АймақБалқаш

Туризмді инфрақұрылым тұғырландырады

Туризмді дамыту үшін ең алдымен сапалы инфрақұрылым қажет. Бұл ұғымға қала келбеті, жолдардың сапасы, жарықтандыру жүйесі, медициналық қызмет көрсету және өзге де базалық жағдайлар кіреді. Яғни, демалушыға жайлы орта қалыптастыру – туристік саланың негізгі талабы. Себебі, туристер белгілі бір қызмет үшін қаржы төлейді. Сәйкесінше, олар сол қаржыға лайық сапалы сервис күтеді. Осы тұрғыдан алғанда, Балқаш қаласында инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүзеге асып келеді. Қала көшелері абаттандырылып, жол инфрақұрылымы жақсартылған. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету жүйесі де заманауи талаптарға сай. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 қазанда Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында Балқаш қаласының әуежайын жаңғырту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгінде бұл тапсырма толық орындалып, жаңартылған әуежай алғашқы рейсін қабылдады.

Коллажды жасағанАрайлым Коктаева

Әлеуеті артқан әуежай

Әуежайды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары бірнеше жыл бойы жүйелі түрде жүргізілді. Атап айтсақ, 2024 жылы №2 рульдеу жолы мен перронды реконструкциялау жобасы толық аяқталған. 2025 жылы арнайы техникаларға арналған ғимараттың құрылысы салынып, әуежайдың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 10 бірлік заманауи аэродромдық техника сатып алынды. Ал, биыл аэровокзал ғимараты толық жаңғыртудан өтті. Тарихи сәулеттік келбеті сақталғанымен, нысанның ішкі кеңістігі мен инженерлік-техникалық инфрақұрылымы халықаралық талаптарға сай толық жаңартылыпты. Әуежайға жаңа буындағы тексеру және бақылау жабдықтары орнатылып, келушілер залына багаж тасымалдайтын конвейерлік лента іске қосылды. Сонымен қатар, ғимарат заманауи жиһаздармен және кеңсе техникасымен толық жабдықталып, электрондық ақпараттық таблолар орнатылды.

Әуежай инфрақұрылымын кеңейту мақсатында екі қосымша нысан салынған. Келу және ұшу залы мен 12 арнайы көлікке арналған көлік тұрағы бой көтерді.

Жолаушыларға қолайлы жағ­дай жасау үшін бірінші және екін­ші қабатта ана мен бала бөлме­сі жабдықталған. Одан бөлек, ме­дициналық пункт, қоғамдық та­мақтану орыны, мүмкіндігі шек­теулі жандар үшін пандус та қой­ылып, арнайы дәретханалар да жасалған.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

– Балқаш әуежайының іргетасы 1960 жылы қаланған. Жаңғыр­ту жұмыстары кезінде облыс басшылығы нысанның тарихи және сәулеттік келбетін сақтау қажеттігін тапсырған. Нәтижесінде, ғимараттың бастапқы архитектуралық ерекшелігі толық сақталды. Әуежайда санитарлық-тұрмыстық нысандар мен қызмет көрсету инфрақұрылымы қолданыстағы стандарттар мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде әуежай бір сағатта 80 жолаушыға дейін қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Балқаш әуежайы көлемі жағынан шағын әуежайлар санатына жатады. Қазіргі уақытта әуежай арқылы екі бағыт бойынша тұрақты әуе қатынасы жүзеге асырылуда. Алдағы кезеңде орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұшу бағыттарының географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Осы мақсатта салалық министрлікпен бірлесіп, Шымкент және Жезқазған қаласына қосымша әуе рейсін ашу мәселесі қарас­тырылуда, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев.

