Су үнемдеген өнімін еселейді
Судың қадірі қуаң өңірде айрықша сезіледі. Әр тамшының есебі бар жерде ауылдың тіршілігі де, егіннің өнімі де, шаруаның еңбегі де суға тәуелді. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын тиімді пайдалану, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мәселесін стратегиялық міндет ретінде белгіледі. Бұл тапсырманың салмағы Арқа өңірі сияқты сайын дала, су көздері шектеулі өңірлер үшін тіпті, бөлек.

Ендігі сын – тұрақтылық
Аймақта соңғы жылдар мұғдарында ауылдық елдімекендерді ауызсумен қамту және суармалы егіншілікті дамыту бағытында бірқатар жетелі жоба жүзеге асты. Былтыр облыстың ауыл халқы орталықтандырылған сумен 100 пайыз қамтылды. Дегенмен, бұл салада шешімін күткен мәселе жоқ деген сөз емес. Су құбыры желілерінің тозуы, су көздерінің шектеулілігі, жаз мезгіліндегі тұтыну жүктемесі және ауыл шаруашылығында суға сұраныстың артуы суды бұрынғыдан да үнемдеп пайдалануды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, өңір шаруаларының жаңбырлатып және тамшылатып суару технологияларына көшуі – уақыт талабы.
Бұл бағыттағы ахуалды екі арнада қарастырсақ, құба-құп. Бірі – ауыл халқын ауызсумен қамту инфрақұрылымы, екіншісі – суармалы егіншілікте суды тиімді пайдалану мәдениеті. Өйткені, ауылға жеткен су мен егіске жұмсалатын судың түпкі жолы ортақ. Екеуі де су көздерінің тұрақтылығына, желілердің жай-күйіне және тұтыну тәртібіне тәуелді.
Қарағанды облысында ауылдық елдімекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту бағытында соңғы жылдары жүйелі жұмыс жүргізілді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, былтыр 16 ауылда сумен жабдықтау нысаны пайдалануға беріліп, 45 ауылдық елдімекенде блок-модульді су тазарту кешендері орнатылған. Соның нәтижесінде облыстың ауыл халқы орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметімен толық қамтылды.
– Облыс бойынша су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 4 895,51 шақырым. Орташа тозу деңгейі – 45,8 пайыз. Әсіресе, ауылдық елдімекендердегі қолданыстағы желілердің едәуір бөлігі ұзақ жылдар бойы пайдаланылып келгендіктен, олардың техникалық жай-күйі тұрақты бақылауды және кезең-кезеңімен жаңғыртуды қажет етеді. Әрі ауылдарға су беру кестесі енгізілмеген. Алайда, жекелеген елдімекендерде сумен жабдықтау жүйелерінің тозуы, су көздерінің азаюы, электр энергиясының үзілуі немесе апаттық жағдайлар салдарынан уақытша шектеулер болуы мүмкін. Мұндай кезде сумен жабдықтау ұйымдары тарапынан жедел қалпына келтіру шаралары қабылданады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы сумен жабдықтау бөлімінің басшысы Бақытбек Ақпаров.
Ауылдық елдімекендерді сумен жабдықтаудың негізгі көзі – жерасты сулары. Тұрғындарға су көбіне ұңғымалар арқылы алынатын жерасты су көздерінен жеткізіледі. Бұл ауылдағы су жүйесінің ұңғымалардың қуатына, су көздерінің табиғи мүмкіндігіне және инженерлік инфрақұрылымның сенімділігіне тікелей тәуелді екенін көрсетеді.
Соңғы үш жылда ауылдық елдімекендерде су құбыры желілерін салу, қайта жаңғырту және жөндеу бойынша бірқатар жоба іске асырылды. Жаңа су құбыры желілері тартылып, қолданыстағы желілер қайта жаңғыртылды, тозығы жеткен учаскелер ауыстырылды.
Сондай-ақ, су алу құрылыстары мен сорғы станцияларының жабдықтары жаңартылды. Былтыр облыста ауызсу және су беру инфрақұрылымын жаңғыртуға 15 млрд теңге бөлінсе, оның 5 млрд теңгесі ауылдық елдімекендерге бағытталды.
Келер жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Биыл Қарқаралы, Бұқар жырау, Ақтоғай және Шет аудандарының ауылдық елдімекендерінде су құбыры желілерін салу және қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар ауылдағы су жүйесінің сенімділігін арттырып, тозған желілерді кезең-кезеңімен жаңартуға бағытталған.
