда шахтерлердің арнайы жұмыс киімдері, жер астында пайдаланылған шамдары, су құятын шөлмектер, тамақ салатын ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар қойылды. Әрбір жәдігер өткен дәуірдің тынысын сездіріп, кеншілер өмірінің ерекшелігін айқын көрсетті.

Экспозициядағы ерекше назар аудартқан жәдігердің бірі – көмір кесектері. Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан бұл табиғи байлық Қарағанды өңірінің экономикалық дамуының негізіне айналып, қаланы әйгілі кеншілер орталығы ретінде танытты.

Іс-шара соңында қатысушылар алған әсерімен бөлісіп, тарихи кездесудің маңыздылығына тоқталды.

– Мұндай кездесулер жас ұрпақтың туған жер тарихын тереңірек тануына мүмкіндік береді. Біз өзіміз үшін көптеген жаңа дерек алып, үлкен әсерге бөлендік, – дейді Шет ауданы Ақсу-Аюлы аудандық балалар кітапханасының қызметкері Аяулым Мұратқызы.

Тарих қойнауынан сыр шерткен тағылымды кездесу қатысушыларға Қарағанды өңірінің қалыптасу және даму кезеңдерін тереңірек тануға мүмкіндік берді. Өткен мен бүгінді сабақтастырған шара тарихи жадыны жаңғыртуға, туған жерге деген құрмет пен қызығушылықты арттыруға өз үлесін қосты.

Нұрдәулет ЕСІМ,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button