Қазіргі уақытта орындалып жатқан рейстер туристік маусымға орай ұйымдастырылғанымен, әуежайдың қызметі тұрақты негізде жалғаспақ. Әуе билеттерінің құны әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау бағдарламасы аясында бекітілген тариф бойынша сатылуда. Бүгінде «Балқаш-Астана» және «Балқаш-Алматы» бағытындағы билет бағасы – 16 мың теңге. Рейстердің жиілігі де жолаушылар сұранысына сай ұйымдастырылған. «Балқаш-Астана» бағыты бойынша ұшақ күнде ұшса, Алматыға аптасына алты мәрте қатынайды екен. Бұл бағыттарға «Qazaq Air» және «SCAT» әуе компаниялары қызмет көрсетеді.

Әуежайды жаңғырту жобасы республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылған. Жалпы, жоба құнының 90%-ы республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған 10%-ы облыстық бюджет есебінен.

– Жобаны қаржыландыру ке­зінде қайтарылған активтер есебінен құрылған арнайы мемлекеттік қордың қаражаты пайдаланылды. Атап айтқанда, аэровокзал ғимаратын жаңғырту жұмыстарына аталған қордан – 900 миллион теңге бөлінді. Жалпы алғанда, әуежай терминалын реконструкциялауға – 3,2 миллиард, рульдеу жолы мен перронды жаңарту жұмыстарына – 3,1 миллиард теңге жұмсалды. Бүгінде жолаушылар үшін әуе билеттерінің құны рейстердің облысаралық әлеуметтік маңызы бар бағыт санатына енуіне және мемлекет тарапынан субсидиялануына байланысты арзан саудалануда. «Балқаш-Астана» және «Балқаш-Алматы» бағыты бойынша әуе қатынасы Көлік министрлігі тарапынан толық көлемде субсидияланады.
Жалпы, аталған екі бағыттағы рейсті қолдауға жыл сайын шамамен 310 миллион теңге бөлінеді. Соның нәтижесінде тұрғындар үшін билет бағасы қолжетімді деңгейде сақталып отыр. Нарықтық құнмен есептеген жағдайда мұндай бағыттардағы әуе билеті шамамен 40 мың теңге болар еді, – деді Мақсат Мұқашев.

Қазіргі таңда Балқаш әуежайында 92 адам қызмет етеді. Дегенмен, мұнда да білікті мамандар тапшы. Әсіресе, әуе қозғалысын басқарушылар, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері және басқа да салалық мамандар жетіспейді. Соған қарамастан, әуежай басшылығы кадр мәселесін кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.

– Қазіргі таңда әуежайда жолаушылар ағынын реттеуге арналған арнайы қоршаулар мен бағыттау жүйелері орнатылып, барлық үдеріс қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына сай ұйымдастырылды. Алдағы уақытта ғимараттың екінші қабатына көтерілетін лифт орнату да жоспарланған. Біздің негізгі мақсатымыз – транзиттік жолаушылар ағынын арттыру. Мәселен, бүгінде Қарағанды мен Шымкент арасында әуе рейстері қатынайды. Алайда, бұл бағыттағы рейстердің жүктемесі жоғары емес. Егер осы маршрут Балқаш арқылы транзиттік схемаға қосылса, Балқаш пен Қарағанды арасындағы әуе қатынасын дамытуға мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар, жолаушылар Балқаштан Шымкентке де ыңғайлы қатынай алар еді. Қазір бұл мәселе әуе компаниясымен келіссөздер аясында қарастырылып жатыр, – деді Балқаш әуежайының директоры Мейрамбек Мырзахметов.

Әуежайдың екінші қабатында туристік ақпараттық орталық жұмыс істеп тұр. Мұнда келген жолаушыларға Балқаштың көрікті орындары, демалыс аймақтары мен туристік нысандары жайында жан-жақты ақпарат ұсынылуда. Орталық мамандары туристерге бағыт-бағдар беріп қана қоймай, қосымша өңірдегі туристік маршруттармен таныстырады. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, ақпараттық орталықта цифрлық сервистер де қолжетімді.