Суармалы егіншілікте қандай технологиялар қолданылады?
Ауылдағы ауызсу жүйесі бір жағынан халықтың тұрмыс сапасын айқындаса, екінші жағынан өңірдің жалпы су қауіпсіздігіне қатысты үлкен мәселенің бір бөлігі ғана. Себебі, Қарағанды облысында суға сұраныс тек елдімекендермен шектелмесе керек. Кейінгі жылдардағы қуаң климат, әсіресе, суармалы егіншілік үшін әр текше метр судың тиімділігі маңызды. Сондықтан, өңірде суармалы жерлерді айналымға енгізу мен су үнемдеу технологияларын кеңейту қатар жүргізіліп келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өкілдерінің мәліметінше, өңірдегі суармалы жерлердің жалпы көлемі 105,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы құрылымдарына бекітілгені – 84,6 мың гектар. Бұл – жалпы суармалы жер қорының 80 пайызына тең. Қазіргі таңда осы алқаптың 46,5 мың гектары айналымға енгізіліп, нақты пайдаланылды.

– Былтыр 9,6 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Биыл суармалы жерлердің көлемін тағы 6,2 мың гектарға ұлғайтып, 52,7 мың гектарға жеткізу жоспарда. Суармалы жерді айналымға енгізу, әсіресе, климаттық тәуекел күшейген кезеңде маңызды. Қуаңшылық жылдары табиғи ылғалға ғана сену өнімділікке қауіп төндіреді. Ал, суармалы егіншілік шаруаларға өнім көлемін тұрақтандыруға, мал азығы қорын нығайтуға, картоп, көкөніс, дәнді және азықтық дақылдар өндірісін жоспарлы жүргізуге мүмкіндік береді. Бірақ, оның тиімділігі суды қаншалықты үнемдеп пайдалануға тікелей байланысты, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Суармалы жерді көбейту суды көбірек жұмсау дегенді білдірмеуі тиіс. Керісінше, қазіргі талап – әр гектарға берілетін судың есебін нақтылап, шығынды азайту. Сондықтан, суармалы егіншілікті дамыту су үнемдеу технологияларын енгізумен қатар жүріп келеді.
Басқарма өкілдерінің дерегінше, өңірде су үнемдеу технологияларының ішінде жаңбырлатып суару тәсілі кеңірек қолданылады. Бұл әдіс негізінен картоп, дәнді және азықтық дақылдар алқабында тиімді. Ал, көкөніс және картоп алқаптарында тамшылатып суару тәсілі де енгізіліп жатыр. Яғни, әр дақылдың ерекшелігіне қарай суару жүйесі таңдалады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңбырлатып суару көліктерін жаңартуға ден қойған. Қазіргі таңда облыста мұндай техниканың саны 273 бірлікке жетті.
Су үнемдеу технологияларын енгізген шаруашылықтар саны да біртіндеп артып келеді. 2023 жылы облыста мұндай шаруашылықтар саны 95 болса, 2024 жылы 101-ге жетті. Басқарма мамандарының мәліметінше, су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруашылықтарда өнімділік орта есеппен 15-30 пайызға артады. Су тұтыну көлемі 30-50 пайызға дейін азаяды. Ал, өндірістің жалпы тиімділігі мен табысы 10-25 пайызға дейін жоғарылайды.
Қай аудандар алда?
Су үнемдеу технологиялары облыстың барлық ауданында бірдей қарқынмен енгізіліп жатқан жоқ. Бұл ең алдымен, әр өңірдің табиғи-климаттық ерекшелігіне, суармалы жер қорының көлеміне, шаруашылықтардың мамандану бағытына және суару инфрақұрылымының мүмкіндігіне байланысты.
Басқарма дерегінше, облыс бойынша су үнемдеу технологияларын қолданатын аудан – Абай ауданы. Мұнда 14,9 мың гектар алқапта тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдері қолданылады. Одан кейін Бұқар жырау ауданында – 10,4 мың гектар, Осакаров ауданында – 9,1 мың гектар, Нұра ауданында – 8,9 мың гектар алқап су үнемдеу технологияларымен қамтылған. Шет ауданында бұл көрсеткіш 2,5 мың гектарды, Қарқаралы ауданында 350 гектарды құрайды.
