Қарағандыда педагогтердің алғашқы жасанды интеллект турнирі өтті
Қарағанды облысында алғаш рет педагогтер арасында жасанды интеллект бойынша облыстық турнир ұйымдастырылып, өңірдің ең үздік цифрлық командалары анықталды. Бір айға созылған байқау мұғалімдердің жаңа технологияларды білім беру үдерісіне тиімді енгізуге дайын екенін көрсетіп, жасанды интеллекттің мектептегі болашағына қатысты маңызды бастамаларды ортаға салды.

Ауқымды байқау 15 мамыр күні басталып, алғашқы кезеңде ZOOM платформасы арқылы өткен жеке іріктеуге облыстың түкпір-түкпірінен 238 педагог қатысты. Кейін, 22 мамырда ұйымдастырылған өңірлік командалық кезеңде 19 команда құрамындағы 90 мұғалім өзара бақ сынасты.
Финалдық кезеңге үздік шыққан 11 команда жолдама алды. Қарағандыға Шет, Нұра, Осакаров аудандары мен Теміртау, Балқаш және Приозерск қалаларынан келген 55 педагог күні бойы жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, білім беру саласына арналған инновациялық жобаларын әзірлеп, қорғаған.

Турнир аясында өткен «Білім берудегі AI-технологиялар: тәжірибе, практика және инновациялар» атты пленарлық отырыста сарапшылар мен білім саласының басшылары жасанды интеллектіні мектеп жүйесіне енгізудің келешегін талқылады.
Қарағанды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақыткүл Әбдікерованың айтуынша, жасанды интеллект мұғалім жұмысының тиімділігін едәуір арттырады.
– Жасанды интеллектіні енгізу – жай ғана техникалық жаңару емес, оқыту әдістемесіндегі түбегейлі өзгеріс. Бұрын сабақ жоспарын әзірлеуге аптасына 10 сағатқа дейін уақыт жұмсалса, қазіргі AI-құралдарының көмегімен бұл уақыт 1–2 сағатқа дейін қысқарады. Нәтижесінде педагог оқушымен тікелей жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік алады, – деді ол.
Дөңгелек үстелде қатысушылар жасанды интеллектіні қолданудағы этикалық қағидаларға ерекше тоқталды. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген ұсынымдарға сәйкес, мектептерде оқушылардың жеке деректерін ашық нейрожелілерге енгізуге және эмоцияларды тану технологияларын пайдалануға қатаң тыйым салынған.
Сарапшылардың пікірінше, цифрлық дәуірдің негізгі қағидасы өзгермейді: барлық маңызды шешімді адам қабылдайды, ал жасанды интеллект тек көмекші құрал ретінде қызмет етеді.
Турнир барысында қатысушылар тек теориялық мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты жобалармен де танысты. «Мұрагер» мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Бердібек Қазығұлов пен педагог Қайрат Исмаилов оқушыларымен бірге робототехника мен жасанды интеллекттің үйлесімін көрсететін жобаларын ұсынды.
Сондай-ақ «РОБОНАУРЫЗ-2026» көрмесінде жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздар арнайы марапаттарға ие болды.
Финалдық жобаларды колледждер мен қосымша білім беру ұйымдарының жетекші мамандарынан құралған сараптамалық комиссия бағалады. Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстардың өзектілігіне, практикалық маңызына және академиялық адалдық талаптарына сәйкестігіне ерекше мән берді.
Нәтижесінде облыстың цифрлық көшбасшылары анықталды:
І орын – Шет ауданының командасы. Олар шалғай өңірлердің де жоғары технологиялар саласында тың бастамалар көтере алатынын дәлелдеді.
ІІ орын – Балқаш қаласының командасы. Қатысушылар әдістемелік шешімдерінің жаңашылдығымен ерекшеленді.
ІІІ орын – Қарағанды қаласының №2 командасы. Команда мүшелері жасанды интеллект құралдарын меңгерудің жоғары деңгейін көрсетті.
Турнир өз мәресіне жеткенімен, өңірдегі цифрлық трансформация енді ғана қарқын ала бастады. Алдағы жылдары мектептердің жоғары сыныптарына «Жасанды интеллект негіздері» пәнін енгізу, AI-технологиялармен толықтырылған цифрлық оқулықтарды әзірлеу және жоғары оқу орындарымен бірлесіп бес жыл ішінде 25 мың IT-маман даярлау жоспарланып отыр.
Қарағанды педагогтері бұл турнир арқылы жаңа технологияларды тұтынушы ғана емес, оны білім беру үдерісіне тиімді енгізуші әрі болашақ мамандарды даярлаушы күш екенін көрсетті. Бүгінгі ұстаздардың цифрлық ізденісі ертеңгі инновациялық экономиканың негізін қалайтын жаңа буынның қалыптасуына жол ашпақ.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