– Арнайы QR-кодты сканерлеу арқылы өңірдегі барлық көрікті орындар жайында ақпарат алуға болады. Мәселен, Балқашқа келген туристер алдағы уақытта Қарқаралы өңіріне немесе Бектауатаға саяхат жасауды да жоспарлай алады. Бізде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-бот іске қосылған. Туристер WhatsApp арқылы дауыстық хабарлама жолдап, өздерін қызықтырған кез келген сұраққа жауап ала алады. Мысалы, «Мен Балқаш қаласына келдім. «Жемчужина» қонақ үйіне қалай жетуге болады?» деген сауал жолдаса, қажетті ақпарат пен бағыт WhatsApp арқылы бірден жіберіледі. Пайдаланушылар демалыс орындарының қызметі мен мүмкіндіктері туралы толық мәлімет ала алады, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Жаңарған жағажай жан сергітеді

Қала орталығындағы бірінші жағалау – тұрғындар мен қала қонақтары ең көп жиналатын демалыс орындарының бірі. Аталған аумақ 2023-2024 жылдары толықтай күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда жалпы аумағы 7 гектарды қамтитын жағалауды жаңғырту жұмыстары қайта жасалған. Ол үшін 1,9 миллиард теңге бөлініпті.

Жағалауды қайта жаңарту жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – аумақты абаттандыру. Бүгінде бұл жұмыстар толық аяқталған. Нәтижесінде, балаларға арналған ойын және спорт алаңы орнатылып, көлеңкелі демалыс орындары, заманауи субұрқақ пайдалануға берілді. Серуендеуге арналған кеңістіктер де талапқа сай жабдықталыпты. Ал, жобаның екінші кезеңі аясында көл жағалауы мен су айдынын тұрмыстық және табиғи қалдықтардан тазартуға бағытталған.

– Өткен жылы Балқаш көлінің осы бөлігін тазарту жұмыстары қолға алынды. Су айналымын жақсарту мақсатында бұрын рұқсатсыз салынған пирстер кезең-кезеңімен алынып жатыр. Көл жағалауындағы қамыс пен түбіне жиналған лай қабаты тазартылып, оның орнына жаңа құм төселеді. Қазіргі уақытта мердігер ұйым аталған жұмыстарды жүргізуде. Жоба өткен жылдың күзінде басталған. Мердігер компанияның жоспарына сәйкес, биыл күзге дейін ұзындығы үш шақырымды құрайтын және ені шамамен 200 метр болатын су айдыны толық тазартылуы тиіс. Туризм саласын жүйелі дамыту мақсатында облыс әкімінің тапсыр­масымен қала әкімдігі құрылымында жеке туризм бөлімін аштық. Абаттандырылған жағалау аумағын алдағы уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі өз балансына қабылдайды. Қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін нысан ресми түрде осы бөлімнің қарауына өтеді. Одан кейін жағалау аумағын тиімді пайдалану және туристік инфрақұрылымды дамыту үшін арнайы конкурс ұйымдастырылып, жекелеген учаскелер инвесторларға жалға беріледі. Қазірдің өзінде бұл аумаққа қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер бар. Олардың қатарында сахна, бассейн салуды және жағажай волейболын дамытуды жоспарлап отырған инвесторлар да кездеседі, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

«Алматы-Екатеринбург» халық­аралық автодәлізінің, оның ішінде «Алматы-Астана» бағыты бойынша автобанның бастапқы жобасы Балқаш қаласын айналып өтуді көздеген болатын. Соның салдарынан бұрын қала арқылы өтетін көлік ағынының бағыты өзгеріп, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары мен кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына кері әсер ету қаупі төнетіні әубастан белгілі еді. Осы жағдайды ескере отырып, қала әкімдігі жаңа экономикалық даму жобасын әзірлеп, оны жүзеге асыру үшін алдын-ала арнайы аумақ белгілеп қойған. Бүгінде жаңа жоба аясында 14 гектарды құрайтын «Капля» атауымен жаңа бизнес алаңы құрылған. Оның жеті гектары аукцион арқылы инвесторларға берілген. Қазіргі уақытта инвесторлар аталған аумақта өз жобаларын іске асыруға кірісіп кеткен.