Абай ауданында «Шанс» шаруа қожалығы, «Астра Агро» ЖШС, «Достық 2018» ЖШС, «Жанат» өндірістік кооперативі, «Агрофирма Құрма» ЖШС сияқты шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын қолданып келеді. Нұра ауданында «Шахтерское» ЖШС, «Черниговское» ЖШС, «Асхат» шаруа қожалығы, «Қоғабаев» шаруа қожалығы осы бағытта жұмыс жүргізуде. Осакаров ауданында «Евразия Инвест LTD» ЖШС мен «Найдоровское» ЖШС, ал, Бұқар жырау ауданында «Баймырза Агро-2018» ЖШС, «Дарас ЛТД» ЖШС және «Киров атындағы» өндірістік кооперативін атап өтуге болады.
Шығынның бір бөлігі өтеледі
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған инвестициялық салымдар кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің шығынының бір бөлігі субсидияланады. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, мұндай шығынның 50 пайызы өтеледі. Сонымен қатар, қаражат болған жағдайда жергілікті бюджет есебінен қосымша 30 пайызға дейін субсидиялау қарастырылған.
Бұдан бөлек, «ҚазАгроФинанс» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қызмет бағыты мен қажеттілігіне қарай түрлі қаржылық құралдар мен несиелеу бағдарламалары ұсынылады. Мұндай қолдау шаруашылықтарға қымбат техниканы бірден толық қаражатқа сатып алмай, кезең-кезеңімен жаңаруға мүмкіндік береді.
Былтыр осы бағыттағы мемлекеттік қолдау көлемі – 2 млрд 535,9 млн теңге. Оның ішінде су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялау бағдарламасы аясында 14 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге жалпы сомасы 343,9 млн теңге бөлінген. Ал, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған инвестициялық салымдар бойынша, оның ішінде жаңбырлатып суару машиналарын сатып алуға 2 млрд 192 млн теңге субсидияланды.
Әйткенмен, бір ескеретін жайт бар. Бұл технологияларға көшу барлық шаруашылық үшін бірдей жеңіл емес. Жабдық құны, құжат рәсімдеу, су көзіне қолжетімділік, электр энергиясына кететін шығын және сервистік қызмет мәселелері әлі де өзекті. Сондықтан, мемлекеттік қолдау тек қаржы бөлумен шектелмей, шаруаларға түсіндіру, сүйемелдеу және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарымен қатар жүруі қажет.
Су үнемдеу технологияларының тиімділігі ең алдымен, шаруашылықтың нақты көрсеткішінен байқалады. Дәстүрлі суару тәсілінде судың бір бөлігі топыраққа сіңбей, буланып немесе артық ағып кетуі мүмкін. Ал, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері суды дақылдың қажетіне қарай дәл мөлшермен беруге мүмкіндік жасайды.
Мұндай технологиялардың тағы бір артықшылығы – шаруашылыққа өндірісті алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Су біркелкі берілген жерде дақылдың өсуі де тұрақты. Бұл әсіресе, картоп, көкөніс және азықтық дақылдар үшін маңызды. Өнім көлемі тұрақтанған сайын шаруашылықтың нарыққа шығу мүмкіндігі де артады, ал мал азығы қорының нығаюы мал шаруашылығындағы түйткілді тарқатады.
Су үнемдеу жүйелері климаттық өзгерістер жағдайында да өзекті. Қуаңшылық жылдары табиғи ылғал жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай кезде жаңбырлатып немесе тамшылатып суару жүйесі егістікті сақтап қалудың маңызды құралына айналады.
Дегенмен, тиімділік әр шаруашылықта бірдей бола бермейді. Ол су көзінің тұрақтылығына, техниканың сапасына, электр энергиясына, агрономиялық күтімге және шаруашылықтың суару тәртібіне байланысты. Яғни, су үнемдеу технологиясын орнату – жеткіліксіз. Оны дұрыс пайдалану, жүйелі күтіп ұстау және су есебін нақты жүргізу де маңызды.
Кедергі неде?
Су үнемдеу технологияларының тиімділігі айқын болғанымен, оны барлық шаруашылыққа бірдей енгізу оңай емес. Бұл бағыттағы басты мәселе – технологияның қымбаттығы ғана емес, суармалы егіншілікке қажетті тұтас инфрақұрылымның жағдайы.
Басқарма дерегінше, кей өңірлерде суармалы егіншілікті дамытуға су ресурстарының шектеулілігі, суару инфрақұрылымының тозуы, су үнемдеу технологияларының қымбаттығы және суды жеткізуге жұмсалатын электр энергиясы шығындарының жоғары болуы кедергі келтіреді. Сонымен қатар, су шаруашылығы нысандарын жаңғырту және заманауи суару жүйелерін кеңінен енгізу қажеттілігі сақталып отыр.
Бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, су көзі жеткілікті болғанымен, оны егістікке жеткізетін құбыр немесе канал тозған болса, шығын көбейеді. Суару жүйесі жаңа болғанымен, электр энергиясына кететін шығын жоғары болса, шаруашылықтың өндірістік шығыны артады. Ал, техника қымбат болған жағдайда ұсақ және орта шаруашылықтар су үнемдеу технологиясына бірден көше алмайды.
Ауылдық елдімекендерді ауызсумен қамту жүйесінде де ұқсас мәселе бар. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыс бойынша су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 4 895,51 шақырымды құрайды, орташа тозу деңгейі – 45,8 пайыз. Жекелеген елдімекендерде желілердің тозуы, су көздері дебитінің төмендеуі, электр энергиясының үзілуі немесе апаттық жағдайлар уақытша шектеулерге себеп болуы мүмкін.
– Ауылдық елдімекендерді сумен жабдықтаудың негізгі су көздері ретінде жерасты сулары пайдаланылады. Су тұтынушыларға су көбіне ұңғымалар арқылы алынатын жерасты су көздерінен жеткізіледі. Сондықтан, су көздерін тиімді пайдалану, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту және су шығындарын азайту маңызды. Облыс үшін алдағы жылдардағы негізгі міндеттердің бірі – сумен жабдықтау инфрақұрылымының тозу деңгейін төмендету, – дейді Бақытбек Ақпаров.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы су пайдалану мен елдімекендерді ауызсумен қамту жүйелері де белгілі бір деңгейде ортақ су ресурстарына тәуелді. Әсіресе, жаз мезгілінде егістік пен мал шаруашылығында су тұтыну артып, су көздеріне түсетін жүктеме көбейеді. Бұл су есебін нақты жүргізудің, су шығынын азайтудың және әр салада үнем мәдениетін қалыптастырудың маңызын арттырады.
Тәжірибе сөйлесін
Су үнемдеу технологиясының нақты нәтижесін шаруашылық тәжірибесінен көре аламыз. Қарқаралы ауданындағы «Атамекен» шаруа қожалығы кейінгі жылдары дәстүрлі дақылдармен шектелмей, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бет бұрған. Қожалық жетекшісі Сламбек Хидаятұлы былтыр аудан тарихында алғаш рет 300 гектар жерге күнбағыс екті.
Қожалыққа 1130 гектар суармалы жер тиесілі. Қазіргі таңда шаруашылықта 5 суару техникасы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта егілетін дәнді дақыл түріне қарай техниканы көбейту жоспарланған. Қазір Ақбұлақ өзенінен тартылған су арқылы 500 гектар алқап суарылып жатыр. Шаруашылық иесінің айтуынша, мұндай техника егістікті тиімді әрі үнемді суаруға мүмкіндік береді.
– Су үнемдеу қашан да өзектілігін жоймайды. Әсіресе, экологиялық ахуал күрделеніп тұрған тұста технологияны тиімді қолданып, оның тілін меңгеруіміз қажет. Егінжайдың іргесінде өзен болғанымен, суды оңды-солды пайдалана беруге болмайды. Ертеңнің де қамын ойлау керек. Су бар деп ысырап жасауға болмайды, – дейді шаруашылық иесі.
Су үнемдеу технологиялары туралы айтқанда, әңгіме тек егістік басындағы техникамен шектелмеуі тиіс. Су ресурсын ұтымды пайдалану мәдениеті ауылдағы әр үйдің тұтыну тәртібінен де, шаруашылықтың суару жүйесінен де басталады. Бір жерде су есептегіш құралдары нақты тұтынуды бақылауға мүмкіндік берсе, екінші жерде жаңбырлатып немесе тамшылатып суару жүйелері әр гектарға берілетін судың мөлшерін реттейді.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, халық арасында су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар, сумен жабдықтау ұйымдары тұтынушыларды су есептеу құралдарымен қамту, оларды уақытылы тексеру және есепке алу жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс атқарып келеді. Мұндай құралдар тұтынылған судың көлемін нақты есепке алып, ысырапты азайтуға ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығында да осы қағида өзекті. Суармалы жер көлемі ұлғайған сайын суды есепсіз жұмсау мүмкіндігі азаюы тиіс. Өйткені, су көздері шектеулі жағдайда әрбір текше метр судың қайтарымы маңызды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



