АймақБас тақырып

Қарағандыда «Taza Aimaq» экофестивалі өтіп жатыр

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Қарағандыдағы Орталық саябақта «TAZA AIMAQ» атты ауқымды экофестиваль өтіп жатыр. Шараға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысты.

Суреттер «Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы» КММ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен шараның басты мақсаты – қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және жастар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру. Іс-шараны Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – экологиялық мәселелерге қоғам назарын аудару, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, жастар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатты сақтау құндылықтарын насихаттау, – дейді Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының ақпараттық саясат және коммуникация бөлімінің басшысы Аружан Қосдәулетова.

Фестиваль аясында саябақ алаңында бірнеше тақырыптық аймақтар жұмыс істеді. Эко-аймақта келушілерге қалдықтарды бөлек жинау қағидаларын таныстыратын эко-трак пен қайталама шикізат қабылдау станциясы орнатылды. Сондай-ақ, қатысушылар арнайы велошредерлер педальдарын айналдыру арқылы пластик қақпақтарды өз күштерімен ұсақтады. Ал қайта өңдеу аймағында мамандар балқыту аппараттарының көмегімен сол шикізаттан кәдесыйлар дайындау жолдарын көрсетті.

Жергілікті шеберлер өздерінің эко-өнімдері мен апсайклинг бұйымдарын ұсынды. Сонымен қатар, балалар мен ересектерге арналған танымдық эко-ойындар ұйымдастырылды. Шара барысында ең белсенді қатысушыларға «Таза Қазақстан» логотипі бар шопперлер мен кеселер үлестіріліп, лотерея билеттері таратылды. Фестиваль соңында концерттік бағдарлама өтіп, лотерея ойнатылды. Ұтыс нәтижесінде тұрғындар велосипед, велотренажер, планшет, туристік шатыр және басқа да бағалы сыйлықтарға ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара өңірдегі экологиялық мәдениетті дамыту мен тұрақты даму қағидаттарын насихаттаудың маңызды алаңына айналды.

Аяжан АЙДЫНҚЫЗЫ
ҚарҰЗУ-дің ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button