Ең бірінші болып жыл басында «Gas Energy» автожанармай құю станциясы пайдалануға берілді. Енді алдағы уақытта жолдың қарсы бетіне, яғни, Шұбартүбек пен Тораңғалыққа баратын жолдың бойында ірі жанармай құю кешендерін салуға арналған үш жер учаскесі қарастырылып отыр.

– Жол бойындағы қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер тарапынан қосымша сұраныс артты. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орындары, шиномонтаж, автосервис және техникалық қызмет көрсету орталықтары үшін жер телімдерін бөлу мәселесі өзекті болып тұр. Бастапқыда қарастырылған 14 гектар аумақ бұл сұранысты толық қамтамасыз етпейді. Осыған байланысты аталған учаскеге іргелес аумақтан тағы 40 гектар жер бөлінді. Оның 20 гектары жолдың сол жағынан, 20 гектары оң жағынан. Жалпы, аумақта шамамен 80 жер телімі кәсіпкерлерге жалға берілмек. Бұл аумаққа су және кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау желісі тартылып, негізгі автожолдан кіреберіс жолдар салынады. Қазіргі таңда аталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, – деді Сапар Сатаев.

«Қарағанды-Балқаш» автожол учаскесінде көлік құралдарының салмағын автоматты түрде өлшейтін, жүргізушілердің жай-күйін бақылауға және ескертуге арналған 14 лазерлік жүйе орнатылған. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында тосқауыл қоршауларға жарық шағылыстырғыш элементтері қойылыпты.

– «Қарағанды-Балқаш» автожолының бойында 18 демалыс аймағы бар. Әрі жалпы ауданы 172 шаршы метрді құрайтын төрт жылы санитарлық-гигиеналық модуль орнатылған. Бұл нысандарда сауда орындары, ерлер мен әйелдерге арналған санитарлық бөлмелер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді орта қарастырылған. Бұдан бөлек, намазхана мен ана мен бала бөлмелері де жұмыс істейді. Жол бойындағы қызмет сапасын арттыру мақсатында 30 ақпараттық және бағыттаушы арқа орнатылған. Бұрын бұл бағыттағы автожол үшінші санатқа жататын. Бүгінде бірінші санатқа көтерілді. Сәйкесінше, жол-көлік оқиғалары едәуір азайды. Бірақ, қазіргі таңда жүргізушілердің шаршап, ұйықтап кету жағдайлары көп тіркелген. Сондықтан, осындай бекеттер көп орналастырылуда, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды филиалы директорының орынбасары Нұрсұлтан Елемесов.

Медициналық көмек сапасы көңіл көншітеді

Балқаш қаласының көпсалалы ауруханасы – Солтүстік Балқаш өңіріндегі ең ірі медициналық мекемелердің бірі. 343 төсек-орынға шақталған аурухана көпсалалы құрылым ретінде барлық негізгі медициналық бағыттар бойынша қызмет көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қайтарылған активтер есебінен ауруханаға 1 миллиард 250 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бүгінде жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

2024 жылдан бастап «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында қабылдау бөлімі мен бірінші қабатта екі операциялық блок іске қосылды. Оның бірі – шұғыл хирургиялық араласуларға арналған бөлім болса, екіншісі – жүрек-қантамыр жүйесі ауруларына шұғыл көмек көрсетуге бағытталған операциялық бөлімше. Сонымен қатар, медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ангиографиялық операциялық блок салынып, қабылдау бөлімін кеңейтуге арналған қосымша ғимарат бой көтерді. Заманауи ангиографиялық құрылғы да пайдалануға беріліп, диагностика мен емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік жасалды. Бұдан бөлек, «Қамқорлық» корпоративтік қорымен бірлесіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылған.

– Бұл аурухана бұрынғы жобамен салынғандықтан, бастапқыда операциялық блоктар жоғары қабаттарда орналасқан еді. Шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде бұл жағдай уақыт жоғалтуға әкелетін. Осы мәселені ескере отырып, қосымша ғимарат салынып, бірінші қабатта жаңа операциялық блоктар ашылды. Жалпы, емдеу мекемесі туристік маусымға толық дайын. «Екатеринбург-Алматы» халықаралық автодәлізі бойымен өтетін жолаушыларға да жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, Тораңғалық және Шұбартүбек елдімекенінде медициналық пункттер тұрақты жұмыс істеп тұр, – деді аурухана директоры Серікбол Түсіпбеков.

2024-2026 жылдар аралығында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында ауруханаға бірқатар заманауи медициналық жабдық жеткізілді. Атап айтқанда, 1,5 теслалық магнитті-резонанстық томография (МРТ) аппараты және 64 тілімді компьютерлік томография (КТ) құрылғысы, нейрохирургиялық микроскоп та алынған. Перзентхана бөлімшесі де жаңа жабдықтармен толықтырылып, кювездер мен кардиотокография (КТГ) аппараты орнатылыпты. Аталған медициналық техникаларды сатып алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.

– Жалпы, ауруханада 900-ден астам қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде шамамен 150-і – дәрігерлер, 500-ге жуығы – орта буын медициналық қызметкерлері. Дегенмен, мекемеде дәрігер тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы кезеңде екі интервенциялық кардиолог пен екі сәулелік диагностика дәрігері жұмысқа қабылданды. Бір дәрігеріміз Санкт-Петербургте біліктілігін арттырып, сәулелік диагностика бағыты бойынша арнайы даярлықтан өтті. Биылдың өзінде ауруханаға бес жаңа дәрігер қабылданды. Олардың қатарында бір травматолог, екі сәулелік диагностика маманы және екі интервенциялық кардиолог бар. Тамыз айында резидентураны аяқтайтын жас мамандар – уролог, хирург және терапевттер келеді деп күтілуде, – деді Серікбол Жақанұлы.

Мекемеде білікті мамандар да тәжірибесін толықтырып, кәсіби қызметін жалғастыруда. Солардың бірі – Тараз қаласының тумасы Абибулла Шакенбай. Өзі 2024 жылы Балқаш қаласына қоныс аударып, көпсалалы ауруханаға травматолог-ортопед ретінде жұмысқа қабылданған. Бүгінде қабылдау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда. Дәрігердің жұбайы да осы ауруханада еңбек етеді. Екеуі медицина мекемесі жанынан салынған «Дәрігерлер үйінде» тұрып жатыр. Тәжірибелі маман осы уақытқа дейін көптеген күрделі ота жасап, талай науқастың өмірін сақтап қалған. Алдағы уақытта аса ауыр халде жеткізілетін пациенттерге де күрделі хирургиялық оталарды өзі жасайды.

– Балқашта шамамен 80 мың адам тұрғанымен, қаланың қызмет көрсету аумағы 150 мың тұрғынға шақталған. Жазғы шомылу маусымы басталған кезде туристер легінің көбеюіне байланысты халық саны екі, тіпті, үш есеге дейін артады. Мұндай кезеңде шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі ерекше маңызды. Бүгінде біз осы кезеңге толық дайынбыз, – деді Абибулла Сейфуллаұлы.

Көкше көлдің жағасындағы қала жыл санап көркейіп келеді. Туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары да артып отыр. Дегенмен, бұл саладағы әлеуетті толық іске асыру үшін алдағы уақытта әлі де бірқатар маңызды бастамалар жүзеге аспақ. Бүгінде негізгі міндеттердің бірі – демалушылар ағынын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде қолға алынса, қалаға келетін қонақтар саны да арта түсері сөзсіз. Сала мамандарының пікірінше, аталған мәселе де алдағы кезеңде өз шешімін табады деп күтілуде.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button